Өткен жыл біздің спортшыларымыз үшін жаман болған жоқ. Әлем чемпионаттарында алтынды да, күміс пен қоланы да алдық. Тіпті қысқы спорт түрлерінен де жүлде ала бастадық. Командалық додаларда да атой салдық. Иә, осындай жетістіктерден кейін жылды қорытындылау әлдеқайда оңай болады екен.
Жер бетінінің барлық құрлықтарын жаулаған жәндіктердің бірі – жылан. Антарктида мен аспаннан басқа жердің барлығына жаппай таралған. Жемтігін түгімен жұтатындары да бар. Кез келген жерге жылдам бейімделіп кететін қасиеттері бар. Барлық белгілі жыландар жыртқыштар тобына жатады.
Жыландарды бекер сөз етіп отырған жоқпыз. Әлемнің қай бұрышындағы аламан болсын, биылғы жылан жылында біздің спортшылар да қарсыластарын қоғадай жапырумен болды. Чемпиондар лигасының іріктеу додасынан бастаған «Шахтер» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңінен бір-ақ шықты. «Қайрат» шағын футбол клубы УЕФА кубогын жеңіп алды. «Астана арландары» WSB додасында топ жарды. Кәсіпқой бокста Геннадий Головкин барлық жекпе-жектерін нокаутпен аяқтады. «Барыс» шайбалы хоккей клубының капитаны Талғат Жайлауов «Жұлдыздар матчына» ілікті.
Қысқы спорт түрлерінде Денис Кузин әлем чемпионы атанса, Денис Тен күміспен күптелді. Алексей Полторанин қола жүлдегер атанды. Жазғы спорт түрлерінде де жағдайымыз жақсы. Бокстан биыл төрт әлем чемпионы шықты. Екеуі екінші орыннан көрініп, тағы екеуі қола жүлдеге қол жеткізді. Олардан бөлек, Азамат Мұқанов дзюдодан, Алмас Өтешев ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Күрестен де дәстүрлі екі қоламызды меншіктедік.
Жалпы, спорттық додаларды ұйымдастыру жөнінен Қазақстан биыл әлем спорт державаларының рейтингінде 27-орыннан көрінсе, қалалар рейтингінде Алматы 17-орынды иемденді.
Енді жылқы жылына да үлкен үміттер артамыз. Әлем чемпионаттары бар, Азия біріншіліктері мен Азия ойындары бар, саңлақтарымыз тағы да жеңістерімен қуанта береді деп сенеміз.
Жылан жылының жампоздары
26 желтоқсан 2013, 13:51
