Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жылан жылында спортшыларымызды қандай додалар күтіп тұр?

27 желтоқсан 2012, 12:59

  Абай ОМАРОВ (коллаж)
2012 жыл қазақ спорты үшін өте сәтті болды. Ал 2013 жыл отандық спорт сүйер қауымның есінде несімен есте қалуы мүмкін? Осы сұрақтарға жауап беру үшін алдағы жылы өтетін қазақстандық спортшылардың оң жамбасына келетін ең ірі спорт додаларын тізіп шығуды жөн көріп отырмыз.
Спорттық тұрғыдан алғанда, өткен жыл, шынымен де, жарылқаған жыл болды. Алдымен жасөспірімдер арасындағы бірінші қысқы Олимпиада ойындарында бір күміс, екі қоланы еншілесек, Ұлыбри­тания астанасы Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында жеті алтын, бір күміс, бес қоламен күллі әлемді мойын­даттық. Дегенмен осы жетістікпен масай­рап қалуға да болмайды. Биікке көтерілу қаншалықты қиын болса, сол биіктен құлау да соншалықты ауыр, яғни шегінерге жол жоқ. Енді тек алға ұмтылуымыз қажет. Оның үстіне тұманды Альбиондағы ала­маннан кейін әлемнің назары қазақ спорт­шыларында болатыны анық. Демек, біздің саңлақтар әр додада барын салып, Лон­дон­дағы жеті алтынның қазақ спорт­шыла­рына кездейсоқ келмегендігін дәлел­деулері тиіс. Жаңа жылдан бастап жазғы жаңа олимпиадалық циклдің бастала­ты­нын да ұмытпағанымыз жөн. Ендеше, келесі жылы қай ірі додаларда қанжыға­мыз қандануы мүмкін? Негізгілеріне тоқ­талайық.
Алдымен, бокстан қазанның 4-і мен 20-сы аралығында Алматыда өтетін әлем біріншілігі жайында айтқанымыз абзал болар. Өз жерімізде боксшыларымыз намысты қолдан бере қоймас. Оның үстіне бұл біріншілік бірінші рет шлемсіз өтпек. Ал мұндай бокстың дәмін алғаш болып біздің жігіттер сезініп көрген бола­тын. Демек, бұл тұрғыда Айтжановтың шәкірт­тері қарсыластарына қарағанда тәжірибе­лілеу болуы тиіс. Тіпті он боксшы­мыз «қол ұстасып», жартылай финалға дейін жетсе де, таңғалмаймыз.
Ауыр атлеттеріміздің әлемдегі бәсі тіптен жоғары. Жер талғамайды. Өз жері­мізде ме, түзде ме, әрдайым көшбасшылар қатарында. Қазанның 16-сы мен 23-і ара­лығында Польша астанасы Варшавада өтетін дүниежүзілік додада да толағай­ларымыз зілтемірлерін ауырсынбайды деген үміттеміз.
Лондон Олимпиадасында көңілімізді қалдырған дзюдошыларымыздың да еңселерін қайта тіктейтін кездері келді. Германиядан келген маман Флориан Ве­лич­тің де білікті бапкер екенін естіп жатыр­мыз. Максим Раков та әлем чемпионаты арқылы айыбын жууы керек. Ендеше, Рио де-Жанейрода өтетін дүние  жүзі додасын­да татами шеберлері де қоржындарын бос әкелмес.
Лондондағы төрт жылдық додадан  кейін балуандарымыздың да бапкерлері өзгерді. Еркін күрестен де, грек-рим және әйелдер күресінен де ұлттық құрама тізгін­дері өзге мамандарға ұстатылды. Қанша­лықты оң шешім болғанын 16-22 қыркүйек аралығында Венгрия астанасы Будапеште өтетін әлем біріншілігінен кейін білетін боламыз.
Міне, бүгінгі таңдағы қазақтың оң жам­басына келетін спорт түрлері – осылар. Де­ген­мен Қазанда өтетін жазғы Универсиа­дадан да үмітіміз мол. Биатлоннан әлем біріншілігінде де жоғары орындардан көрінеміз бе деген дәмеміз бар. Мексикада өтетін таэквондо додасында да жоғары орындардың бірінен көрініп қалуымыз әбден мүмкін. Егер Ольга Рыпакова қаты­сар болса, онда 10-18 тамыз аралығында Мәскеуде өтетін әлем біріншілігінен де бір алтын дәметеміз. Тіпті біз күтпеген спорт түрлерінен де қоржынымыз қомпайып қалуы ғажап емес. Сондықтан есіркеген ескі жылды жылы шығарып салып, келе жатқан жаңа жылдан да үлкен жақсылық­тар күтеміз.

2013 жылы өтетін әлемдік деңгейдегі ең ірі додалар:
11 – 27 қаңтар. Гандбол. Ерлер арасындағы әлем біріншілігі (Испания)
4 – 17 ақпан. Тау шаңғысы. Әлем біріншілігі (Аустрия)
7 – 17 ақпан. Биатлон. Әлем біріншілігі (Чехия)
20 ақпан – 3 наурыз. Шаңғы спорты. Әлем біріншілігі (Италия)
20 – 24 наурыз. Велоспорт (трек). Әлем біріншілігі (Белоруссия)
10 – 14 наурыз. Мәнерлеп сырғанау. Әлем біріншілігі (Канада)
3 – 19 мамыр. Шайбалы хоккей. Әлем біріншілігі (Финляндия/Швеция)
4 – 26 мамыр. Велоспорт. Джиро д’Италия
10 – 11 мамыр. Бокс. WSB финалы (Макао)
15 мамыр. Футбол. Еуропа лигасының финалы (Амстердам)
25 мамыр. Футбол. Чемпиондар лигасының финалы (Лондон)
26 мамыр – 9 маусым. Теннис. Ролан Гаррос (Франция)
17 – 24 мамыр. Ашық суда жүзу. Әлем біріншілігі (Испания)
24 маусым – 7 шілде. Теннис. Уимблдон (Ұлыбритания)
29 маусым – 21 шілде. Велоспорт. Тур де Франс
6 – 17 шілде. Жазғы Универсиада ойындары (Қазан, Татарстан)
19 шілде- 4 тамыз. Су спорты түрлері. Әлем біріншілігі (Испания)
6 – 14 тамыз. Семсерлесу. Әлем біріншілігі (Венгрия)
10 – 18 тамыз. Жеңіл атлетика. Әлем біріншілігі (Мәскеу)
15 – 21 тамыз. Қазіргі заманғы бессайыс. Әлем біріншілігі (Тайвань)
25 тамыз – 1 қыркүйек. Академиялық есу. Әлем біріншілігі (Оңтүстік Корея)
26 тамыз – 1 қыркүйек. Дзюдо. Әлем біріншілігі (Рио де-Жанейро)
26 тамыз – 5 қыркүйек. Көркем гимнастика. Әлем біріншілігі (Украина)
26 тамыз – 9 қыркүйек. Теннис. US Open (АҚШ)
24 тамыз – 15 қыркүйек. Велоспорт. Вуэльта
16 – 22 қыркүйек. Күрес түрлері. Әлем біріншілігі (Венгрия)
21 – 29 қыркүйек. Велоспорт (тас жол). Әлем біріншілігі (Италия)
29 қыркүйек – 6 қазан. Садақ тарту. Әлем біріншілігі (Түркия)
30 қыркүйек – 6 қазан. Спорттық гимнастика. Әлем біріншілігі (Бельгия)
4 – 20 қазан. Бокс. Әлем біріншілігі (Алматы)
16 – 23 қазан. Ауыр атлетика. Әлем біріншілігі (Польша)
21 – 27 қыркүйек. Теннис. WTA қорытынды біріншілігі (Түркия)
2 – 3 қараша. Теннис. Федерация кубогының финалы
4 – 10 қараша. Теннис. АТР қорытынды біріншілігі (Ұлыбритания)
15 – 17 қараша. Теннис. Дэвис кубогының финалы
7 – 22 желтоқсан. Гандбол. Әйелдер арасындағы әлем біріншілігі (Сербия)
11 – 21 желтоқсан. Футбол. Клубтық әлем біріншілігі (Марокко)