Жаңа жыл қалай дегенмен де бәріміз асыға күтетін ерекше мереке және оны әркім өзінше қарсы алғысы, атап өткісі келеді. Қалада немесе далада екендігіне қарамастан, кез келген адам бұл күні жанына жақын туған-туыспен, дос-жаранымен мол дастарқанда бас қосады. Осындай сәттерде думанды кештің шырайын кіргізетіндей мерекелік телебағдарламалар мен жақсы фильмдер көргіміз келетіні анық.
Құпия ұстау және көрерменге тосын сый жасау мақсатында отандық телеарналар жаңажылдық телеэфир мәзірін әлі толықтай жария ете қойған жоқ. Дегенмен жылма-жыл қайталанып келе жатқан дәстүрлі үрдістерден биыл да алшақтай қоюы екіталай. Яғни бұл жолы да телеарналарымыз еліміздегі өнер шеберлерінің қатысуымен өздері арнайы дайындаған «Жаңа жыл түні», «Жаңажылдық думан» тәрізді басқа да шоу-бағдарламаларын ұсынады және қай-қайсынан да «Тамаша», «Шаншар», «Алдараспан», «Нысана» сияқты өзге де әзіл-сықақ театрларының қойылымдары, «Жылдың үздік әндері», «Сағындырған әндер-ай», «Ән мен әнші» концерттері, көпшілікке танымал зиялы қауым өкілдерінің құттықтаулары беріледі. Бұдан бөлек, Ресей телеарналарының хабарлары да қазақстандық көрерменнің «көк жәшігін» еркін жайлары сөзсіз. Олардың қатарында «Новогодняя ночь на Первом», «Голубой огонек», «Новый год на Шабаловке», «Легенды Ретро FM» бағдарламалары бар. Сондай-ақ бәрімізге Одақ кезеңінен жақсы таныс әрі сүйікті комедиялар да бұл күні көрерменмен қайта қауышады. Әсіресе Э.Рязановтың «Ирония судьбы, или с легким паром» фильмін көрсетпейтін телеарна жоққа тән. Сол сияқты «Джентельмены удачи», «Иван Васильевич меняет профессию», «Операция Ы и другие приключения Шурика» картиналары мен М.Задорнов концерті де жұршылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлауға дайын.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, сауалнамаға қатысқан отандастарымыздың 32,7 %-ы Жаңа жыл түнін ресейлік ойын-сауықтық бағдарламаларды тамашалаумен өткізетінін айтса, 20 %-ы отандық телеарналарды көруге ықыласты екендіктерін байқатқан. Сауалнамаға жауап бергендердің 38 %-ы нақты нені қалайтындықтарын ашып айтпаған, олар қолжетімді телеарналардың кез келгенін көруге бар. Ал қазақстандықтардың 8,4 %-ы Жаңа жыл түнін теледидар алдында өткізуге қолайлы уақыт деп есептемейді, сондықтан да ешбір телеарнадан ешқандай хабар көрмейтіндіктерін айтқан.
Жалпы, көтеріңкі көңіл күй – мерекені жақсы өткізудің кепілі. Мұның бір жолы – өмірге құштарлықты арттыратын мәнді, мағыналы кинолар. Бұл орайда, телеарна эфирі көңілінен шықпаған жұрттың іздегені ғаламторда тұнып тұр. Мысалы, мамандар көрерменге тартымды деген картиналар тізімін түзіп те қойған. Тізімнің басында Фрэнк Капрдың 1946 жылы түсірілген «Эта замечательная жизнь» кинокартинасы тұр. Америкадағы танымалдылығы жөнінен бұл фильм өзіміз білетін «Тағдыр тәлкегімен» теңесе алатын көрінеді. Сол сияқты «Один дома» фильмінің 1, 2-ші бөлімдерін де мамандар Жаңа жыл түнінде бүкіл отбасымен немесе достармен бірге отырып көруге лайықты көңілді кинолардың қатарына жатқызады. Сонымен бірге «Фанни и Александр», «Карнавальная ночь» сияқты классикалық фильмдер де мереке рухына сай деп табылған. Үйдегі бала-шағамен бірге неше түрлі сиқырлы оқиғаларға және ондағы басты кейіпкерлердің батылдығына қанығып, бүкіл күйзеліс пен жағымсыз сезімдерден уақытша болса да сергудің, серпілудің тағы бір мүмкіндігі – әрқашан бақытты жағдаймен аяқталатын мультфильмдерді, ертегілерді тамашалау көрінеді. Әрине, біздікі жай кеңес. Бұл түнді кім қалай қарсы алса да, ең бастысы, Жаңа жыл береке-бірлігін, тыныштығын ала келсін, телеэкраннан да, өмірден де көрер жақсылығымыз көп болсын деп тілейік.
Жаңа жылды отандық телеарна алдында қарсы алар күн бар ма?!
26 желтоқсан 2013, 13:53
