Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Астана» Африкаға жол тартты

27 желтоқсан 2012, 12:53

Қазақстанның «Астана» автокомандасы Жаңа жылды Африкада қарсы алады. Жерлестеріміз Сахара шөл даласында Africa Race автожарысына қатыспақ.
Жалпы, бұл жарыстың тарихы да қызық. «Қара құрлық» сахарасын басып өтіп, Сенегал астанасында мәреге жетіп жүрген әйгілі «Дакар» раллиі 2008 жылы өтпейтін болып шешілді. Африкадан террорлық қауіп көп деп ұйғарған ұйым­дастырушылар марафонды Оңтүстік Америкаға ауыстырды. Сол-ақ екен, бос қалған кеңістікті дер кезінде пайдаланған «Дакар» раллиінің бұрынғы спорт дирек­торы Юбер Ориоль тура бұрынғы жарыс жолының үстінен жүріп өтетін Africa Race жарысын ойлап тапты. Бәсекелестің пайда болғанының «Дакар» ұйымдастырушы­ларына да оңай тимегені анық. «Коммер­циялық құпияны жария етті» деп, Ориольді сотқа берді. Бірақ жаңа жарысты тоқтата алма­ды. Рас, алғашында додаға жүк көлігі, мотоцикл, автокөліктерді қосқанда бар­лығы 27-ақ экипаж қатысты. Дегенмен келесі жылы-ақ Africa Race марафонына қатысушылар легі көбейіп шыға келді. Бүгінде бұл жарыс «Дакар» раллиімен толықтай бәсекеге түсе алады. Ал «Астана» командасы екі додаға да саңлақтарын қосты.
Кеше таңертең бір топ журналист «Астана­ны» Африкаға шығарып салдық. Команда құрамында 20 адам бар. Үш экипажға бөлінген. Сондай-ақ тех­никалық топ та әрдайым автошабандоз­дардың жанында болмақ. Оларды төрт көлік алып жүреді. Бірінші экипажды Марат Әбіқаев пен Жанат Жалымбетов басқарса, екінші экипажда – Қанат Шағыров пен Александр Мороз, үшінші экипажда Юрий Сазонов пен Арыслан Сахымов жол бастамақ. 27 желтоқсанда Франциядан бастау алатын жарыс Испания, Марокко, Мавритания жерлерін кесіп өтіп, 2013 жылдың 9 қаңта­рында Сенегал астанасы Дакарда мәресіне жетеді. Жарыс жолының жалпы ұзақтығы 3 мың шақырымнан асатын көрінеді, яғни орта есеппен әр күні автошабандоздар 500 шақырымдай жол жүреді деген сөз. Ал Жаңа жылды жерлестеріміз Мароккода қарсы алмақ.
– 31 желтоқсанда  525 шақырымдық жол күтіп тұр. Қаңтардың 1-інде 451 шақырым жол жүреміз. Сондықтан Жаңа жылды кереметтей күтіп аламыз деп айта алмаймын. Тәуелсіз еліміздің іргесі берік болуы үшін шынымызға сусын құйып ішерміз. Дегенмен құмда қарсы алған Жаңа жылымыздың барлығымыздың да есімізде мәңгілікке қалары анық. Оның үстіне Сахараның ауа райын болжап болмайсың. Әдетте күндіз 25 градус жылы болып тұрады да, түнде бірден -0 градусқа дейін төмендеп кетеді. Ал көліктің ішінде үнемі 40 градус ыстық, – деді қазақстандық команданың мүшесі Александр Линник.
Сонымен, аспан көк түсті киім киген «астаналықтарды» шығарып салып тұрып, елге қашан ораларын сұрадық. Құмды жолда тек мәреге жетуді ғана ойлайтын шабандоздар елге «Алла бұйыртса, 12 қаңтар күні ораламыз» деп көңілді кетті.