Жылдың үздік спортшысы – Елена Хрусталева
2010 жылдың үздік спортшысы – сөз жоқ, биатлоншы Елена Хрусталева. Жыл басында Ванкуверде өткен ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында бұл қызымыз екінші орын алып, 15 шақырымдық қашықтықта күміс медаль жеңіп алды. Қазақ елінің қысқы Олимпиада ойындарынан жүлде ала алмай, жабығып жүргеніне табаны күректей 12 жыл болған. Арманға айналған сол жүлдені Елена ару әперді. Сондықтан сырттан келсе де, Хрусталеваны үздік деп танымасқа амалымыз жоқ. Әйтпесе Ольга Рыпакова да осындай атаққа лайық еді. Біріншіден, өз қызымыз. Екіншіден, Дохада (Катар) өткен жабық иммараттағы әлем чемпионатында үш қарғып секіруден жеңімпаз атанды. Үшіншіден, әлем кубогының жеңімпазы және «әлемнің ең үздік жеңіл атлеті» атағынан үміткерлер тізімінде бел ортада болды. Төртіншіден, XVI жазғы Азия ойындарында 1 алтын және 1 күміс алды (үш қарғып секіруден және ұзындыққа секіруден). Светлана Подобедова және Майя Манеза сынды ауыр атлет екі аруымыздың да жеңістері қос-қостан болды. Екеуі де әлем чемпионы атанып, екеуі де XVI жазғы Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Қазақ қыздары ішінен Зәуреш Байбосынованы атап өткіміз келеді. Зәуреш биыл әлем кубогының кезеңдік сайыстарының бірінде бірінші орын алып, XVI жазғы Азия ойындарында да алтынмен апталды (бірақ командалық сында).
Жылдың үздік бапкері – Энвер Түркелери
Біздің пікірімізше, 2010 жылдың ең үздік бапкері – ауыр атлеттерімізді баптап жүрген түрік маманы Энвер Түркелери. Осы маман келгелі Қазақстан ауыр атлеттері халықаралық аренада үстемдік құра бастады. Олимпиада шыңын да бағындырдық, әлем чемпионаттарында топ жарып жүрміз, Азия ойындары мен чемпионаттарында да алтынмен апталып, күміспен күптеліп жүрміз. Саф алтынды қос-қостан, үш-үштен алатын дәрежеге жеттік. Толағай қыз-жігіттеріміз әлем рекордтарын да жиі жаңартады.
Басқа да білікті бапкерлеріміз баршылық. Әйтсе де бүгінде Эдуард Айрихтей ерен жетістікке жетумен қатар, қазақ жастарын да тәрбиелеуді ұмытпайтын сұңғыла мамандар тым аз... Бас бапкерлердің көбісі жетістікке төте жолмен жетуді көксеп, легионерлерге иек артып, тазы болып шалып жүр.
Жылдың үздік командасы – регбиден әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы.
Биыл регбиші қыздарымыз Қытайда өткен Азия чемпионатында орын алып, төрт айға жуық уақыттан соң Азия ойындарының чемпиондары атанды. Валерий Поповтың шәкірттері бір жылда осындай екі елеулі жетістікке қол жеткізді. Ал ел мақтаған «Астана» велоклубы ұлт намысы таразыға тартылған маңызды додаларда тізгінін тартып жүр. Үздік велоспортшыларымыз Азия ойындары сияқты төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға бармай қалады, ал барғандары қалың көштің ішінен шыға алмай, шаң қауып жүр. Бұл командада ел намысынан гөрі басқадай мүдделер жоғары қойылатын сияқты.
Жылдың «жұлдыз» спортшысы – Илья Ильин
Бұл аталымда соңғы жылдары Сыр өңірінің толағайына бәсекелес бола алатын спортшы табылмай тұр. «Жұлдыз» спортшымыз биыл да жұлдыздығымен жиі көзге түсті. Тіпті бір сәт Ильинді спортшы ретінде жоғалтып алғандай көріндік. Жыл басында өз үлгісіндегі сәнді киімдер шығарумен айналысса, көп ұзамай дауысының жоқтығына қарамастан, «Қазақстан» телеарнасының «Екі жұлдыз» жобасына қатысты. Тіпті мемлекеттік қызметтегі үлкен орындардың біріне де отырғысы келетінін жасырмайтын. Журналистерге сұхбат бергенде де өзін «жұлдыз» ретінде ұстауға тырысатындай ма дейсің. Бір сөзбен айтқанда, Илья Ильин ақырындап шоуменге айналып бара жатқан сияқты. Дегенмен бір қуантатыны, жан-жақтылығымен көзге түсіп, «Алаш айнасының» «жылдың «жұлдыз» спортшысы» атағын алған толағайымыз спорттық бабын жоғалтқан жоқ. Оған Азия ойындарында иеленген алтын медалі куә.
«Жылдың ашылуы» – Данияр Елеусінов
Шыны керек, бұған дейін Данияр Елеусіновті бокстың айналасында жүрген азғана адамдар тобы болмаса, көпшілігі 20 жастағы талантымызды танымайтын. Ал биыл Даниярды тек еліміздің бокссүйер қауымы ғана емес, бүкіл Қазақстан, ол-ол ма, бүкіл Азия таныды. Міне, бір жылдың ішінде осындай танымалдылыққа ие болған Данияр – жылдың ашылуына лайық бірден-бір спортшы. Жыл басында ел чемпионы танылып, жыл соңында Азия ойындарының жеңімпазы атанған саңлағымыз болашақта Олимпиада чемпионы атанады деп үміттенеміз.
«Орындалған арман» - Нұрбол Жұмасқалиев
Футболшы Нұрбол еліміздің алтын медалін 10 жыл сарыла күтті. Он жыл бір ғана командаға адал болып, тек сол командамен ел чемпионы атануға талпынды. Алайда әркез жолы болмай, бірде екінші, бірде үшінші орынды қанағат қылып қала берді. Енді, міне, «Тобылмен» бірге 10 жыл ел біріншілігінің алтын медалін күткен Нұрбол Жұмасқалиев ақыры арманына жетті. Сөйтіп, «Тобылды» чемпион қылып, миссиясын орындаған Нұрбол Қостанайдан Астанаға қоныс аударды.
Үздіктердің үздігі
28 желтоқсан 2010, 12:56
