«Қазақстан» ұлттық арнасы жыл бойы көрерменге ұсынған тартымды дүниелерге өз бағасын берді. Осыған орай фильм режиссерлері мен продюсерлері салтанатты шарада марапатталған болатын.
Биыл Қазақстан арнасынан ұсынылған дүниелердің ішінен «Әпке» телехикаясы үздік деп танылып отыр. Дулат Исабековтің шығармасы негізінде түсірілген телехикая көрермен үшін көңілден шыққан туынды болғаны рас. Бұдан бөлек, жастар тақырыбында бүгінгі заманғы көзқарасты көрсете алғаны үшін «Достар» ситкомы үздік деп танылды. Ұлттық арнаның төл өнімі болып саналатын мұндай дүниелер алдағы уақытта талай рет көрерменнің көзайымына айналып, эфир төрінен орын алмақ. Сонымен қатар «Сұңқар» фильмі үшін оның режиссері Жантай Қыдырәлиев есімі ерекше аталды. Режиссер шеберлігінің нәтижесінде тарихи тұлғалар тағдырын сәтті шығарған «Ұлт мақтанышы» деректі фильмі де үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ мұндай ерекше дүниелер арасында анимациялық «Әли мен Ая», балаларға арналған «Томпақ» фильмі де бар. Қорғаныс министрлігінің тікелей қолдауымен түсірілген «Көк тарландары», мұғалімдер өмірінің шынайы бейнесін көрсеткен «Ұстаз», ақ халаттылар жайлы «Жедел жәрдем», тәртіп сақшылары жайлы таспаланған «Ауыл сақшысы», жастарды спортқа баулуда маңызы зор деп танылған «Олимп шыңы» фильмдерінің режиссерлері сый-құрметтен кенде қалмады.
Жалпы, ұлттық арна қазақтілді болғалы отандық өнімдерді көгілдір экраннан көрсетуге тырысып келеді. Осы жолға бет бұрған арнаның жанынан «Балапан», «Қазспорт», «Білім», Мәдениет» секілді арналар көрерменмен қауышқалы көп уақыт болды. Хабар тарату кестесіне өзгеріс еніп, отандық телехикаялардың саны артып келе жатқаны қуантады. «2009 жылы алғаш көрсетілген «Ағайынды» атты алты сериялы телехикаясынан кейін өз өнімдеріміздің қатары артып келеді», – дейді арна басшысы Нұржан Жалауқызы. Мысалы, 2010 жылы 84 бөлімді екі хикая көрсетілген. Ал араға бір жыл салып бұлардың қатары жетіге көбейген еді. Ал былтыр барлығы қазақстандық 14 хикая ұсынылған. Бес жыл ішінде көрсетілген сериалдар саны 30-дан асып-жығылады. Бүгінде қазақтілді көрермендер арасында алдыңғы лекте тұрған арна бұл көрсеткішті алдағы уақытта еселей түсуді көздейді.
Нұржан ЖАЛАУҚЫЗЫ, «Қазақстан» ұлттық арнасының басқарма төрайымы:
– Мемлекет басшысы «Қазақстан» арнасы тек қана қазақ тілінде хабар таратсын» деп тапсырма берген сәтте жұрт көкейінде «көздеген мақсатына жете алар ма екен?» деген күдік аралас сауал тұрды. Бүгінде 100 мыңнан астам тұрғыны бар жерлерде ұлттық арнаның көрсетілім бойынша үлес салмағы 88 пайызды құрап отыр. Бұл аз уақыттың ішінде арнамыздың көрермені қалыптасқанын көрсетеді.
Серікбай НҰРҒИСАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Заманауи технологияларды пайдана отырып, көрерменге тартымды дүние ұсынып жатқан қазақтілді арна – ол «Қазақстан». Отандастарымызды қазақ тілінде ақпаратпен қамтып келеді. Оның ішінде саясат, әдебиет пен мәдениет, тарих, спорт сынды барлық саланы қамти алуда. Сондықтан да «Қазақстан» ұлттық арнасының мүмкіндігі мол, біз үшін де, мемлекетіміз үшін де орны қашанда бөлек.
Ұлттық арна отандық телеөнімдерді марапаттады
26 желтоқсан 2013, 14:12
