Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Суық өткізбейтін әйнек

12 сәуір 2013, 12:45

Қазақстанда құрылыс индустриясын қарқынды дамытуға мүмкіндік мол. Соған қарамастан цемент пен кірпішті – Ресейден, тұсқағаз, линолеум, ағаш өнімін Беларусь пен Украинадан тасимыз. Ен байлықтың үстінде отырып тіпті қарапайым шыны жасауды да үйренбеппіз. Қышқа қажетті бетонитті саздың 29 кен орны бола тұра, керамиканы да қарық қылып жатқанымыз шамалы. Қысқасы, құрылыс импортқа толық тәуелді.
Ендеше, үкіметтік деңгейде қабылдан­ған «Қолжетімді баспана — 2020», Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламалары мен ірі жобаларды қа­лай­ша орындаймыз деген сауал алды­мыздан шығады. Әрі Елбасы үдемелі индустрия­ландыру бағдарламасы шеңбе­рін­де салынып жатқан өндіріс ошақтарына қажетті құрылыс материалдарының 80 пайызға жуығын отандық кәсіпорындар ұсынуы керек деген талап қойды. Бұл мате­риалдар бәсекеге қабілетті иннова­циялық өнім болуы тиіс. Осы орайда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техни­калық университетінің ғалымдары жаңа құрылыс материалы – үйдегі жылуды сырт­қа шығармайтын, сырттағы суықты үйге енгізбейтін көбікті әйнек ойлап тапты.
Сәрсенбек МОНТАЕВ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың машина жасау факультетінің деканы, профессор:
– Электр және жылу энергиясы қыста ғимараттар мен тұрғын үйлерді жылытуға, жазда салқындатуға жұмса­лып жүр. Енді бұл мәселені қазіргі за­ман­ғы жылу оқшаулағыш материал­дар­дың көмегімен шығынсыз шешуге бо­ла­ды. Бес жыл бұрын құрамында БҚАТУ-дың оқытушы-ғалымдары, ма­гист­ранттары, студенттері бар команда осы бағыттағы ізденісті қолға алған еді. Нәтижесінде жаңа жылу оқшаулағыш көбікті әйнек материалын құрастырдық. Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қа­зақстанда кең таралған кремнийлі, кар­­бонатты жыныстарды қолдана отырып, түсінікті тілмен айтқанда, бор мен әйнектің негізінде мықты, отқа жан­бай­тын, жылу өткізгіш, эколо­гия­лық жағы­нан таза, дымқыл тарт­пай­тын қа­сиетіне қарай пайдалану мерзімі ұзақ болатын ерекше материал жасауға қол жеткіздік.

Қазір жылу сақтағыш материал ретінде құрылыста қолданылып жүрген пенопласт пен әйнекмақта (стекловата) осал көрінеді. Пенопласт 10 жылдан кейін өз-өзінен бұ­зы­ла бастайды, 200 градустан жоғары тем­­пературада балқып, ауаға улы заттар бөле­ді. Әйнекмақта құрғақ күйінде жы­луды жақсы сақтағанымен, ауадағы дым­қылды сорады, жаңбыр тигенде мүлдем жа­рам­сыз болып қалады. Ал ба­тыс­қа­зақ­стан­­дықтар ойлап тапқан материал – ауа ра­йы­ның кез келген құбы­лысына төзімді өнім. Жаңа материалдың зерт­ханалық үл­гі­сі жасалып,  сынақтан өткізіліп, инно­ва­ция­­лық патент алынған.
Кез келген инновация білікті құрылыс­шы мамандарсыз кәдеге аспайды. Осы орай­да Қазақстанға іргелі, стратегиялық ма­ңызды құрылыстарды жүргізу үшін шебер құрылысшылар ауадай қажет. Кеңес заманында бір ғана Алматы үй-құрылыс ком­бинатында 7 мыңнан астам адам ең­бек етті. «Қазір кадрлар қартайды. Енді «Бола­шақ» бағдарламасы арқылы ше­тел­де, негізінен, құрылыс саласының ма­ман­да­рын көбірек оқыту қажет. Ауыл­дағы кә­сіп­тік колледждермен өндірістің ара­­сын­дағы байланысты жандандырған жөн», – дейді мамандар.