Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Планеталар шеруі орын алатыны анық

28 желтоқсан 2011, 13:40

«Майя күнтізбесіне сәйкес, 2012 жылы 21 желтоқсанда ақырзаман болады екен» деген әңгіме бүгінде ел арасында гулеп тұр. Алайда бұл осы тақырыптағы үрейлі болжамдардың басы да, аяғы да емес. Себебі соңғы жүзжылдық шеңберінде Күннің тұтылуы, ғаламшарымыздың жанынан комета ұшып өтуі сияқты әрбір құбылыс көңілсіз пайымдардың жаңа толқынын тудыруға негіз болумен келеді. Сол сияқты Нострадамус, Джеймс Хансен және заманауи астрофизиктердің заманақыр жөніндегі көріпкелдіктері де көпшіліктің есінде.
Дегенмен ең қызу пікірталас майя болжамы төңірегінде өрбіп отыр. Ендеше, осынау ең ежелгі өркениет болжамының мұншама өзектілігінің, та­ны­малдығының құпиясы неде? Алдағы жылы адамзатқа, шынымен де, айтарлықтай қауіп төніп тұр ма?
Деректерге жүгінсек, ежелгі майялардан қалған өте мәнді ақпарат григориан күнтізбесіне сәйкестендіріп есептегенде, біздің заманымыздан 3114 жыл бұрын 13 тамызда таңбаланған екен. Онда: «5126 жылдан кейін, яғни 2012 жылғы 21 желтоқсанда күн мен түн теңеледі, Күн жүйесіне кіретін планеталардың шеруі басталады, сол кезде ұлы өзгерістер орын алады» деген сәуегейлік жазылған. Ұзақ уақыт аралығы үшін майялар «ұзын есепті» пайдаланған. Есептің бұл жүйесі әрқайсысы 5200 жылдан тұратын 13 бөлікті циклдарға бөлінген. Әр циклдық уақыт аяқталғанда, жаңа шеңбер басталады. Яғни майя күнтізбесіне сәйкес, 2012 жылы 21 желтоқсанда «ұзын есеп» қайтадан 13.0.0.0.0. мәніне теңеседі. Астрономдар қазір осы датаның мағынасы төңірегінде пікір таластыруда. Біреулері «одан әрі есепті 20-ға дейін жалғастыру керек» десе, енді біреулері «есеп нөлге теңеседі» дейді. Сондай-ақ басты мәселе – «есеп жаңадан басталған күнде ары қарай не болады?» дегенге саяды.
Мүмкін, бұл майялар болжап кеткен бір ұлы циклдың аяқталып, жаңа уақыт циклының басталар кезі ғана шығар? Бәлкім, дәл сол сәттен бастап адамзат санасы күрт өзгеретін болар?
Бұл ретте ғалымдар жыл қайырудың заманауи жүйесіне сәйкес тиісті зерттеу­лер жүргізе отырып, майя күнтізбесін қай­та есептеп шыққан. Нәтижесінде ай­тар­лық­тай қызықты мәліметке қол жет­кіз­ген. Нақтырақ айтқанда, майя күн­тіз­бесі бойын­ша, 2012 жылдың 21 жел­тоқ­са­нын­да Жер планетасы бірқатар оқиғаны бастан өткереді, мысалы, тап осы күні «Бесінші Күн» деп аталатын ұзақ кезең тәмамдалады. Майя хронологиясы жаңа дәуірдің 3114 жылы 12 тамызда басталып, 2012 жылы 21 желтоқсанда аяқталатынын көрсетеді. Ал «неге 2012 жылдың 21 жел­тоқ­саны» де­ген сұраққа ғалымдардың шын­дыққа сай дәйекті жауап таба алмай отыр­ғаны тағы рас. Әйтсе де ежелгі өр­ке­ниет ілімін зерттеуші мамандардың бір тобы «Майя күнтізбесінің аяқталуын ақыр­за­ман­мен бай­ланысты­ру негізсіз, бұл – соңғы цикл емес, тек үлкенірек шеңбер­дің үш­ін­ші не төртінші бөлігі» деген көзқа­расты ұста­нады. Ал ақырзаманның төніп келе жат­қандығы туралы ойға бекінгендер «цикл­дың соңы Күннің айрықша бел­сен­ді­лік танытуымен тұспа-тұс келеді, сөйтіп, біз­дің планетамыз келер жылы Күн­нің қатты ысуынан балқып кетеді» деп қауіп­тенеді.
Қалай болғанда да, ежелгі майя үндістерінің есептеуінше, 2012 жылы планеталар шеруі орын алатыны күмәнсіз. Бірақ бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс емес. Ал өзіне дейінгі шерулерден осы жолғы құбылыстың айырмашылығы неде? Мәселе сонда, бұл жолы тек Күн жүйесінің ғана емес, Жұлдыз жүйелерінің басқа планеталары да сапқа тұрады. Нәтижесінде галактика орталығынан бөлек, басқа линия пайда болады. Планеталардың мұндай шеруі – шын мәнінде, бірегей құбылыс. Сондай-ақ оның қайталану мүмкіндігі де сирек. Ғалымдардың есептеуінше, мұн­дай жағдай соңғы рет осыдан 26 мың жыл бұрын болған. Бұл оқиға әлемнің бір жүйеден екінші жүйеге өтуін білдіреді. Егер де аспан айналып жерге түскеннен аман болса, сіз бен біз осындай сирек құбылысты, яғни 2012 жылғы планеталар шеруін көзбе-көз бақылай алатын алғашқы адам болуымыз әбден мүмкін.