«Уақыт пен ұрпақ байланысы». Астанада осындай атаумен қазақ телекоммуникация саласының әр дәуіріндегі жетістігінен сыр шертетін бірегей мұражай ашылды. «Қазақтелеком» АҚ-тың Астана қаласындағы «Астанателеком» ҚТО филиалында орын тепкен мұражайға «Телеграф», «Телефон», сондай-ақ «Радио және теледидар» категориялары бойынша 100-ден астам көне экспонат қойылыпты.
Мұражай басшысы әрі осы салаға 45 жыл бойы еңбек сіңірген кәсіби маман Жақсылық Рахымовтың айтуынша, мұражайда кілең бірегей экспонаттар жинақталған. «Уақыт пен ұрпақ байланысы» атты мұражай бұл байланыс саласының даму тарихынан сыр шертеді. Ашылғанына төрт айдай болды. Адамдар өте көп келеді. Арнайы қойылған тілек кітабымыз да бар. Соған ізгі тілектері мен өз пікірлерін қалдырып кетіп жатыр. Мұрағатқа қойылған құжаттар фото және бейне, аудио жазбалар тек Ақмола облысы аумағы ғана емес, жалпы республика аумағындағы телекоммуникация құралдарының даму тарихын көрсетеді. Күллі қалаларды аралап жүріп, құнды заттарды жинап әкелдік. Мұражайымыз шағын болса да құнды дүниелері жағынан Ресейдің Санкт-Петербург секілді ірі қалаларындағы жәдігерлерден кем емес. Бұл өз өмірлері мен кәсіби білімдерін ел экономикасының ең маңызды саласының бірі – байланыс саласының дамуына арнаған адамдарға көрсетілген құрмет деп санаймыз», – дейді Жақсылық Рахымұлы.
Қазақ телекоммуникация саласы жетістіктерден кенде болған емес. Соңғы бірнеше ғасырда адамзат арманын ақиқатқа айналдырған байланыс саласы қазақ топырағын жатсынбай өз түренін салды. Бұған біз сөз етіп отырған бірегей мұражай куә болса керек. Мұражайда сирек кездесетін өте көне экспонаттар қойылған. Соның бірі – бір ғасырлық тарихы бар, яғни 1910 жылы жасалған Le Marty фирмасының француз телефоны. Өз заманында тек таңдаулылардың ғана сүйікті қызмет құралына айналған бұл аппаратты бүгінде емге таба алмайсыз. Сондай-ақ мұражай төрінен бүгінгі таңдағы алпауыт компаниялардың үлгі ретінде шығарылған алғашқы өнімдерін де көруге болады. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары шығарылған Siemens компаниясының алғашқы телефоны осыған куә. «Мұражайымыздағы ең көне жәдігердің бірі – 1905 жылы үлгі ретінде шығарылған телефон аппараты. 1955 жылғы КВН түріндегі ТВ қабылдағышы, қазіргі радионың прототипі – радиорепродуктор бүгінгі таңда баға жетпес құнды дүние балып саналады», – дейді мұражай басшысы Ж.Рахымов.
1867 жылы Морзе ойлап тапқан құпия аппарат та осында орын тепкен. Содан бері бұл аппарат бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өз маңыздылығын жоймаған. Сондай-ақ мұражай төрінде Морзенің тағы бір туындысы – телеграфты да көруге болады. Бұған 120 жылдай уақыт болған. Оны Ресейден алдырыпты. Бір қызығы, мұндағы көне дүниелердің барлығы да жұмыс істеп тұр. Тетігін бассаң болды, сайрай жөнеледі. Көне радиолар, Ұлы Отан соғысы жылдарында халықтың баға жетпес байлығына айналған, Левитанның әсем үнімен ел жүрегінде мәңгі қалған, қазіргі радионың прототипі – радиорепродуктор мұражай төрінде қазақтың қара домбырасының үнімен сайрап тұр.
Бұл мұражай келіп-кетушілерге қатты ұнаған. Себебі ол жаңа, заманауи үлгімен жасақталған. Еліміздің басқа өңірлеріндегі телекоммуникация мұражайлары ескі үлгіде жасақталған. «Оның үстіне ол мұражайлар қалың көпшілік үшін емес, кәсіпорын қызметкерлеріне ғана арналған», – дейді мамандар. Қалың көпшіліктің назарына ұсынылып, өткеннен сыр шертіп отырған – тек Астанадағы «Уақыт пен ұрпақ байланысы» мұражайы. «Мұражайда үлкен төрт монитор қойылған. Біріншісінде телефоннның алғашқы үлгілері туралы деректер айшықталады. Осы құрылғының екі ғасырлық тарихын көруге болады. Ал екіншісінде телефон тарихы мен оны құрастырған өнертапқыштар туралы деректер көрсетіледі. Ал үшіншісінде әр дәуірде бізге келген құрметті қонақтар мен тұтынушыларымыз туралы деректер бар. Ал соңғысы телекоммуникация қызметкеріне арналған. Осы салада қызмет етіп, өмірін берген кәсіби мамандарымыз туралы», – дейді Ж.Рахымов.
Даркүл Мешітбаева, «Астанателеком» бас директорының орынбасары, коммерциялық директор:
– Бізге келген адамдар өте риза болып жатыр. Әсіресе осы салада еңбек еткен кәсіби мамандарымыздың қуанышында шек жоқ. «Осында біздің ата-әжелеріміз істеген еді. Мұражай ашылыпты, көрейік деп келдік» деп ағылып келіп жатыр. «Бұл – біз үшін үлкен құрмет. Еңбегіміз еленіп жатыр» деп рақметтерін айтып жатыр. Ардагер байланысшылардың балалары мен кейінгі ұрпақтары келіп көріп жатыр. Көбісінің жүздерінен «Бұл жерде менің атам жұмыс істеген. Әкем байланысшы болған. Анау төрде тұрған – сол кісі» деген қуаныштың ізін байқау – біз үшін өте үлкен мәртебе.
Надежда Репина, 83 жастағы ардагер байланысшы, бұрынғы телефонистка:
– Өзіңнің ізің қалған, қолтаңбаңды түсірген жер әрқашан ыстық болады емес пе? «Қазақтелеком» АҚ-тың Астана қаласындағы «Астанателеком» ҚТО филиалы – мен үшін тура осындай жер. Себебі бұл жерде менің ардақты еңбек жолым өтті. Жалынды жастығым өтті. Кәсіби білімім өсіп, маман болып қалыптастым. Альбомнан өз суретімді көріп, көзіме қалай жас толғанын байқамай да қалдым. Тек мен ғана емес, саналы ғұмырын осы жолда сарп еткен талай тұлғаларды көріп тұрмын. Бұл жерде менің немерем мен келінім жұмыс істейді. Мұражайдың ашылуы – өте қуанышты жағдай. Бізді ұмытпағанына қуаныштымыз.
Астанада телекоммуникация саласының әр дәуіріндегі жетістіктеріне арналған мұражай ашылды
28 желтоқсан 2010, 13:11
