Қыстан әупірімдеп шыққан шаруаларға көмек керек

   0 645

Биылғы Шығыс Қазақстан облысындағы қаһарлы қыстан 3,5 мыңға жуық ұсақ, 700-ге жуық ірі қара арам өлген. Жайылымдарды қалың қар басып қалып, қолға қарап қалған ірілі-ұсақты малға жем-шөп жетпеді. Қолындағы малы арқылы отбасын асырап, балалар оқуының ақшасын төлеп отырған ағайынға бұл ауыр соққы болды. Жасыратыны жоқ, биылғы қыста шаруа қожалықтарының орталықпен байланыстары үзіліп, бірнеше ай қар «тұтқыны» болды. Жергілікті биліктің дер кезінде көмек қолын созбауы шаруашылық адамдарына жығылған үстіне жұдырық болды. Ендігі міндет қолда қалғанды қанағат тұтқан шаруашылықтар төлді аман-есен алу үшін жем-шөп керектігін айтуда. Себебі кейбір жерлерде жайылым әлі дұрыс ашылмаған, көтерем мал көп. Шаруа адамының еңсесін көтеріп, мал басын көбейту үшін үкіметтен жеңілдетілген несие беру мәселелері қарастырылуда.


Бақтығали СӘРСЕНБАЕВ, қалалық ауылшаруашылық бөлімі бастығының орынбасары:

– Несие беріледі. Бірақ кепілдеме болуы керек. Бұл басқа несие түрлеріне қарағанда, пайыздық мөлшері төмен болады. Әр нәрсенің өз заңы, ережелері бар. Қазір осы бағытта жұмыстар қолға алынып жатыр. Біраз шешілмеген шаруалар бар. Ол аз уақыттан соң белгілі болады.


Үкіметтен жеңілдетілген несие алу үшін кепілдеме керек. Бірақ қолындағы техникасы кеңес заманынынан қалғандықтан, оның техникалық мерзімі баяғыда біткен, оны қоя алмайды. Ал иелігіндегі жердің құнарлылығы азайып, құм басып бара жатқан шаруашылықтар да жетерлік. Биылғы талап бойынша жеңілдетілген несие асыл тұқымды шаруашылықтарға, ет тапсыратын қожалықтарға беріледі. Мал сатып алып, оның пайдасын көру де екі-үш жылды қажет етеді. Сондықтан шаруаларға берілетін «несие беру талаптары мен міндеттемелерін қайта қарастырса» дейді шаруалар. Ал былтыр мал өнімдерін өндіретін шаруашылықтарға 580 млн субсидия бөлінген.


Егін шаруашылығы

«Биыл қар көп жауғандықтан, жердің ылғалдығы өте жақсы», – дейді мамандар. Бұл егін егіп, көкөністі көбейтіп, жем-шөпті молынан дайындау үшін жақсы мүмкіндік. Сондықтан биыл бұл бағыттағы жұмыстарды бес пайызға көбейту жоспарланып отыр. Көктемгі егістік жұмыстарына қажет 184 тонна дизель отыны, 41 тонна бензин, 6  тонна дизель  майы  бар   шаруашылықтарға үкіметтен қосымша 120 тонна дизельдік отын жеткізу жоспарланып отыр. Қала маңындағы шаруашылықтар жыл сайын картоп, қызылша, сәбіз, басқа да көкөністер көлемін ұлғайтып, алынатын өнім де жақсарып келеді. Биылға 900 га дәнді дақыл, 90 га бақша өнімдері, 3060 га картоп, 1310 га көкөніс түрлері, 272 га күнделікті азықтық дақылдар егу жоспарланып отыр. Берілетін субсидия көлемі осы жылға 5,63 млн теңге. Ауыл шаруашылық өнімдерін сақтайтын 4 мың тонналық қойма салу үшін қала маңындағы ірі шаруа қожалығы қажет құжаттарын жинақтауда.




Автор: Роллан КЕМЕРБАЙ, Семей

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

24 сәуір 2010, 10:41
Рейтинг: