Түйткіл

Танымал тэгтер: БҰДС, СК-Фармация

Дәрі-дәрмек тапшылығына кім кінәлі?

   0 963
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Республика өңірлеріне қажетті дәрі-дәрмектің бірыңғай жеткізушісі «СК-Фармация» ЖШС өз міндетін дұрыс атқармай отыр. Соның салдарынан республикадағы емдеу орындарында препараттар тапшы. Еліміздің дәрігерлері осылай деп отыр.


Тегін медициналық көмектің кепілденген мөлшері аясында емханалар мен ауруханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу жұмысын өткен жылдан бері «СК-Фармация» ЖШС алғаны белгілі. Алайда мекеме жүктелген міндетке жауапсыздық танытып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының мәліметінше, жыл басталғалы төрт айға жуық уақыт өтсе де республика аймақтарындағы емдеу орындары дәрі-дәрмек тапшылығынан әлі де жапа шегуде. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні емдеу орындары қажетті препараттармен 60 пайызға ғана қамтамасыз етіліпті. Ал Алматы облысына қарасты аудандарда қажетті дәрі-дәрмектің 30-40 пайызы ғана жеткізілген көрінеді.


Гүлғайша ИМАНБЕКОВА, Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы:

– Өздеріңіз білесіздер, бірыңғай жеткізуші «СК-Фармация» компаниясы бүкіл республика аймақтарының емханалары мен ауруханаларын белгіленген мерзім ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен жоқ. Соның ішінде біздің облыс та бар. Үкіметтің арнайы қаулысы бойынша өткен айда өңірге керекті препараттарды аталған компанияға бөлінген қаржы есебінен емдеу орындары өздері сатып алған болатын. Қазіргі уақытта өңірдегі емдеу орындары дәрі-дәрмектермен шамамен 30-40 пайызға қамтылған. Облыс аудандары мен елді мекендеріне дәрі-дәрмектер жайлап келіп жатыр.


Азамат Мағзұмов, Солтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

– Облысымыздағы дәрі-дәрмек мәселесі республиканың өзге өңірлеріндегідей. Бүгінде облыс көлеміндегі денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті дәрі-дәрмектің 50-60 пайызы жеткізілген. Кей аудандарда бұл көрсеткіш 20-30 пайызға тең. Аймаққа керекті препараттарды «СК-Фармация» компаниясы жеткізуге үлгермегендіктен, өткен ақпан-наурыз айлары аралығында министрліктің рұқсатымен емдеу орындары дәрінің 60 түрі бойынша препараттарды өздері сатып алған еді. Осы айдың басынан бастап бірыңғай жеткізуші дәрілерді қайта жеткізе бастады.


Серғазы ӘЛМЕНОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

– Денсаулық сақтау министрлігі препараттар қорын жинақтауға бір ай уақыт берген. Соған байланысты өткен айда әр мекеме қажетті дәрілерді сатып алды. Қазіргі жағдай жайлы айтар болсам, бірыңғай жеткізуші алдағы он күннің ішінде толығымен жеткізіп береміз деп жатыр. Ал аса қажет препараттарды алып отырмыз.


Ел аумағындағы медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету міндеті жүктелген «СК-Фармация» өкілдері болса, денсаулық сақтау мекемелерінің наразылығын орынсыз деп есептейді. Компания мамандарының айтуынша, республикадағы емдеу орындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету наурыз айынан ғана басталған.


Дамир МҰҚАНОВ, «СК-Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы:

- Үкіметтің №66-шы қаулысына сәйкес емдеу орындары алғашқы екі айға қажетті дәрілерді өздері сатып алулары тиіс болатын. Бірақ бізге беймәлім себептерге байланысты олар дәрі қорын жасақтамаған. Соның салдарынан, ақпан айында емханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы орын алуы себепті біз препараттарды белгіленген мерзімнен бір айға ерте жеткізе бастадық. Өткен айда жеткізушілеріміз өнімдерді кешіктіргендіктен біраз келеңсіздіктер болғаны рас. Кей өңірлерге дәрі-дәрмектер дер кезінде жеткізілмеді. Қазір жағдай бірқалыпқа келе бастады. Препараттар ауыл-аймақтарға жөнелтіліп жатыр. Жалпы, жоспар бойынша біз облыстардың жылдық қажеттілігін бірден емес, ай сайын болмаса апталап өтеуіміз керек болатын. Соған қарамастан, кей өңірлер қазір дәрі-дәрмектермен 50 пайызға қамтамасыз етілді. Яғни бір жылға қажетті препараттардың 50 пайызы оларда бар деген сөз.


Біз көтерген мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің де айтары бар. Бірақ ведомство мамандары ресми жауапты үш күннен соң ғана хабарлауға уәде берді. Ол күнге де жетерміз. Бірақ бір мәмілеге келе алмай отырған ақ халаттылар дау-дамайы көпшілікті дәріханаларға телміртіп қоймаса болғаны да.

Автор: Жансая Әбдібекова

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

7 сәуір 2010, 13:04
Рейтинг: