Түйткіл

Танымал тэгтер: БҰДС, СК-Фармация

Ауру қалаға емес, дәрігер ауылға барғаны дұрыс шығар

   0 849

Өткен жылдың соңында заң шығарушы органда жаңа жүйені түсіндіру кезінде денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев бұл тәжірибе жерінің көлемі мен демография жағынан Қазақстанға ұқсас Канада мен Австралия елдерінен алынып отырғандығын жеткізген-ді. Дәл осы кезде Парламенттің төменгі саласындағы халық қалаулылары да халқының тең жартысы ауылда тұратын Қазақстан үшін дамыған елдердің озық тәжірибесінен гөрі оңтайлы бағдарлама керек дегенді айтқан. Ал бізге таңсық болған осы бір жүйенің арнайы квоталарға байланысты кейбір түсініксіз тұстары туралы аз-кем айтып өтсек.


Бұрынғы денсаулық сақтау жүйесі бойынша квоталар жергілікті денсаулық сақтау департаменттеріне берілетін. Облыстық басқармаларға үлестірілетін мұндай жеңілдіктер жүздеген кептерге бір уыс дән шашқанмен бірдей еді. Мұндайда жақын тұрған жердегі құстардың аузы майланатыны сияқты, жергілікті департаментке түскен квоталар қу-жылпостар мен бар нәрсенің ебін тапқандардың қанжығасында кететін.


Елді мекен тұрғындарының алғашқы жәрдемді көрсетуге ғана қауқарлы ауылдық медициналық орындардан көңілдері қалғалы қаш-ш-ан. Осы орайда еске түсер бір жайт, еліміздегі ең үлкен аудандардың бірі Аягөз ауданының орталығында тұратын бір ағам жеңгеміздің бойына бала біткенін біле алмай бір айдан аса табанынан таусылғаны бар. «Бақсақ бақа екен» демекші, аудан орталығындағы УЗИ аппаратының біреу ғана, оның өзі өткен ғасырдың естелігі екені белгілі болды. Бұл – бір ғана мысал. Еліміздің алыс аудандары мен ауылдарында да жағдай дәл осылай екеніне күмәніміз жоқ. Осындай келеңсіздіктерден кейін «науқас қай жерге емделемін десе өз еркі» дегенді естіген қара жұмыс пен таңын атырып, күнін батыратын ауылдағы ағайындар бір қуанып қалған. Сол-ақ екен жаңа жүйенің басы-қасындағылар «тұрғындарға мұндай ерік берілсе тек қана Астана мен Алматы қалаларының ауруханаларын таңдайды. Ал бұл жағдай өз кезегінде маңызды орталықтардың денсаулық сақтау нысандарын ұзын-сонар кезекке толтырып, аймақтық ауруханалардың қаңырап бос қалатынына әкеліп соғады» – деп жаңа жүйенің кейбір мәселесін қайта қарады. Оған қоса жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Астанада өткен архитектуралық кеңес отырысында «Маған науқас емхананы өзі таңдау құқығына ие болатын жаңа жүйемен біз ауруханалар салу жоспарын асыра орындап жібергенімізді баяндауда, кейбір ауруханалар бос тұр, онда ешкім бармайды», – деген еді. Шыны керек, ұлттық біріңғай денсаулық сақтау жүйесін қарапайым халық әлі де жіті түсінбейді. Осындай сапырылыстар кезінде арнайы квоталарды жергілікті басқармаларға қайта беру туралы да мәселе көтерілуде. Анық-қанығын білу үшін Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ләззат Ақтаеваға хабарласқан едік.


– Егер алыс ауылдағы тұрғындарды аудан орталығындағы ауруханалар емдей алса, дертін асқындырып үлкен қалаларға келіп несіне уақыт өткізеді?Астанадағы ауруханаларға ешқандай жолдамасы болмаса да біз кейбір науқастарға квота беріп жатырмыз. Сондықтан квотаға байланысты ешқандай проблема болып жатқан жоқ. Әзірге арыз-шағымдар да келіп түспеді.


Осы орайда айта кетер жайт, жаңа жүйе бойынша аудандық ауруханалардың дәрігерлері науқасты емдеуге шамасы жетпеген жағдайда, облысқа, ал облыс өз кезегінде өздерінің барлық мүмкіндігін пайдаланып болған соң ғана республикалық орталыққа жолдама береді. Оның үстіне, науқаспен бірге жүретін қаржы жүйесі де түйткілді нәрсе. Науқас кетсе қаржы да кететінін ұққан аймақтағы дәрігерлер науқасты шама-шарқы келгенше емдеуге және оған бөлінетін қаржыны қолдан шығармауға тырысады. Ал ақша жүрген жерде қып-қызыл талас орын алатыны екібастан белгілі. Ал науқас ауруынан айықты ма, жоқ па, бұл екінші кезектегі мәселе болып қала береді. Себебі оны зерделеп, бақылайтын тетіктер жоқ. Барлық салада бюрократиямен күрес жүргізу керектігін Елбасы үнемі айтып келеді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігіне науқасты әуре-сарсаңға түсіріп, емделуге деген ниетінен біржолата айыратұғын осындай келеңсіздіктерді реттеудің өзге де жолдарын қарастырған жөн сияқты.



Бір пікір


Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:

– Кез келген бағдарлама, әсіресе адам өміріне жауапты саладағы құжаттар стратегиялық тұрғыда қабылданғаны дұрыс қой. Бізде біріңғай денсаулық сақтау жүйесін ұлттық жоба деп көрсетті. Ал бірақ ауылдағы ағайын арнайы квота алып, өзінің таңдаған сапалы ауруханасынан ем қабылдай алмаса, оның несі ұлттық жоба? Бізде дәрігерлер дайындайтын біршама оқу орындары бар. Бірақ сол түлектердің тұрғындарға сапалы қызмет көрсететіндей ауылға, аудан орталықтарына барып жатпағаны белгілі. Менің ойымша, бағдарламаны қабылдауда асығыстық болды. Бұл жүйенің шикілігін осындай шұғыл өзгерістерден-ақ аңғаруға болады.


Автор: Жарқын Түсіпбекұлы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

7 сәуір 2010, 12:34
Рейтинг: