Түйткіл

Танымал тэгтер: БҰДС, СК-Фармация

Басқа емханаға ауысу машақаты

   0 711

Осы жылдың басынан бастап қолданысқа енген БҰДС жүйесі ел ішінде біраз түсінбестік тудырғаны рас. Алдын-ала дайындықсыз аяқастынан енген күрделі жүйенің түсінбестік тудыруы заңды да еді. Алайда бар мәселе жүйенің аяқастынан енуінде ме әлде жаңа жүйенің «жерсінбеуінде» ме? Ақпан айының басында Премьер-министр: «Қазір маған осы мәселеге байланысты көптеген дәрігерлер шағымданып хат жазуда. Әсіресе бас дәрігерлер бұрынғы жүйе дұрыс еді дегенді көп айтады». «Дегенмен де қолға алған істі соңына дейін жеткізу керек. Жеме-жемге келгенде, ауруханалардағы жағдайдың қалай өзгергенін халықтан сұрайтын боламыз», – деген еді. Емханалардағы бас дәрігерлердің өзінің наразылығын тудыруға себепші болған жүйенің ел ішінде, емханаларда қалай жүргізіліп жатқанын өз көзімізбен көрмек болып, біз де емханаларды аралап шығуға бел байладық.


Жүйе енді басталып жатқанда аяқ-қолын жерге тигізбей мақтаушылар «жүйенің ең бірінші жетістігі – тұрғындардың дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауы, қалаған емдеу орталығына тіркелуі және сол арқылы медициналық қызмет көрсетудің бәсекелестік ортасын қалыптастыруы» деп баға берген еді. Бұған бәріміз де «асатпай жатып құлдық ұрып», бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз. Алайда қуанышымыз көпке бармады. Алғашында «тұрғындардың қалаған емханасына тіркелуі арқылы дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауын қамтамасыз етеді» деп қарық қылып тастаған жүйе артынша бір айдан соң-ақ «тіркеу мерзімі аяқталды» деп хабарланып, тіркеу мерзімін шорт кесті. Яғни емхана таңдап үлгермеген тұрғындар бұрынғысынша тіркелген жерінде ем ала береді. Ал шын мәнінде бұл тұрғындардың еркін таңдауына шектеу емей немене?! Тіркелудің жыры осылайша тез бітті. Осыдан-ақ көпшіліктің көкейінде жүйе туралы күдік қалыптасты.


Осы орайда біз де көңілдегі күдігімізді айта кетсек. Еркін таңдаудың жедел тоқтауына не себеп? Жүйенің қолдаушыларын жұрттың бәрінің бірдей жақсы емханаларды жағалап кетіп жатқаны шошытты ма әлде таңдаулы ауруханаларды таңдау құқы болғанмен, олардың сонша көп адамды қабылдау мүмкіндігінің аздығы алаңдатты ма? Қалай болсын тіркеу жұрт күткендегіден тез аяқталды. Біз емханаларды аралап, ондағы тұрғындардың таңдау мүмкіндігін қаншалықты пайдалана алғанын сұрастыру барысында тіпті көптеген тұрғындардың бұл жүйе туралы мүлдем естімегендерінің куәсі болдық. Алайда емхана бас дәрігерлерінің бұған айтар өз уәждері бар.


Алуа МҰСАБАЕВА, Алматы қалалық №10 емхананың бас дәрігері:

– Жаңа жүйе туралы ел ішінде көп насихатталды. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде де бұл туралы кеңінен жазылды. Алайда тұрғындар газет-журналдарды оқымайды. Спутниктік арналарды ғана көріп, отандық арналарды қарамайды. Осыдан кейін тұрғындар ел ішіндегі өзгерістерден шет қалады. 


Алайда біз сұрау салған емханалардағы әрбір он адамның сегізі «ешқандай жаңа жүйені білмеймін, емхана да таңдаған жоқпын, ауырсам, бұрынғысынша емханама келіп, қаралып кетемін» десті. Ал енді бір тұрғындар емхананы өз бетімен таңдамаса да, басқа емханаға сырттай ауыстырып жібергенін жасырмады.


Айнұр ҚАЙНАРБЕКОВА, Алматы қаласының тұрғыны:

– Сәтбаев-Розыбақиев көшелерінің қиылысында тұрғандықтан, бұрыннан №6 емханаға барып қаралатынмын. Бұрыннан үйренген емханам болғандықтан, басқа емхана таңдау ойымда да болмаған. Алайда жаңа жылдан кейін №6 емханаға барғанымда менің №16 емханаға ауыстырылғанымды жеткізді. Сосын келесі күні №16 емхананың табалдырығын аттағанымда кітапшасын әкелуімді өтінді. Келесі күні №16 емханаға барлық құжаттарымды ала барып тіркелдім. Осылайша, жаңа жылдан бастап аяқастынан №16 емханаға қарасты тұрғын болып шыға келдім.


«Бақсақ, бақа екен» демекші, тұрғынның сөзіне қарағанда, ешқандай таңдау құқы болмағанын, «сыртынан тон пішудің» арқасында емхана ауыстырғанын байқаймыз. Бұл дәрігерлердің жыл соңында «осынша тұрғын біздің емхананы таңдады» деген есебі үшін керек нәрсе ме әлде басқа сыры бар ма? Осылайша, тұрғындардың сөзінен жаңа жүйенің ерекшелігін тап басып таба алмаған соң, емхана басшысын жағаладық.


Біз бас сұққан №10 емхананың бас дәрігері Алуа Әбутәліпқызы жаңа жүйе еліміздегі денсаулық сақтау саласына өте ыңғайлы жүйе екенін, жыл басында жалпы қала бойынша (1,5 млн халқы бар Алматыда автор.) 21 мыңдай адам жаңадан тіркеуге отырғанын, соның ішінде 7 мыңдай адам өз емханасынан ауысып, басқа емхана таңдағанын алға тартып, жүйенің жақсылығы жайлы біраз нәрсе айтты. Алғашында ортақ компьютерлік бағдарламалардың болмауынан біраз қиындықтарға кездескендерін де жасырмады.


Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі қарамағындағы емханалар мен ауруханалар бас дәрігерлерінің министрлік енгізген өзгеріске сын айта алмасы белгілі. Алайда қай бір заң, қай бір бағдарлама, қай бір жүйе болсын ең алдымен халық мүддесі үшін қабылданып, халыққа қызмет көрсетуі керек. Ал емханадағы біз сұрау салған жұртшылықтың 80 пайызы жаңа жүйеден бейхабар. Осы орайда айта кетер жайт, күн сайын қарыштап дамып бара жатқан заманда біздің шенділеріміздің ақыл-ойы нақты істен алда кетіп бара жатқандай. Күні бұрын ойлаған ойын жүзеге асырғанмен, қоғамның талап-тілегі ескерілмегендіктен, қабылдаған бағдарламалары да толықтай іске аспай жатады. Біз күнделікті өмірде қолданылып жатқан жүйенің аяқ алысынан осыны байқадық.


 

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

7 сәуір 2010, 12:32
Рейтинг: