
2010 жылғы әлем чемпионатының бірінші туры аяқталды. «Н» тобының соңғы ойыны газетіміздің осы саны қатталып жатқанда аяқталғандықтан, біз соған дейінгі үш кездесуге қысқаша тоқталып өтпекпіз.
Словакия және Жаңа Зеландия құрамалары арасындағы кездесуден бастар болсақ, бұл ойын соншалықты тартысты болмады. Жаңа Зеландияның жағдайы да, деңгейі де белгілі. Сондықтан оларға мін таға алмаймыз. Керісінше, шамаларының жеткенінше тырысып, Еуропаның әлеуетті құрамасының бірімен ұпай бөліскендігіне риза болдық. Әйтпесе деңгейлері аса жоғары емес екен, «өрнекті ойын үлгісін көрсетті» деп айта алмаймыз. Тек аянбай тер төгіп, тыным таппай жүгіріп, ыңғайы келсе алға ентелеп, жанкештілік танытты. Намысты қолдан берген жоқ. Ал Словакия саңлақтарын не қара басты десеңізші? Бір гол соғып алды да, түлкібұлаңға салды. Қарқындарын үдетіп, тағы бір гол соғып алып, содан соң арқаны кеңге салса бір сәрі. Біле білсек, словактар соққан гол есепке алынбауы тиіс еді. Станислав Шестак допты айып алаңына қарай доғаша иіп тепкенде, Роберт Виттек ойыннан тыс қалған-ды. Бірақ қапталдағы төреші ойынды тоқтатпады. Қақпаға енген доп есепке алынды. Ал ойынның соңында Словакия қорғаушылары Уинстон Ридтен көз жазып қалды. Осылайша Словакия құрамасы жеңісті есепті уыстарында ұстап тұра алмады. Қолда тұрған үш ұпайдан айырылып, жер шұқып қалды.
Бұдан соң жасыл алаңға Португалия және Кот-д'Ивуар қырандары шыққан-ды. Екеуінің де сапында көпшілікке танымал аяқдоп жұлдыздары баршылық. Екеуі де сол жұлдыздарына сеніп қалғандай. Әлбетте, деңгейі бірдей осындай екі команда кездескенде, мұндай табан тірескен дүлей додада негізгі жүк әр ұжымның сыралғы серкелеріне артылады. Ойын тағдырын әдемі бір соққыларымен шешіп кететіндер де солар болушы еді. Бірақ бұл ойында екі команданың да сенім артқан серкелері үмітті ақтай алмады. Обалы нешік, Криштиану Роналду да, ойынға кейіннен қосылған Дидье Дрогба да, оған дейін Жервинью де шамалары келгенше тырысып бақты, аянған жоқ. Бірақ бұлардың ешқайсысы да еркін көсіле алмады. Бұлардың әрбір қадамдарын баққан қорғаушылар осы үшеуінің аяғына доп тисе, жан-жақтан қаумалап, қандай да бір қарекет жасауларына мұрша бермеді. Адымдарын аштырмады.
Енді бір байқағанымыз, екі құрама да шектен тыс сақ ойнауға тырысты. Бір ғана қатенің бағасы тым қымбат болатындығын, бір ғана қателіктің жеңіліске ұшырататындығын біліп, негізінен, өз қақпаларына гол жіберіп алмау жағын ойлады. Сондықтан ойын аса тартымды болмады. 90 минуттық табан тірес бастан-аяқ аңдысумен өтті.
Біздің уақытпен түн жарымында көк майса түкті «кілемге» Бразилия мен Солтүстік Корея футболшылары шыққан еді. Ойын басталмай жатып, Корея тарландары ағыл-тегіл жылап, сай-сүйегімізді сырқыратты. Өз елінің әнұраны құйқылжи жөнелгенде еңгерзедей Чон Тэ Се Әу еңкілдеп жылап, көзінен аққан жасы тарам-тарам болды. Оңтүстік Корея мен Жапонияның емес, Солтүстік Кореяның намысын қорғауға бел буғаны бекер болмай, әлем чемпионатында ойнау бақытына қол жеткізгендігіне егілген болар. «Осындай бос жігіт па едің, мынауың не?» деп сөге алмадық. Тек «қа-шан біздің жігіттер осылай бүкіләлемдік доп додасында, төрткүл дүние көз тіккен Ұлы тойда қара көрсетіп, төбемізді көкке жеткізеді» деген ойға баттық. Солтүстік Корея жігіттерінің футболдағы барлық жетістікті бағындырған теңбіл доп марқасқаларымен иық тіресе ойнап жүріп, көз жастарын тыя алмай жүргендерін көргенде, аяқдоп өнерінің құдіреті мен әлем чемпионаты мәртебесінің тым асқақтығын түсінгендей болдық. Түсінуге тырыстық...
Әлқисса, жүрек түкпіріндегі арманды «көсеген» көңіліміз бен ойымызды тыйып, Бразилия мен Солтүстік Корея арасындағы матчқа оралар болсақ, әу баста «пентакампеондар Азия аяқдопшыларын қамыстай жапырып кетер» деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмады. Солтүстік Кореяның қайсар жігіттері баршамызды сүйсіндіріп, теңбіл доп майталмандарына төтеп бере алды. Тіпті аракідік қарсы шабуыл ұйымдастырып, әйгілі Копакабана жағажайларынан келген аяқдоп өнері жайсаңдарының қорғаныстарын піспектеп, берекелерін алумен болды. Осылай ұзақ арпалысты. Жан алып, жан берісті. Тек екінші таймның басында сол қапталдан алға ентелеген қорғаушы Майконның шірене тартқан соққысына ешқайсысы тосқауыл бола алмай қалды. Әрине, соққы бағытталғанда, қақпашы қателесті. Қақпа «босағасын» ашық қалдырмай, денесімен бітеп тұруы керек еді. Бірақ Майконның өзі «гол соғамын» деп ойламағандығын айта кеткен жөн. Кейде адамды өзі емес, ішкі сезімі басқарып кететін сәттер болады. Сондай бір ішкі сезім Бразилия қорғаушысын теңбіл допты шірене тартуға итермелеген сыңайлы.
Екінші таймның ортасы ауа Бразилия футболшылары тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті. Бірақ бұл да Солтүстік Корея қырандарының сағын сындыра алмады. Олар ойын аяқталғанша айылдарын жимай, тізгіндерін тартпай айқасты. Сол табандылықтары жемісін беріп, матч соңында Чи Юн Нам тамаша гол соқты. Бразилияның мақтаулы қорғаушыларының ортасынан сытылып шығып, бекінісін бұзып өтіп, «Джабуланиді» қақпа ішінде тулатты.
«F» тобы
Словакия – Жаңа Зеландия – 1:1
Голдар: Виттек, 50 – Рид, 90+3.
«G» тобы
Португалия – Кот-д'Ивуар – 0:0
Бразилия – КХДР – 2:1
Голдар: Майкон, 50. Элану,
72 – Чи Юн Нам, 89.
«H» тобы
Чили – Гондурас – 1:0
Автор: Нұрғазы Сасаев
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: