Дода (Спорт)

Танымал тэгтер: , , , , ,

Демеуші бар, жебеуші жоқ

   0 303

Соболев, Ұтабаев және Әбуғалиев жалақы және сыйақыларының жартысынан айырылды



Әдетте мұндай баспасөз мәслихаттары көңілді өтетін. «Жаңа демеуші таптық» деп басшылық та, футболшылар да шаттанып отыратын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ баспасөз мәслихаты кезінде Павел Новиков сөйлеп отырғанда, команда капитанының жүзінен ащы мысқыл байқалды. Ал бас бапкер Сергей Волгиннің жүзінен ауыр мұңды байқау қиын емес еді. Ал Новиковтың өзі бар мәселені сөзбен сойып отырды. Міне, «Қайраттың» қазіргі жайы дәл осындай.



Алматының «Қайрат» футбол клубы Қазақстан және Ресейдің ғана емес, бүкіл ТМД елдерінің ішіндегі алпауыт компаниялардың бірі саналатын «КазРосГазбен» келісімшартқа отырды. Футболшылар өздеріне тиесілі жалақыларын алып, түсіп кеткен еңселерін көтерді. «Енді команданың бағы жанып, бұрынғы жетістіктерін қайта жаң­ғыр­та­ды, еліміздің алдыңғы қатарлы командасына айналады» деп ойлап әрі үміттеніп отырған шығарсыздар. Иә, біз де соны қалаймыз. Бірақ, өкі­нішке қарай, бұлай деп бөркімізді аспанға лақтыруға әлі ерте. Мұны біз клуб мүшелерінің қатысуымен Алматыда өткен баспасөз мәс­ли­ха­тындағы жағдайды өз көзімізбен көргеннен кейін айтып отырмыз.



Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Па­вел Новиков, бас бапкер Сергей Волгин және команда капитаны Сергей Куцов қа­тыс­қан баспасөз мәслихаты, негізінен, «Қай­рат» футбол клубы мен «КазРосГаз» ком­па­ния­сының арасындағы келісімшарт төңірегінде өр­буі керек болатын. Рас, бас жағында со­лай болды. Павел Новиков «Қайраттың» «Каз­Рос­Газбен» қалайша келісімшартқа келе ал­ған­дары жөнінде, енді команда бірін­ші лигаға түсіп қалмау үшін ұпай жи­нау­ға кірісетіндіктері туралы мәлімдеген. Алайда журналистермен болған сұрақ-жауап бөлімі кезінде көптеген мәселенің шеті ашылып жатты.

– 31 тамызда келісімшарт толық дайын бол­ды. Нәтижесінде, биылғы жылға «Каз­Рос­Газ» бізге 290 миллионнан астам теңге бөлді. Нақты соммасын айтар болсам, клуб бюджетіне демеуші тарапынан ау­да­рыл­ған қаржы 293 839 920 теңгені құ­ра­ды. Деген­мен бұл қаржының жартысы ко­ман­даның игілігіне жұмсалып та қойды. Себебі Ал­ма­ты­ның Орталық стадионына 2008 жылдан бері санағанда 23 миллион теңге қары­зы­мыз жинақталып қалған. Фут­болшыларға да бірнеше ай үшін бере­шек болып қалған едік. Басқа да мәселелер бар, соның бар­лы­ғына біраз ақша жұм­са­дық, – деп бас­тады Павел Максимұлы. Де­ген­мен фут­бол­шылар өздеріне тиесілі жал­ақыларын толық алған жоқ. Мұның се­бебін қала әкімінің ке­ңесшісі былайша түсіндірді.

– Біз футболшыларды Елбасына хат жаз­­ған­дары үшін жаңа заман талабына сай жа­за­лауды жөн көрдік. Яғни тамыз айын­дағы жалақыларын 50 пайызға қыс­қарт­тық. Сон­дай-ақ БАҚ өкілдері арқылы клуб жағ­дайы­на шағымданған бес фут­бол­шының та­мыз айындағы гоно­рар­ла­рының 50 пайы­зын ұстап қалуды жөн көрдік. Себебі ке­лі­сім­шарт бойынша клуб­тың жағдайын жур­на­лис­терге жеткізуге бол­майды. Ал Пре­зидентке шағымдану – ардан ат­та­ған­дық.

Павел Максимұлының айтып отырған бес футболшысы – капитан Сергей Куцов, вице-капитан Евгений Овшинов және ко­манда ардагерлері Қайрат Отабаев, Вячес­лав Соболев, Шыңғыс Әбуғалиев. Деген­мен БАҚ өкілдеріне шағымданғандары үшін атал­мыш футболшылар еш өкінбейтін се­кілді. Оның үстіне, команда мен фут­бол­шы­лар арасында «БАҚ-қа шағымдануға бол­май­ды» деген келісімшарт мүлдем жоқ кө­рінеді.

– Егер біз баспасөз арқылы клуб жағ­дайын­дағы былықтарды жеткізбегенде, біздің айлығымызды әлі күнге дейін созып жүре беретін еді. Команданың бірде-бір мү­шесі баспасөзге шағымданып, Елбасына хат жазғаны үшін өкінбейді. Сондай-ақ Но­­ви­ков­тың айтып отырғаны мүлдем өті­рік. Біздің ке­лісімшартымызда «БАҚ өкіл­деріне ша­ғым­дануға болмайды» деген тар­мақ жоқ, – деп Сергей Куцов та қарап қал­­май, Но­ви­ковтың айтқанын жоққа шы­ғарып, өті­рігін ашып қойды. Әлбетте, бұл сөзді Сер­гей Куцов қала әкімі кеңесшісінің кө­зін­ше емес, баспасөз мәслихаты аяқ­та­лып, журна­лис­тер­мен жеке қалғанда айт­ты.

– Ал өзіңіз келесі жылы «Қайратта» қа­ла­сыз ба? – деген сұрағымызға Ку­цов:

– Егер басшылық ауысса, қалатын ние­тім бар, – деп жауап берді.

– Ауыспаса ше?

– Бұл басшылық біздің ешқайсымызды келесі жылға қалдырмайды. Осы маусым аяқ­талсыншы, бәрімізді қуады. Олар бізді ша­ғымданғанымыз үшін ала көз­де­рі­мен атып жүр. Амалдарының жоқ­ты­ғынан ғана клубта ұстап тұр. Өйткені тран­с­ферлік кезең әлдеқашан аяқталып қойды.

Әлбетте, бұл футболшылармен «Қай­рат» чемпиондыққа таласады, тіпті жүлделі орындардан көрінеді деп айта алмаймыз. Қазіргі құрамның шамасы ары кетсе ал­ғаш­қы алтылық екені белгілі. Дегенмен бірден тү­гел құрамды жаңартып жіберуге де бол­май­ды ғой. Жаңа футболшылардың өзара тү­сінісемін дегенінше бір-екі жыл керек. Де­мек, «Қайратты» келесі жылы да, одан кейін­гі жылы да еліміздің алдыңғы қатарлы клуб­та­рының қатарынан көре алмаймыз-ау.

Сондай-ақ өзін де, өзгені де командада қал­дырмайтынын білетін команда капи­та­ны шетке шыққан соң, қала әкімі кеңес­ші­сінің тағы бір сөзіне қарсы уәж айтты. Нақ­тырақ айтсақ, Павел Максимұлы жақын ара­да клубтың базасына да күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жасалатынын айтқан.

– Шынымды айтсам, базаға биыл жөн­­деу жүргізіледі деп ойламаймын, – деді капитан. – Өйткені бүгінде басты на­зар Ақ Азиа­даға аударылған. Тіпті істеріне қарап тұр­сақ, келесі жылы да бұл істі қолға ала қой­майды-ау. Жарайды, күрделі жөн­деу­ді бас­тасын, ал футболшыларды қайда жі­бе­ре­ді? Ойыншылардың барлығы да бүгінде еш жағдай жасалмаған базада тұ­ру­ға мәж­бүр.

Естеріңізге сала кетейік, қаржының же­тіс­пеушілігіне байланысты клуб басшылары қонақүйде тұрған футболшылардың бар­лы­ғын базаға қоныстандырған. Ал «Қай­рат­тың» базасында басқа жағдайдың өзін айтпағанда, суық су да тапшы көрінеді.

Жалпы айтқанда, «Қайратқа» әлеуеті зор жаңа демеуші келгенімен, клубтың іш­кі былығы жақын арада тазара қоймайтын сияқты. Дегенмен бұл баспасөз мәс­ли­ха­ты­ның ұйымдастырылғаны да жақсы бол­ды. Әйтпесе жанкүйер қауым «демеуші та­былды. Енді барлығы керемет болады» деп ойлап жүре берер ме еді.



Сергей ВОЛГИН, «Қайрат» футбол клу­бының бас бапкері:

– Мен тұрғанда ешбір футболшы еш­қай­да кетпейді. Мен оларды ба­рын­ша қор­ғауға тырысам. Әлбетте, өз ер­кі­мен кеткісі кел­ген­дерге еш нәрсе істей ал­маймын. Де­ген­мен өзім әрдайым фут­болшылар жағын­дамын. Бұл жағ­дай­да ойыншыларды толық қол­дай­мын. Алай­да ешкім шектен шықпауы тиіс.


– Сергей Василийұлы, жаңа демеуші та­был­ғанымен, команданың болашағы әлі де бұлыңғыр сияқты ғой...

– Болашағы дейсіз бе? Артық кеттіңіз. «Қай­­раттың» қазіргі жағдайының өзі бұ­лың­­ғыр болып тұрғанда, болашағы жайлы не айтуға болады. Бұл жағдайдың бар­лы­ғы футболшылардың алдағы ойын­да­ры­на кері әсер етпей қоймайды. Ойын­шы­лар­­ға әлі де сыйақыларын төлей алмай отыр­мыз. Сон­дай-ақ медициналық көмегі бар, басқа мә­се­лелері бар, төленбеген қа­рыз­дарымыз әлі жетіп жатыр.


Автор: Әзиз Жұмаділ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

10 қыркүйек 2010, 12:45
Рейтинг: