
Ресей астанасы Мәскеудегі «Олимпиский» спорт кешенінде күрес түрлерінен кезекті әлем чемпионаты басталды.
Ұйымдастырушылардың берген мәлеметі бойынша, жүз мемлекеттен 2000-ға жуық балуандар келіпті. Күрестің үш түрі бойынша. Олардың арасында төрт Олимпиада, алты әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының тоғыз жүлдегерлері бар екен. Бұған құрлық біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қоссаңыз, бәс көрігінің қызып тұрғандығын аңғара аласыз.
Алдымен әлем чемпионатының белдесулерін грек-рим күресінің балуандары бастады. Боз кілемге 55, 66 және 96 келі салмақ дәрежелерінде бақ сынайтын өрендер шықты. Қазақ елінің намысын 55 келіде Жанкелді Әзікенов қорғады. Ол соңғы сәтте жарақат алып қалған Асхат Құдайбергеновті алмастырған жас балуандардың бірі еді. Жанкелді бірінші белдесуінде австриялық Норман Паркермен кездесіп, қарсыласын оңды-солды алып ұрды. Бірінші кезеңде 4:0 есебімен ұтса, үзілістен кейін де белсенділік танытып, 3:1 есебімен өз басымдылығын байқатты. «Жас жігіттің аяқ алысы жаман емес» деп осы сәтте демімізді ішке тарттық. Бірақ жерлесіміз нағыз мықтыға кездеспей тұр екен. Екінші белдесуінде кубалық Густав Балларатқа еш қарсылық көрсете алмады. Ал Куба балуаны келесі айналымда жеңілгендіктен, Әзкенов қола жүлде үшін белдесу мүмкіндігінен үмітін үзіп, әлем чемпионатымен қош айтысты. Жанкелдімен тілдескенімізде:
– Шынын айту керек, мен үшін әлем чемпионатының боз кілемінде белдескеннің өзі – үлкен бақыт. Осыған қолы жете алмай жүрген қаншама балуан бар. Бірақ өзіме артылған сенімді ақтай алмағаныма қатты өкініп тұрмын. Қарсыласым мықты, күші де менен басым көрінді. Тәжірибем аздық етті. Толқымай, өз-өзімді баса білуім керек екен. Амал қанша, мұндай мүмкіндік енді қайтып келе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз, – деп ағынан жарылды.
66 келіде барша қазақ елі сенім артқан Дархан Баяхметов белдесті. Үміт артқан тарланымыз алғашқы белдесуінде грекиялық Лоаннис Паротсидиспен белдесіп, оп-оңай ұтты. Бірақ бұл да алдамшы жетістік екен. Келесі айналымда күрес әліппесін енді үйреніп жүрген щвейцариялық Паскаль Стрибельден жеңіліп, жігерімізді құм қылды. Басы төмен салбырап, бір әдіс те қолдана алмай, жүріп алды. Құдды, әлем чемпионатына емес, серуендеуге келген жан секілді. Артында барша қазақ елі тақымын қысып, тықыршып отырғанын сезінген жоқ. Өзіне артылған жауапкершілікті жете түсінбегені ме?! Әлем чемпионатының бір жүлдесі төккен тер мен жұмсалған қырауар қаржыны ақтар еді. Жанкелдіні жас дедік. Ал Дарханның бұл еркелігі несі? «Ел үмітін ақтайды» деген балуанның осындай немқұрайды белдесуі арқаңа аяздай батады екен. Олай дейтініміз, Баяхметовтің жеңіске деген құлшынысы болған да жоқ. Әйтпесе білгенінен жаңылып не көрініпті? Бірінші кезеңде жаза басып, қарсыласының астына түсіп қалды. Есе қайтаратын екінші кезеңде еңсесі бір көтерілмей-ақ қойды. Бірінші белдесуден кейін Дәулет Тұрлыханов: «Дархан, сенің мына белдесуің маған ұнап тұрған жоқ. Сылбыр күрестің, алда әлі бұдан да қиын белдесулер бар, жинал», – деген болатын. Білікті маман сол сәтте Дарханның бұдан ары қарай дұрыстап белдесе алмайтынын іші сезген екен ғой...
Біздің жігіттердің осылай асқақтап кететін жаман әдеттері бар. Мәскеуде көрдік, бес мәрте әлем чемпионы атанған Иран балуаны Сороян сабырлы қалпынан айнымай белдесіп, Мәскеу төрінде алтыншы мәрте өз елінің әнұранын шырқатты. Қандай бақыт десеңізші. Алғашқы күннің өзінде екі бірдей балуаны финалда белдескен ирандықтарға қызыға да, қызғана да қарап, біз тұрдық. Жақсылық аға да осы жерде еді. Ырымшыл халықпыз ғой, дәл осыдан отыз жыл бұрын, дәл осы «Олимпиский» спорт кешенінде Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіров Мәскеуге келген:
– Менің жолымды жігіттерге беріп, «осы жерде қазақтың көкбайрағы көкке көтерілсе екен» деген ақ тілекпен балуандарға сәттілік тілеп келіп едім. Бірақ көңілім қалып, жүрегім ауырып тұр. Дарханға не болғанын білмей далмын. Ал Әсет жарады, – деді.
Шынымен де, 96 келі салмақтағы Әсет Мәмбетов жарады. Бірінші белдесуінде иорданиялық Мохамед Яхияны ұпай санымен жеңіп, екінші айналымда Олимпиада чемпионы, ресейлік Асланбек Хуштовпен күресті. Екеуі осымен үшінші рет бетпе-бет кездесіп тұр: Олимпиадаға дейін, Олимпиадада және міне, Мәскеуде. Алғашқы екеуінде Хуштов жеңіске жеткен. Бұл жолы есе қайтаруды ойлаған Әсет бірден алға ұмтылып, Ресей мықтысын алып ұрып, үш ұпай еншіледі. Бірінші кезеңде басым болды. Үзілістен кейін де намысты қолдан берген жоқ. Жамбасқа салып, алып ұрып, үш ұпай еншіледі. Қарсыласы да беріспей, екі ұпай алып үлгерді. Осы сәтте ортадағы төреші іске араласып, «Әсет күрес ережесін бұзды» деп кілем иесінің еншісіне екі ұпай жазып жіберді. Осыдан бастап Әсеттің жүйкесі сыр бере бастады. Шешуші кезеңде Хуштов ертерек қимылдап, келесі кезеңге өтіп кетті. Бірақ Әсет діңкелеткен Хуштов келесі белдесуінде Иран балуанынан ұтылып қалды. Өкініштісі, Әсет қола жүлде үшін белдесу мүмкіндігіннен айырылып, чемпионаттан тыс қалды.
Әлем чемпионатының алғашқы күнгі қорытындысы:
55 келі: 1. Хамид Сороян (Иран)
2. Жин Шой (Корея)
3. Назир Манкиев (Ресей)
Роман Амоян (Армения)
66 келі: 1. Амбако Вачадзе (Ресей)
2. Армен Варданян (Украина)
3. Васиф Арзиманов (Түркия)
Виталий Рахимов (Әзірбайжан)
96 келі: 1. Әли Әлиакбари (Иран)
2. Тимофей Дзениченко ( Беларусь)
3. Асланбек Хуштов (Ресей)
Жимми Лиденберг (Швеция)
Автор: Телжан КҮДЕРОВ, арнайы «Алаш айнасы» үшін Мәскеуден
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: