Дода (Спорт)

Танымал тэгтер: , , , , ,

Шөп өсіруге де шамамыз келмей ме?

   0 319

Жуырда Тараз қаласында балаларға арналған футбол алаңы ашылған болатын. Бір ерекшелігі, бұл футбол алаңы құрылысында барлық стандарттық талаптар сақталынып, ондағы жасанды шөп сонау Голландиядан әкелініпті. Футбол алаңшасы барлық халықаралық өлшемдерге сәйкестендірілген.



Осы алаңның ашылуы Жамбыл облысындағы футболды дамытудың бағдарламасын жүзеге асырудың бастамасы болатын. Облыстық футбол федерациясы осындай 20 футбол алаңын салуды жоспарлап, оның 10-ы облыс орталығында салынатын болып шешілген-ді. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев мұндай алаңдарды балалардың аула клубтарының балансына беруге уәде еткен болатын. Балалардың аяқдоппен  алаңсыз айналысуына барынша жағдай жасалатындығын тілге тиек еткен еді. Жақсы іс жалғасын тауып, бүгінде тараздық жеткіншектер заман талабына сай футбол алаңдарында шеберліктерін шыңдап жүр. Жас өскіндер үшін жақсылық жасап жүрген басшылықтарға риза болып қалғанбыз. Бізді қызықтырғаны, футбол алаңшасындағы шөптің теңіз басып, тау асып, шеттен әкелінгендігі еді. Сонда «шөп өсіруге де шамамыз келмей ме?» деген ой туындаған. Әрине, шетелден жеткізілген жасанды шөптің аз ақша тұрмайтындығы белгілі. Өткен жылы ғана Павлодардың Орталық стадионында елімізде жоқ жаңа синтетикалық шөп қабаты төселген болатын. Мамандардың айтуынша, синтетикалық көгалдың құны шамамен 200 мыңнан астам евро тұрады екен. Нидерландылық көгал жасаушылардың тәжірибесімен мұны волгоградтық фирманың мамандары жүзеге асырған. Стадионға «екі жұлдыз» мәртебесі берілген. Яғни мұндай стадиондарда халықаралық сайыстарды да өткізуге мүмкіндік бар. Оған, әрине, стадион жаңартудағы шетелдік шөптің де қосар үлесі қомақты екені сөзсіз. Ал семейліктер жасанды алаң жоқ деп өкпелі. Семей жері қазақ футболының отаны саналса да, еліміздегі жасанды төсеніші жоқ жалғыз қала болып табылады екен. Шымкенттіктер болса, «шетелдік шөптің керегі жоқ» деп отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Әлібек Нұртаев: «Бұрында да, жуық арада да Голландиядан жасанды шөп алдыртамыз деген жоспарымыз болған емес. Оған өте қомақты қаражат керек. Жеке футбол клубтары ғана бұған кәсіпкерлердің көмегімен қол жеткізбесе, мемлекеттік мекемелердің балансындағы стадиондардың ешқайсысында мұндай жасанды шөптер төселмеген. Аудандағы стадиондардың бұған тіпті шамасы жетпейді де. Онда көбіне ажырық шөп егеді. Ал қалалық стадиондарда жасанды шөптің ұрығын сеуіп өсіре береді. Ол әрі арзан, әрі тиімді де» дейді. Ал еліміздегі үшінші қала болуға ниеттеніп отырған Шымкенттің орталық стадионына шетелдік жасанды шөпті төсеуді басшылық қолай көріп отырған жоқ.

Бекбатыр ҚҰНАНБАЕВ, Қажымұқан атындағы орталық стадион бастығының шаруашылық жөніндегі орынбасары:

– Орталық стадиондағы шөп жабындысы кәдімгі қарапайым ғана шымнан жасалған. Шым шыдамды келеді. Әрі климаттық жағдайға да төзімді.


Халықаралық чемпионаттар өткізіп жүрген дамыған елдердің стадиондарын көріп, аузымызды ашып, көзімізді жұматынымыз рас. «Жасыл жұмақтай» жайқалып тұрған шөп жабындысының кереметтігіне тамсанатынымыз тағы да рас. «Зебра» үлгісінде екі түрлі түс беретін сол шөптерді еліміздегі футбол алаңдарынан көргіміз келеді-ақ. Алайда оған әлі ерте сияқты. Екі жұлдызды стадиондар санын көбейту де алдағы күннің еншісіне қалары тағы анық. Оның үстіне, ландшафт дизайнері деген мамандар бізде саусақпен санарлықтай ғана. Көршіміз өзбек елінде мұндай мамандарды кәсіби тұрғыда даярлауға көп көңіл бөлінеді. Елімізді көгалдандыру саласында тер төгіп жүргендердің басым бөлігі – Өзбекстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарын бітіріп келген мамандар. Ал қыр баласы кір жұмыс деп бұл мамандыққа мұрын шүйіре қарайды. Ал шындап келгенде, нағыз сұранысқа ие осы мамандық емес пе? Өкініштісі, оны жарнамалау жағы да кемшіндеу. Ірі стадиондарды реставрациялау жұмысына көбіне шетелден аттай қалап маман шақырып әуреге түсіп жатқанымыз. Халықаралық талаптарға сай ету үшін бұл дұрыс та, әрине. Алайда оны өз қаракөздеріміз атқарып жатса, абырой емес пе? Сонымен, қысы-жазы түсін бермейтін голландиялық жасанды шөпті елімізде өз мамандарымыздың дайындайтын күні алыс сияқты. Егер ішкі сұранысты өз мамандарымыз қанағаттандырса, шеттен шөп тасып неміз бар?

Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

8 қыркүйек 2010, 10:45
Рейтинг: