
«Еуро – 2012» турнирінің іріктеу ойындары басталып та кетті. «А» тобының аясында Түркия ұлттық құрамасымен кездескен Бернд Шторк құрама командасы 0:3 есебімен ойсырай ұтылды.
ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІҢ ЖАЛЫНДЫ СӘЛЕМІ
Дегенмен, бір өкініштісі, әлем баспасөзі «Түркиядан ұтылған Шторктың командасы емес, қазақтың ұлттық құрамасы» деп жарыса жазып жатыр емес пе?! Шетелдік қай сайтты ашып қарасаңыз да, барлығынан Бернд Шторк командасының емес, ұлттық құрамамыздың ойсырай жеңілгенін оқисыз. Сондықтан бұл құраманы қанша жерден «неміс бапкерінің командасы» дегенімізбен, көпшіліктің көзін бәрібір жеткізе алмаспыз.
Шыны керек, таблодағы 0:3 есебі үшін емес, команданың ойын өрнегінің мүлдем жоқтығына ішіміз күйеді. Әйтпесе 0:3 емес, 0:4, 1:5, тіпті, 0:6 деген есептердің талайын көрдік емес пе?! Мұндайға көзіміздің үйреніп қалғаны қашан?! Тек, матчтың басында, «есепті қойшы, футболшыларымыз ең болмаса, ұлттық құрамаға лайықты ойын көрсетсе екен. Тым құрығанда, дұрыстап ойнай білсе, бәрін қойшы, масқара болмасақ екен» деген ой ғана болған еді. Дегенмен дәл қазіргі ойынмен, дәл қазіргі бапкермен масқаралықтан қашып құтыла алмайтын сияқтымыз.
Ал ойын біткеннен кейін әркім кінәні әр нәрседен іздей бастады. Әрқайсысы өз аргументтерін айтып, тіпті кейбіреулері, «дұрыс қолдау көрсетпеді» деп жанкүйерлерге де кінә таққысы келді. Алайда стадионға жиналған көрермендерге кінә тағудың қажеті жоқ. Оларды да түсінуге болады. Кім отандастарымызға емес, шеттен келгендерге жанкүйер болғысы келсін?! Ал жалпы алғанда, жанкүйерлер өздерін жақсы жағынан көрсетті. Тіпті «Сборная проходной двор» деп үлкен банерді іліп қойғандары да көпшіліктің көңілінен шықты. Ол ештеңе емес, басқа бір сәтте, «Шторк, орныңнан кет!» деп ағылшын тілінде «сыпайы» түрде жазылған үлкен банерді көтеріп, неміс маманына дұғай сәлемін жеткізді. Дегенмен бір ғана кемшіліктері, көбінесе «Вперед, Казахстан!» деген дауыстары ғана естіліп жатты. Осыған байланысты, жанымыздағы түрік журналистерінің бірі «бұл не мағына береді» деп сұрағанда, не деп жауап берерімізді де білмедік.
ТҮРІК ЖУРНАЛИСІНІҢ АЙТҚАНЫ КЕЛДІ
Ойын басталмай тұрып, жанымдағы әлгі түрік журналистерінің бірінен ойынның есебі қандай болатыны туралы болжам жасап көруін сұрадым. «Түркия – фаворит! Менің ойымша, бұл матчта біздің футболшылар үш гол соғуы тиіс», – деп нық сеніммен жауап берді әлгі түрік әріптесім. Дегенмен көңілімді қимады ма, «қазақтар да бір голмен жауап қайтаратын шығар» деп қосып қойды.
Сонымен, ойын басталып та кетті. Түрік журналисі айтқандай, қонақтар өздерінің фаворит екенін айқындап, ойын тізгінін бірден өз қолдарына алды. Алғашқы шабуыл, алғашқы бұрыштама, алғашқы айып добы – барлығы да солардың еншісіне жазылды. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Айналдырған екі минуттың ішінде Сидельниковтің қақпасында екі доп тулап жатты. Иә, екіншісінде Хамит Алтынтоп допты керемет соқты десек, бірінші гол қақпашымыз Сидельников пен орталық қорғаушыларымыз, оның ішінде Ресейден келген келімсек Алексей Поповтың қателігінен кейін соғылды деуге толық негіз бар. Сидельников Тұнджай Шанлы баспен соққанда позициялық тұрғыда қателескен болса, Попов Арда Тұранды ұстап тұра алмады. Сондай-ақ үшінші голдың соғылуына да осы екі футболшымыз өз «үлестерін» қосты. Қорғанысын тастап, алға шығып кеткен Попов кері қайтып үлгермей, ақыры Нихат Қахведжиді тоқтата алмады. Ал өз кезегінде Нихат қақпашымыз Андрей Сидельниковті жас балаша алдап өтті. Нәтижесі – 0:3, ұлттық құрамамыз тағы да ойсырай ұтылды. Бірақ, егер түріктер тырысқанда есеп бұдан да жоғары болар еді. Дегенмен екі құрама арасындағы бұрынғы ойындарды қосқанда жалпы есеп – 0:13 болады екен.
Шыны керек, қайта осыдан бес жыл бұрын, таблодағы есеп 0:6 болғанына қарамастан, футболшыларымыз қазіргіге қарағанда тәуір ойнаған еді. Қайта сол ойында футболшыларымыз намысқа тырысып, қақпаға соққы бағыттаумен болған-ды. Бір ғана марқұм Олег Литвиненконың допты қақпа бағанына тигізгенінің өзі неге тұрады?! Ал бұл жолы ойыншыларымызда мұндай мүмкіндік болған да жоқ. Тіпті бұл жолы түріктердің айып алаңына өте алмай дал болған жоқпыз ба?!
Дегенмен алда Бернд Шторктың үш ойыны қалды. Әлбетте, үш ойында ұлттық құрамамыз үш ұпай жинай қоймас. Сондықтан еліміздің Футбол федерациясына қазірден бастап, жаңа бапкер іздей берген дұрыс-ау.
Бернд ШТОРК, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан құрамасы түріктерден 0:6 есебімен ұтылған. Сол ойынға қарағанда, бұл жолы футболшылар тәуір ойнады. Тіпті гол соғатын мүмкіндіктер де болды. Ал командаға жаңадан қосылған Генрих Шмидтгаль мен Алексей Попов өз міндеттерін тамаша атқарды. Попов қорғаныс шебінде әріптестерінің олқылықтарын жауып отырса, Шмидтгаль Александр Кировпен жақсы түсіністі. Енді бізді алда Австриямен ойын күтіп тұр. Бұл да қиын матч болатын түрі бар. Жалпы, мен үшін командамыздың ұпай жинағаны емес, өрнекті ойын үлгісін көрсеткені маңызды.
Азат Нұрғалиев, Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы:
– Масқара болып ұтылдық. Түріктерге қарсы еш айла қолдана алмадық. Шынымды айтсам, жанкүйерлерден не деп кешірім сұрарымды да білмеймін. Дегенмен алдағы ойындарда намысқа тырысуға уәде беремін.
Қазақстан (Шторк құрамасы) – Түркия – 0:3
Голдар: Арда Тұран, 24. Хамит Алтынтоп, 26. Нихат Кахведжи, 78.
Қазақстан: Сидельников, Киров, Абдулин, Кислицын (Рожков, 85), Карпович (К) (Родионов, 64), Остапенко (Мальцев, 72), Жұмасқалиев, Нұрғалиев, Шмидтгаль, Попов, Азовский.
Түркия: Киврак, Четин, Емре Белезоғлы (К), Балта, Хамит Алтынтоп, Кахведжи (Инан, 82), Тұнджай Шанлы (Халил Алтынтоп, 80), Тұран, Аурелио (Казым Казым, 89), Эрдоған, Сарыоғлы.
«А» тобының тағы бір ойыны:
Бельгия – Германия – 0:1
Гол: Клозе, 51.
Автор: Әзиз Жұмаділ
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: