Дода (Спорт)

Танымал тэгтер: , , , , ,

Еуроспорт еліміз жайлы фильм түсірмек

   0 442

«Астана» велокомандасының табыстарына тәнті болған «Еуроспорт» телеарнасы енді команданың спортшылары арқылы Қазақстанды жарнамаламақ.



«Еуроспорт» телеарнасы велоспортта топ жарып, Еуропаны тамсандырған «Астана» командасымен бірлесіп, біздің елімізді кеңінен насихаттайтын екі бірдей тележобаны қолға алып отыр. Оның біріншісін – «Спортшымен саяхат» (The Sport Traveller) деп аталатын 20 шағын фильмнен тұратын тележобаны lonely Planet продакшн компаниясы қазан айынан бастап түсіруге кіріседі. Сонымен, бір мезгілде Еуроспорттың түсіру тобы «Балғын үміт» (Yong hopes) жобасын да әзірлеумен айналысады. Бұл жаңалықты кеше Астанада өткен баспасөз мәслихатында Еуроспорт телеарнасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша сатылым директоры Томас Бьорет пен аталған аймақ бойынша коммерциялық директоры Саша Лайер хабарлады. Еуроспорт өкілдерінің айтуынша, «Спортшымен саяхат» фильмінде «Астана» велошабандоздары Қазақстанның қалалары туралы әңгімелеп, еуропалық көрермендерге өздері демалғанды ұнататын көрікті орындар мен әдемі жерлерді таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанға келетін шетелдік қонаққа елімізде қандай табиғи қорықтар мен көрікті мекендер, мұражайлар бар екендігінен хабардар етеді. «Қазақстан – келіп көруге тұрарлық өте қызықты, айрықша ел. Сондықтан менің және менің тобымның міндеті – көрермендерімізге осы елді мейілінше кеңінен көрсету», – деген Саша Лайер баспасөз мәслихатында «Балғын үміт» жобасының да мақсатын ашып айтты. Бұл жоба бойынша Еуроспорт телеарнасы еліміздің болашағынан үміт күттіретін жас спортшылары – жас теннисшілер мен футболшыларымыз, велосипедшілеріміз туралы 16 сюжет әзірлемек. «Тұтастай алғанда, осы жобалар арқылы Қазақстанның мәдениеті мен құндылықтарын да насихаттап, елдің спорттық әлеуетін көрсетпекпіз. Осы тұрғыдан алғандағы түпкі мақсатымыз – Қазақстанды таныту, бірінші кезекте еуропалықтарға кеңінен таныту», – деген Саша Лайер Еуроспорт 2010-2011 жылдары біздің елде болатын барлық спорттық жарыстарды да назардан тыс қалдырмайтынын айтып қалды. Соған орай «Еуроспорт Астана мен Алматыда өтетін қысқы Азиада ойындарын трансляциялай ма?» деген тілшілердің сауалына осы баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР велоспорт федерациясының президенті, «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов: «Біз Еуроспорттың қысқы Азиада ойындарын көрсеткенін қалаймыз. Сондықтан бұл мәселеге қатысты алғашқы кәсіби диалогті Еуроспорт өкілдерімен бүгін бастаймыз. Еуроспорт Азиаданың тек қызықты тұстарын көрсете ме, жоқ әлде кең ауқымда трансляциялай ма, ол арасы таяу күндері белгілі болады», – деп жауап берді.

Ерекше атап айтарлығы, Еуроспорт аталған екі жобаны да өзі қаржыландырады. Дайын болған фильмдер мен сюжеттерді алдағы қараша айынан 2011 жылдың ақпан айы аралығында эфирге шығару жоспарланған.

Автор: Айбын Бақытұлы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

4 қыркүйек 2010, 12:39
Рейтинг: