Дода (Спорт)

Танымал тэгтер: , , , , ,

Түркиядан келген «қырғыз»

   0 377

Қазақстан футболында легионерлер өте көп. Тіпті ұлттық құрамамыздың бас бапкері Бернд Шторк те бас командамызды келімсектерден құрайтын жағдайға жеткен. Дегенмен өз клубтарында өнегелі ойын өрнегімен көзге түсіп, жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысына айналып жатқандар да аз емес. Мәселен, «Ақтөбенің» сапында камерундық Тити Эссомба жасындай жарқылдап жүрсе, «Локомотивте» молдавиялық Игорь Бугаев көрермендердің көзайымына айналды. Сонымен қатар «Қайраттың» қақпашысы Ненад Эрич те атап өтуге тұрарлықтай. Міне, клубына пайдасын тигізіп, ел чемпионатының көрігін қыздырып жүрген сондай легионерлердің бірі – қырғызстандық Антон Землянухин. Маусым басында Түркияның «Гиресунспор» командасынан Қазақстанның «Таразына» ауысқан футболшы азғана уақыттың ішінде жергілікті жанкүйерлердің көзайымына айналып үлгерді.




Антон Землянухин

Туған жылы: 11.12.1990 ж.

Туған жері: Қара-Балта қаласы (Қырғызстан).

Бойы: 171 см.

Салмағы: 65 келі.

Клубы: «Гиресунспор» (Түркия). «Таразға» осы маусымның соңына дейін жалға берілген. 4 гол соққан.

Алаңдағы орны: шабуылшы.



– Антон, Қазақстан футболымен тыныстап жүргеніңе 7-8 айдың жүзі болыпты. Ел біріншілігінің деңгейіне легионер ретінде қандай баға бересің?

– Мен, негізі, бұған дейін Қырғызстан және Түркия чемпионаттарында ойнағанмын. Егер сол елдердің біріншілігімен салыстырар болсақ, Қазақстан чемпионаты Қырғызстан біріншілігінен әлдеқайда озық әрі тартысты. Ал Түркия біріншілігіне жетеқабыл. Әлбетте, Қазақстан премьер-лигасы Түркия футболымен терезесі тең деп айта алмаймын. Бірақ сіздердің елдеріңізде доп тебу ұнады.

– Жалпы, Түркия чемпионатынан Қазақстан біріншілігіне, оның ішінде «Тараз» футбол клубына қалай келдің?

– Ой, мұның әңгімесі көп. Ол үшін футболдық ғұмырымды қалай бастағаным жөнінде толық айтып шығуым керек болады.

– Айта бер, тыңдауға әзірміз.

– Алғашында Қырғызстанның Кант қаласының намысын қорғайтын «Абдыш-ата» клубының сапына алындым. Қателеспесем, ол 2007 жылдар болатын. Дегенмен бұл командада ұзақ тұрақтаған жоқпын. Мені бірден Түркияға алып кетті. Не үшін? Не себептен? Ештеңені де білмейтін едім. Сөйтіп, Түркияның «Гиресунспор» командасының сапына алындым. Бастапқыда бәрі де жақсы болатын. Түркиядан жанкүйерлерімді де жинап үлгергенмін. Ойын өрнегім де басшылықтың көңілінен шығып жатты. Қарап тұрсам, "Гиресунспор» сапында барлығы 33 ойын өткізіп, 9 гол соғыппын. Дегенмен бертін келе клуб басшылығы «мінез» көрсете бастады. Өзіме тиесілі табысымды да толық бермейтін болды. Содан не керек, ақыры клуб президентімен арақатынасымды бұзып, мені жалға басқа командаға жіберуді сұрадым. Сөйттім де «Гиресунспордың» президенті ауыспайынша, командаға оралмаймын» деп өз-өзіме серт бердім. Бұл осы жылдың басы болатын. Алматының «Қайраты» Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан. Маған осы клуб қызығушылық танытып, солармен бірге жаттығып жүрдім. Дегенмен жеке агентім мен «Қайрат» басшылығы өзара келісе алмапты. Соны пайдаланған «Тараз» футбол клубының өкілдері жеке агентіммен бірден тіл табысып алған ғой.

– Қазір сол кезде «Қайраттың» сапына ауыспағаныңа қуанатын шығарсың...

– Жасырып қайтемін, «Қайратты» бұрыннан білемін. Тарихы өте тереңде жатқан команда. Алғашында алматылықтармен тіл табыса алмағаныма өкінгенмін. Бірақ «Қайраттың» қазіргі жағдайына қарап тұрсам, «сол кезде дұрыс шешім қабылдаған екенмін» деп ойлаймын. Шынымды айтсам, «Қайрат» футбол клубының деңгейі осыншалықты түсіп кетеді деп ойламаппын.

– «Тараздағы» жалға ойнау мерзімің қашан аяқталады?

– Осы жылдың соңына дейін «Тараздамын». Одан кейін не болатынын көре жатармыз. Егер «Тараз» бен «Гиресунспор» өкілдері өзара келісе алса, Қазақстанда қаламын. Бірақ басқа біріншіліктерден түсетін ұсыныстарды да қарауға дайынмын. Естіп жатырмын, «Гиресунспордың» президенті ауысыпты. Бәлкім, жаңа басшылық мені ешқайда жібермей, қайта шақыртып алатын шығар.

– Сен «Таразда» 44-нөмірде өнер көрсетіп жүрсің. Бұл нөмірлі жейдені өзің таңдадың ба?

– Негізі, менің сүйікті нөмірім – 7. «Таразға» келгенде бұл жейде бос болған жоқ. Ұлан Қонысбаевтың еншісінде екен. Содан басшылық маған осы нөмірді ұсынды. Дегенмен алдағы уақытта қайтадан өзімнің «жетілігіме» көшсем деймін.

– Саған Ресейдің «Рубин» футбол клубы да қызығушылық танытып жүрген көрінеді...

– Естуім бар, бірақ әзірге еш нәрсе айта алмаймын. Барлығын жеке агентім шешеді.

– Түркия чемпионатында ойнап жүріп, Nike компаниясымен жарнамалық келісімшартқа отырғаның, сондай-ақ сенің жейделерің Түркияда үлкен сұранысқа ие екені рас па?

– 2008 жылы Nike компаниясы маған ұсыныс тастаған. Содан бері сол компанияның жарнамалық өкілімін десем де болады. Ал жейде жағына келер болсақ, Түркияда бұл жағы өте жақсы дамыған.

– Антон, сен Қырғызстан ұлттық құрамасының сапында сегіз кездесу өткізіп, үш гол соққансың. Енді басқа құрамаға ойнауға құқың жоқ. Егер Қырғызстан құрамасында алаңға шықпағанда, Қазақстан сапында ойнауға келісер ме едің?

– Қуана-қуана келісер едім. Дегенмен мен қайткен күнде де Қырғызстан тарапының рұқсаты арқылы ғана басқа елдің намысын қорғауға бел буар едім. Егер олар рұқсат беріп, Қазақстан құрамасы өздеріне шақырып жатса, осы елдің атынан алаңға шығуға келісер едім.

– Сен Түркия футболымен жақсы таныссың. Ал ертең Қазақстан құрамасы Түркиямен алаңға шығады. Осы ойында жерлестеріміз түріктерге қарсы айла қолдана алады деп ойлайсың ба? (сұхбат 2 қыркүйек күні алынған).

– Түркия құрамасының әлеуетін білемін ғой. Дегенмен менің ойымша, Қазақстан ертең өзін барлық жақсы қырынан көрсетуі тиіс. Ол жағынан қам жемесеңіздер болады. Тек футболшыларыңызға сеніңіздер. Бұл ойында Қазақстан құрамасы бір доп айырмашылығымен жеңеді немесе тең түсетін шығар.

– Антон, Қырғызстанның азаматы ретінде осы елдегі саяси ахуалдарға өз пікіріңді білдірсең...

– Қазір жағдай тұрақталған секілді. Бұрынғыдай хаос жоқ. Қайтадан қалпына келе бастады. Енді алдағы уақытта парламенттік сайлау өтпек. Не боларын содан кейін көреміз. Өз басым әзірге Қырғызстаннан ешқайда кетпейтін шығармын.

Автор: Әзиз Жұмаділ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

4 қыркүйек 2010, 11:38
Рейтинг: