Дода (Спорт)

Танымал тэгтер: , , , , ,

«Вуэльта» тартымсыз ба, әлде «Астана» ма?

   0 274

Мұндай тартымсыз «Вуэльтаны» бұрын-соңды көрмеген шығармыз. Әрдайым «Астананың» алда жүргеніне көзіміз үйреніп қалған біз Пиреней түбегінде өтіп жатқан көпкүндікте басқа командалардың топ жарып жатқанына үйренісе алар емеспіз.



Иә, білеміз, бұл турнирде «Астана» басшылығы велошабандоздарына топ жару тапсырмасын қоймады. Иә, білеміз, бұл жолы жарыс жолына Александр Винокуров пен Альберто Контадор сынды саңлақтар шыққан жоқ. Иә, білеміз, мәртебелі көпкүндіктің алдында «Астана» басшылары, «бұл жолғы «Вуэльтада» «Астана» жекелей сында емес, командалық сында топ жаруды көздейді» деген болатын. Иә, түсінеміз, көпкүндікке қатысып жатқан «астаналықтардың» дені – жастар, әрі өз отандастарымыз. Олардың мұндай ірі додаларға қатысып, тәжірибе жинақтап жүргеніне, әрине қуанамыз. Дегенмен көңіл шіркін қашан да жеңісті қалайды ғой. Әрдайым, командамыздың алда жүргенін көргісі келеді емес пе?! Тым болмаса, бастапқы ой-қыры жоқ, тегіс жолды кезеңдерде «Астана» саңлақтары көсіле шапса, деп едік. Өкінішке қарай, қазақстандық ұжымның сапындағы спринтерлер өз міндетін әлі де толық түсіне алмай жүрген секілді. Мәселен, 2-кезең мен 5-кезең тегіс жолдан тұрды. 4-кезеңді де осы санатқа жатқызуға болатын. Дегенмен үшеуінде де «астаналық» спринтерлер Асан Базаев пен австралиялық Алан Дэвис өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай, пелетонның бел ортасында келді. Екеуі де өздеріне артылған міндетті, сенімді ақтай алмады.

Бұл ештеңе емес-ау, естеріңізде ме, көпкүндік басында «Астана» басшылығы, «біз бұл жолы жекелей сында топ жаруды көздемейміз. Командалық есепте 1-орынға көтерілуді мақсат тұтамыз» деген еді ғой. Қалай ойлайсыздар, «Астана» жалпыкомандалық есепте нешінші орында келе жатыр?! Иә, бас жүлдеден үмітті болған «Астана» командасы Caisse D'Epargne, «Катюша», «Омега Фарма-лотто» сынды тағы бірқатар командаларды алға жіберіп, 5-кезеңнен кейін 11-орынға орналасты. Ал командалық жарыс саналған бірінші кезеңде «Астана» 22 ұжымның ішінде, тіпті 20-орын алған болатын.

Тек, бір ғана қуантарлығы «Вуэльтаға» қатысып жатқан өз отандастарымыздың саны әдеттегіден әлдеқайда көбірек екен. Мәселен, Асан Базаевтың спринтер ретінде аттанғанын айттық. Александр Дьяченко команданың капитаны ретінде қатысуда. Ал Сергей Ренев, Дмитрий Фофонов, Валентин Иглинский, Андрей Зейтц сынды саңлақтар Дьяченкоға грегари ретінде көмек көрсетуде. Шыны керек, мұндай ірі турнирлер – жас спортшыны қатайтып, тәжірибе жинауға таптырмас дүние. Осы орайда, «Вуэльта» көпкүндігі жерлестерімізге үлкен сын, әрі сабақ болмақ. Дегенмен, бір өкініштісі, жастарымызға жарыс кезінде ақыл айтатын айбарлы спортшы жетіспейтін сияқты. Келісетін боларсыздар, жас сайыпқырандарымыз «Вуэльта» жарысы кезінде онсыз да ілбіп келе жатқан Алан Дэвистен емес, талай турнирлердің басын қайырып, қазақтың ғана емес, әлем велоспортының мақтанышына айналған Александр Винокуровтан ақыл-кеңес сұрауға құштар емес пе?!

«Астаналықтарға» қарағанда қайта Андрей Кашечкиннің көрсеткіші көңіл қуантуда. Кезінде «Астана» басшылығы бас тартқан бұл саңлақ бүгінде Италияның «Лямпре» клубында тәп-тәуір өнер көрсетіп жүр. Соңғы кезеңде 19-орыннан көрінген Андрей жалпы есепте 26-орынға орналасты. Бұл тұрғыда Кашечкиннің көрсеткіші «астаналық» спортшылардың қай-қайсысынан болмасын, жоғары. Ал Андрейдің «Вуэльтаға» капитан емес, грегари ретінде қатысып жатқанын ескерсек, Сыр өңірі өкілінің қайта бабына келе жатқанын байқау қиын емес.

Десек те, Испания жерінде өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігінің аяқталуына әлі 16 кезең бар. Осы аралықта «Астана» велошабандоздары жағдайды түзеп, жанкүйерлерін қуантып үлгереді деген үміттеміз.



«Вуэльта» велокөпкүндігінің 5-кезеңнен кейінгі қорытындысы:

1. Филипп Жилберт («Омега Фарма», Бельгия) 19:00:06

2. Игор Антон («Еускаутел», Испания) — 0:00:10     

3. Хоакин Родригес (Катюша, Испания) — 0:00:10

26. Андрей Кашечкин («Лямпре», Қазақстан) — 0:02:27

29. Александр Дьяченко («Астана», Қазақстан) — 0:02:40

36. Роман Кройцигер (Лигвигас», Чехия) — 0:03:26

55. Хосеп Хуфре («Астана», Испания) — 0:06:58

68. Энрико Гаспаротто («Астана», Италия) — 0:14:59

70. Андрей Зейц («Астана», Қазақстан) — 0:15:40

73. Асан Базаев («Астана», Қазақстан) — 0:16:09

78. Сергей Ренев («Астана», Қазақстан) — 0:16:09

120. Дмитрий Фофонов («Астана», Қазақстан) — 0:31:55

129. Алан Дэвис («Астана», Австралия) — 0:35:33

192. Валентин Иглинский («Астана», «Қазақстан) — 1:01:32


Автор: Әзиз Жұмаділ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

3 қыркүйек 2010, 11:51
Рейтинг: