Дода (Спорт)

Танымал тэгтер: , , , , ,

Төраға тұжырымы

   0 268

Жасөспірімдер арасындағы тұңғыш рет өткен Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық жас қырандар туған елге оралып, әуежайда ел ығы-жығы болып жатқан кезде ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовты сөзге тартқан едік.



– Елсияр аға, Сингапурда өткен жеткіншектер арасындағы Олимпиада ойындарын қорытындылап берсеңіз. Жас таланттарымыздың ел намысы таразыға тартылар дүбірлі додада көрсеткен нәтижелеріне ризасыздар ма?

– Көрсеткішіміз жаман емес, әрине. Сингапур Олимпиадасына қатысқан 205 мемлекеттің ішінде 24-орынға ие болдық. ТМД елдері ішінде төртінші нәтиже көрсеттік. Ресей, Украина және Әзірбайжан спортшылары ғана бізден жоғары нәтиже көрсете алды. Десек те, барлық спорт түрінде көңілге қонымды нәтиже көрсеттік деп айта алмаймын. Жетістіктеріміз де, кемшіліктеріміз де болды. Кейбір спорт түрлерінде жеткіншектеріміздің бақтары жанбады. Бұл орайда, ескек есу спортындағы Тимофей Емельяновты атап өтуге болады. Қарсыластарынан 13 секунд алда келе жатқан еңгезердей жігітіміздің қайығы суға батып кетіп, бір медаль көзден бұл-бұл ұшты. Спорт болған соң мұндай сәтсіздіктер болады, енді. Ал кейбір спорт түрлерінде үміт артқан жастарымыз сенім үдесінен шыға алмады. Мұның бәрін талқылаймыз. Қорытынды шығарамыз. Себептері мен ағаттықтарын түзеу жолдарын қарастырамыз. Тағы да қайталап айтамын, «бес саусақ бірдей емес» демекші, көрсеткіштеріміздің бәрі бірдей емес, бәрі көңілге қонымды емес. Тіпті кейбір спорт түрлерінде жас таланттарымыз Олимпиада лицензиясын ала алмай да қалды. Мысалы, еркін күрестен бозбалалар арасында бірде-бір балуанымыз Сингапур кілемінде күресу құқығына қол жеткізе алмады. Бұл қалай? Күрес түрлері біздің елде мол шежіресі бар, ертеден тәп-тәуір дамып келе жатқан спорт емес пе?! Ал бокстан бар болғаны бір-ақ лицензия алдық. Сингапурға бір-ақ боксшымыз барды. Оның өзі бірінші жекпе-жегінде ұтылып қалды. Негізі, бұл спорт түрлерінде біздің жастар ойқастап, алдыңғы лекте жүруі керек еді. Міне, алдағы уақытта осындай ағаттықтар тағы да қайталанбас үшін, талқылайтын мәселелеріміз де бар.

– Аға, осы Олимпиададан барлығы жеті медаль алдық. Көкірегімізді кернеп, қуанышқа бөлейтіні сол, осылардың алтауы – өзіміздің қандастарымыз, өзіміздің іні-қарындастарымыз. Осы жайында не дер едіңіз?

– Әрине, бұл өте қуанышты жәйт. Ең бірінші алтынды алған – қазақ жігіті. Тұңғыш рет қазақ қызы Олимпиада чемпионы болды. Енді осы бетімізден таймауымыз керек. Жасырып не керек, өзіміз қазақ болған соң бұған қатты қуандық. Бірақ спортта бұлай бөлінуге тағы болмайды. Себебі бізде зеңгір аспан түстес туымызды талай биіктерде желбіретіп, Әнұранымызды талай дүбірлі додаларда құйқылжытып жүрген басқа да ұлттың өкілдері бар. Олардың көбінің кіндік қаны осы қазақ жеріне тамып, осы жерде туып-өскен. Олар да қазақ жерін туған елім деп санайды. Сондықтан оларды біз шеттетуге тиіс емеспіз. Сол себепті спортта бөлінбей, бірігуіміз керек. Бірлігіміздің арқасында еліміз бен жеріміздің атын шығарып, абыройын асқақтата беруіміз керек. Осы тұста бір ескере кетерлік жәйт, кейінгі кезде біз Қытайдан, басқа да шетелдерден деңгейі жоғары спортшылар алып жүрміз. Мысалы, ауыр атлетикадан Қытай және Ресей қыздарын алдық. Сол Қытай қыздарымен бірге жаттығып, қызу бәсекелестікке түскен Жазира Жаппарқұл тез ысылып, халықаралық аренада ерен жетістікке қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың да еңбегін, олардың да үлесін атап өткен ләзім.

– Қытайдан келген ауыр атлет қыздар демекші, Зульфия Чиншало алтын медаль ала алмай қалды. Әу баста, одан тек алтын дәметіп едік қой. Бірақ Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни «біз алтын алуға тырысқан жоқпыз, бұл – тактика» дейді. Осыны түсіне алмай, дал болдық. Бұл қалай?

– Бас бапкердің айтып отырған сөзінің жаны бар. Зульфия Сингапур Олимпиадасында 58 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ал алтын алу үшін, оны 53 келі салмаққа қою керек еді. Бұл дегеніңіз – салмақ қуу керек деген сөз. Алда – Азия ойындары. Бұл – біз үшін саяси маңызы бар дүбірлі дода. Ал төрт айдың ішінде екі рет салмақ қуу – өте ауыр һәм зияны көп машақат. Сондықтан бапкерлер құрамы «жас қызды екі рет қинамай, тек Азия ойындары мен Лондон Олимпиадасына дайындау керек» деген ұсыныстары мен тактикаларын айтқан бізге, алдын ала. Біз мұны қолдадық. Себебі қайта-қайта салмақ қуудан ештеңе ұтпаймыз. Жас қызды әлсіретіп алуымыз мүмкін. Бұл жерде бас бапкердің айтып отырғаны дұрыс. Зульфия салмақ қумай, 58 келіде бақ сынады. Жерге қаратқан жоқ, күміс медаль алып берді. Бұл да – жетістік.

– Біз Сингапурға 47 спортшы апарып, ресми түрде алты медаль алдық. Ал Әзірбайжан 12 спортшы апарып, сегіз медаль олжалады. Сападан гөрі сан қуып кеткен жоқпыз ба?

– Олимпиада ойындарына лицензия алудың өзі – үлкен жетістік. Әзірбайжан өз қалауымен 12 спортшы ғана апарған жоқ. Қол жеткізген лицензияларының саны сол ғана. Рас, олар күрес түрлеріне, боксқа, таэквондоға мейілінше ден қойып, осыларды дамытуда. Бұл тұрғыда бізге де осы спорт түрлерін одан әрі жетілдіре түсуді қолға алу керек. Ал біз іргелі ел ретінде дүниежүзілік дүбірлі додаға 47 спортшы апардық. Спорттық ойындар түрлерінен бір командамыз осы Олимпиадада додаға түсті (гандболшы қыздарымыз). Олимпиадаға спорттық ойындар түрінен команда қосудың өзі – көп елдің арманы болып саналатын ерен жетістік. Ал гандболшы қыздарымыз аса жоғары жетістікке қол жеткізіп, төртінші орын алды. Басқа спорт түрлеріндегі спортшыларымызды «бос серуендеп қайтты» деп айта алмаймын. Олардың арасында 4-орын алғандары, үздік алтылық пен алғашқы ондыққа іліккендері де баршылық. Ең бастысы, жас спортшыларымыз осындай дүбірлі додадан сабақ алып, тәжірибе жиып қайтты. Сингапурға барған бапкерлеріміз әлем спортының қалай екпін алып бара жатқанын көріп, көп нәрсені ойларына түйіп қайтты.

– Сингапур Олимпиадасының ұйымдастырылу барысы қандай болды? Үлгі аларлықтай, өнеге тұтарлықтай тұстары болды ма?

– Сингапур Олимпиадасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тек спорттық жарыстар және сайыстар өткізіп, медаль үлестірумен шектелген жоқ. Олимпиадалық қозғалысты насихаттау мен білімді жетілдіру бағдарламалары аясында көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды. Содан соң әр елдің спортшыларын бір-бірімен таныстырып, араластыру мақсатында көптеген шаралар өткізілді. Бұл жас жеткіншектер Олимпиадасы болғандықтан осындай мәселелерге көп көңіл бөлініп, тәрбиелік мәні бар мәдени және спорттық шаралар көп ұйымдастырылды. Алуан қырлы, сан сырлы болды. Жастардың бәрі риза болып, естен кетпес әсер алып қайтты. Жастар арасындағы келесі Олимпиада төрт жылдан кейін Қытайда болатын болды (2014 жылы).

– Гуаньжоуда (Қытай) өтетін XVI жазғы Азия ойындарына екі жарым айдай ғана уақыт қалды. Төрт жылда бір өтетін осы дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсете аламыз ба?

– Дәл қазір Азия елдерінің көбінде спорт қарқынды түрде дамып келеді. Сондықтан алдағы Азия ойындарында басты бәсекелестеріміз бұрынғыдай тек Қытай, Жапония және Корея спортшылары болмайды. Мысалы, Үндістанды алайық. Миллиардтан астам халқы бар ел кейінгі кезде спортқа көп көңіл бөле бастады. Боксшылары да жақсы, балуандары да мықты. Басқа да спорт түрлерін жетілдіру үстінде. Бұрын мұндай болмап еді. Сондықтан бізге «Сарықұрлықта» сынға түсу оңай болмайды. Оның үстіне, осы Азия ойындарының бағдарламасында Олимпиада ойындары бағдарламасына кірмейтін спорт түрлері көп. Сол спорт түрлерінде сарапқа салынатын медальдар жиынтығы да көп-ақ. Десек те, біз де дайындалып, біз де қамданып жатырмыз. Өзімізде жақсы дамыған спорт түрлеріне күш салатын боламыз. Біз 30-ға тарта спорт түрінде бақ сынаймыз. Қазір нақты ой-жоспарларымызды бекітіп жатырмыз.

Автор: Нұрғазы Сасаев

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

3 қыркүйек 2010, 10:43
Рейтинг: