Қоғам

Танымал тэгтер: , , , , ,

112-орамның 112 проблемасы бар...

   1 301

Шымкенттің қақ ортасында 112-орам атты ықшамаудан бар. Кеңес кезінде қаладағы «престижный райондардың» бірі болатын. Табиғи газы тартылған, суы бар, жолы тақтайдай, қысқасы, барлық жағдайы жасалған орталық нағыз жұмақтың төріндей болатын. Бірақ... Бүгінде тозаққа апаратын «төте жолға» айналғандай. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Аты айтып тұрғандай 112-орамның 112 проблемасы бар.

Алдымен әлқисса... Өңкей жеміс-жи­дектің атымен аталатын көше көп мұн­да. Ореховая, Яблоневая, Вишневая деп жал­ғаса  береді. Сосын өзінің емес, өзгенің ба­тыр­ларының аттарымен аталатын көше­лер де жетіп артылады. Салават Юлаев, Чер­касов, Юнатовтар толып жатыр және оны қазақшалайық деген адам табылмай тұр. Әйтеуір, орталық көшелердің бірді- екі­лісін қазақшалағанға алқам шүкір айту­да. Екінші мәселе, табиғи газ бар бол­ға­нымен, оның барынан жоғы... Норматив бойынша 40 үйге бір ШРП қызмет көрсетуі тиіс болса, мұнда 200 жеке тұрғын үйі бар екі көшеге бір ШРП орнатылған. Қыс қысып бергенде мұнда газдың қысымы тіптен өледі десе де болады. Үй жылытпақ түгіл, шай қайната алмайсыз. «Қазтранс­газ­­дың» қызметкерлеріне хабарласса, олар мазақ қылғандай сәл ғана қосады да, бір күн өткен соң газ қысымы таз қалпына қай­та түседі. Бұл мәселені айта-айта жақ тал­ды бүгінде. Газдың құлағын ұстап отыр­ған­­дар­дың кесірінен бүтін бір үй өртеніп кете жаздады жуырда. Дәл Жаңа жыл түні дис­петчерлер жалпақшешейлік танытып, газ қысымын тым көбейтіп жіберген. Оны тұр­ғындарға ескертпеген де. Соның салдары­нан газ құбыры қатты қызып кетіп, бірнеше үйдің шатырындағы ағаш бағана­лар жана бастаған. Абырой болғанда үй егелері дер кезінде келіп, өрт сөндірушілер­ді шақырып үлгерген. Осылайша, қа­з­тран­с­газдықтар тұрғындардың қауіпсіздігін сы­рып қойып, «мысық-тышқан» ойынын ой­нап отырған­дай... Үшінші мәселе, жол­дың жыры. Мұн­да атына заты сай 112 көше бар. Орталық кө­ше­лерді 10 жылдан кейін былтыр ғана жөндеді.




Ал ішкі көше­лер­ді ала-құла етіп, бірін асфальттап, екін­шісін тоқалдан туған­дай етіп тастап кетті. Қыстың күні сірескен мұз­дан мұнда жүру мүм­кін емес. Коньки тебуге болатындай. Сайлау кезінде ғана еске түсетін электорат­тың депутаттарға да керек кезі болады. Алдыңғы сайлауда бағын сынап көрмек болған бір көкеміз «көшелеріңе асфальт салдырып берем, маған дауыс беріңдер» деп ұрандатты. Дәл осы көшенің басында сол депутаттың ағасы тұрады. Жолдың азабы өткен тұрғындар тайлы таяғы қалмай барып дауыс беріп қайтты. Көкеміз өтті, «шүу, қара құйрық» деп кетті. Көшенің басынан ағасының үйіне дейін асфальт салдырды да аяқ жағы аяқсыз қалды... Төртінші мә­селе, Салават Юлаев көшесіндегі жеке тұр­ғын үйдің ауласында Ксеll компания­сы­ның ұзын мойын желілік антеннасы орнатылған. «Денсаулыққа аса зиян осы ор­натылғалы бері денсаулығы­мыз нашар­лап кетті. Жүрегі ауыратындар кө­бейді. Күніге 103-тің көмегіне жүгінетін­дер көп» деп көше тұрғындарының ша­ғым­данбаған жері жоқ. Алайда баяғы жар­тас, сол жартас. Аса қауіпті дегізерлік­тейі де бар, дәл осы антеннаның үстінен ұшақ­тар ұшып өтеді. Кейде тіптен төмен­деп ұша­тын­дары бар. Ал жел тұрса құлап, үйі­мізді қира­та ма деп жандарын шүбе­рек­ке түйгендей отырғандары... Бесінші мәселе, мұнда жерасты суы жоғары. Үнемі ылғал болып тұрады. Үйінің жертөлесі суға толып тұратындары да бар. Сорғыту жүр­гізіл­мейді. Соның салдарынан мұнда астма­мен ауыратындар көп. Әсіресе соңғы жылдары жас бүлдіршіндер ара­сын­да да демікпе дертінен зардап шегуші­лер тым көбейіп кеткен. Сосынғы ең басты мәселе, мұнда бағдаршам жоқ. Бауыржан Момышұлы және Бәйдібек би көшелерінің қиылысында үнемі кептеліс. Дәл осы жерде жол апаты да жиі орын алады. Әбден зәрезап болған тұрғындар жергілікті телеарналарды шақырып, дау көтергенімен одан шыққан нәтиже жоқ. Күнделікті жол апаты болғанында да жүр­гізушілер өзара келісіп тайып тұра ма, әй­теуір жолполдағылар «бізге шағым түскен жоқ» деп түк болмағандай отырғандары. Тіпті бұл жерде жылдамдықты азайтуға сеп боларлық жол кедергісін де қоюға болмайды екен, жолполдың айтуынша. Ары-бері өтетін көлік ағыны көп. Көшенің арғы бетіне қалай өтерін білмей дағдарған оқушы да көп. Дәл осы түйткіл жылға жуық­­таса да шешімін таппай отыр. Осы мәселе бойынша жол полициясы бөліміне хабарласқанбыз. Ондағы мамандар «біз әкім­шілікке бағдаршам қою туралы ұсы­ныс түсіреміз. Оны алатын да, қоятын да әкім­шіліктің жауапты бөлімі бар» дейді. Осы­лайша, бұл мәселе жолпол мен әкім­шіліктің арасында көкпар болып жүр. Оған қашан нүкте қойылары белгісіз... Ал жуыр­да 112-нің тұрғындарының ашу-ыза­сын тудырған жәйт орын алды. 112-інші орам­ға бұрылар тұста Бауыржан Момыш­ұлы көшесінің бойына аялдама орнатылды. «Онда тұрған не бар, дұрыс қой» дерсіз? Бірақ мұнда аялдама бұрыннан бар. Соның қасына шошайтып жаңасын әкеп орнатты. Бір қарағанда ол аялдаманың түк­ке де қажеті жоқ. Ал бағдаршамы жоқ қиы­лыс осы аялдамаға тиіп тұр. Темірден жасалған қалқасы жоқ аялдамаға аз ақша жұмсалмайтыны белгілі. «Оның орнына бағдаршам орнатпады ма?» деп кейиді мұндағы жұрт. Осылайша, тұрғындарды мазақ еткендей жауапты мекемедегі жа­уап­сыз мамандар ойларына келгенді істеп отырғандай.  Аялдамадан бұрын бағдар­шам­ға қол жеткізе алмай отырған тұрғын­дар­дың өкпесі қара қазандай. Сұрастырып білуімізше, төрт темірден ғана тұратын, қа­лқасы жоқ қаңқа аялдаманың құны да ас­пан­дап тұр. Бақандай 400 мың теңге. Егер қазына қазанына жаны ашитын адам болса төрт темірді дәнекерлесе, 40-ақ мың теңге тұратын дүние. Алайда ескі аялда­ма­ның қасында арасына 1-ақ метр (?) тастап аялдама қоюдың не қажеті бар еді? Бұл жаны ашымастың қасында басың ауыр­мас­тың кері сықылды...

Ерсейіт БҰХАРБАЕВ, Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі:

– Бұл аялдамалар Кентау трансфор­ма­тор зауытында жасалған. Ал бұрынғыдай бетон­нан құйып жасалған аялдамалар тым қым­батқа түседі. Аялдамалар соңғы талап­тар­ға сай өзгертіліп жатыр.


Сара БӘТЕСОВА, 112-орамның тұрғыны:

– Бәйдібек би мен Аманқұлов көше­сі­нің қиылысы да нағыз жын қаққан жер. Күн­де болмаса да апта аралатып авария бо­лып тұрады. Тым болмаса үлкен көшенің бойы Бауыржан Момышұлы көшесінің қиы­лысына бағдаршам қойылса екен. Ба­ла­ларымыз үшін қорқамыз. Қаншама жыл болды. Әкімшілікке де, жол полициясына да арыздандық. Алайда жауап та жоқ, нә­тиже де жоқ. Шаршадық.

Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА, Шымкент

Мақалаға қатысты пікірлер:

Амалбек (28.01.2013 18:21)
Менің 112! Менің өскен жерім, Менің жүріп өткен көшелерім-ай. Менің 16 жылдық өмірім осы 112 кварталда өтті. Мен оның әрбір көшесін, әрбір арығын сүйемін. Сүйіп өтермін де. Мен оның жөнделмеген көшелерін сүйемін. Себебі менің балалық шағымда достарыммен көшенің шаңын бұрқыратып доп ойнайтынбыз. Ал кәзір ше, жөнделді, зулаған машиналар жоғарғы жылдамдықпен зу ете қалады. Ал көшелердегі жас балалар машинаның келгенін байқамайда қалады. Достарымнан естуім бойынша бірнеше адамды қағып кету оқиғалары тіркелген. Мен 112 аспанын сүйемін. Көше бойы төгіліп пісіп тұратын өрік ағаштарын сүйемін. Көктемнің келісімен көшенің ана басынан мына басына ұшып жүретін қарлығаштарын сүйемін. Мен 112 қатты жақсы көремін. Алматыда ең қымбат мөлтекауданында жаңа үйімде тұрсамда, 112 қандай болса, сол қалпында жақсыкөремін. Менің алғашқы махаббатым сонда болды, мен алтын медальмен мектепті сонда бітірдім, 112 орымның 3 мектебінің және Гайдар кітапханасының кітаптарын түгел бітірдім. Менің ата-апам туралы естеліктерім сол 112 орамда. ИншаАллах, қазірде оқып-білім алып жатырмын. Шет елдерде іс-сапар, жарыстарда жүргенде де мен сол бір кішкентай 112-ді сағынамын. Шымкент қаласының тұрғындары 112-орамды бұзық район деп біледі. Тұрғындар арасында "112ге кірсең, емханада оянасың" деген мақалдар бар. Мұндада бір шындық бар. Себебі ол орамның өз тәртібі бар. Себебі ол оарм ерекше орам. Сол кварталда туып, сол жерде өскеніме қуанамын. Қайда жүрсемде, қайдансың десе 112деп айтып жүремін. Менің жазғаным мақаладан да асып кеткен болар. Бірақ мен жерді қатты сағындым. Суреттер көзіме ыстық көрінді. Авторға 112-лік жігіттен сәлем!

Пікірдің қосылуы

22 қаңтар 2013, 14:13
Рейтинг: