Қоғам

Танымал тэгтер: , , , , ,

Плагиаризм ұшпаққа жеткізбейді

   0 380

«Жүзер бағытын білмейтін кемеге жел де жолаушы болмайды», – деді «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Алтай Көлгінов. Сенбі күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінде Елбасының Жолдауын түсіндіру барысында Алтай Көлгінов студенттерге өмірлік мақсат қоюдың және оны жүзеге асырудың қаншалықты маңызды екенін Сенеканың осы бір ауыз сөзімен-ақ білдірді.


Қазақстан Президентінің «Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі аспектілеріне тоқтала келе, ол Елбасы отандық жоғары оқу орындарын әлемдік ЖОО-лардың рейтингісіне енуді міндеттегенін айтты. «Шетелде «плагиаризм» мәселесіне қатты көңіл бөлінеді. Яғни біреудің жұмысын өз атыңнан қолданбауға тәрбиелейді. Егер қолданатын болсаң, жұмысың тұтастай жарамсыз саналып, қабылданбайды. Мұндай әрекет сосын сен үшін ұят саналады. Ал біздің университеттерде, өкінішке қарай, плагиаттық әрекеттер бар. Жүйе солай қалыптасып кеткен. Мұның бәрі  студенттердің айқын мақсатының, сол мақсатқа адал жетейін деген құлықтың жоқтығынан болып отыр», – деді Алтай Көлгінов «диплом көп, ал нағыз маман аз» дегенге меңзеп. Оның айтуынша, егер осы мәселені қолға алатын болсақ және жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандырсақ, ғылым-білімде жоғарғы рейтингке көтерілмекпіз.


Алтай Көлгінов ауылды көркейтеміз деп жүрген студенттерге де келелі ой тастады. «Үкіметіміз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2010 жылға 4 мың маманға 500 миллион теңге бөлді. Яғни Үкіметіміз жас мамандарға жағдай жасап жатыр. Ал жастар өз кезегінде осындай мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білуі қажет», – деді ол.


 

Автор: Салтан СӘКЕН, Астана

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

16 ақпан 2010, 18:02
Рейтинг: