Қоғам

Танымал тэгтер: , , , , ,

Сот ұзаққа созылса, жылу қымбаттамайды

   0 285

Жақында Қызылжарда тұрғындар пайдаланатын сұйытылған газ бағасы 5 теңге­ге арзандаған. Енді жылу бағасы көтерілмей, бұрынғысынша қалатын болды. Бұл жағымды жаңалықты Табиғи монополия­ларды реттеу департаментінің бастығы Марат Мұстафин жеткізді.

Қазанның 1-нен бастап Қызылжарда жылу бағасы қымбаттайтынын естіген жұрт алғашында қатты абыржыған. Себебі монополист тарифті бірден 28,2 пайызға көтеруді ұйғарған болатын. Қалалық мәслихаттың депутаты Анатолий Мишин бірден бұлай қымбаттау соңғы он шақты жылда бірде-бір рет орын алмағанын айтады.

Табиғи монополияларды реттеу депар­таментінің мамандары, тәуелсіз сарап­шылар мен сараптама кеңесінің мүшелері монополист ұсынған тарифті егжей-тегжейлі қарап, қымбаттатуды негізсіз деп тапты.

Марат Мұстафин, СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бастығы:

 – «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС жылу энергиясын беру мен тарату қызметіне бағаны 47,5 пайызға, «Солт­ҚазЭнерго» АҚ жылу энергиясын өндіру қызметін 11,8 пайызға, «Солтүстік Қазақ­стан Энерго­ор­аты­лығы» ЖШС жылумен қамтамасыз ету қызметінің бағасын 8,4 пайызға қымбаттатуды ұсынды. Егер біз бұл бағаны бекіткенде, қарапайым тұрғын бұрынғысынан 28,5 пайызға артық төлеген болар еді. Тұрғындар шаршы метр үшін қосымша құн салығынсыз 64,79 теңгеден немесе 1 Гкал қуат үшін 2159,57 теңгеден төлеп келді, ары қарай да солай болады.


Монополист компания департаменттің бұл шешімімен келіспек емес, оның негізсіздігін дәлелдеу үшін сотқа жүгінбекші. Соттасудан Марат Мұстафин да қашып отырған жоқ. «Мейлі соттаса берсін. Сот үрдісі ұзаққа созылатын іс қой. Біз соттасып жүргенде, жылыту маусымы да бітіп қалады. Демек, биыл баға қымбаттамайды», – дейді ол.



 

Автор: Ербақыт Амантайұлы, Қызылжар

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

10 қыркүйек 2010, 12:31
Рейтинг: