Қоғам

Танымал тэгтер: , , , , ,

Шетел абақтысында қанша азаматымыз жатыр?

   0 351
Абай Омаров (коллаж)

Абай Омаров (коллаж)

Естеріңізде болса, осыдан біршама уақыт бұрын «Адвокаттар форумы» қоғамдық ұйымы бір бастаманың басын қайырып тастаған еді, яғни шетел түрмелерінде жатқан азаматтарымызды түгендеуді мықтап қолға алған болатын. Бір айта кетерлігі, «Адвокаттар форумы» қоғамдық ұйымының осы игі ісі құзырлы органдардың кешегі немкеттілігін «әшкерелеп» берсе, бүгінгі күндері сол жауапты салалардың бұл іске ілкімділікпен кірісулеріне өзінше ықпал етті десек артық айтқандық емес. Алайда сөз болып отырған ұйымның қам-қарекеті оң нәтиже бермей, олар қандай да бір жауабын күтіп отырған отандық БАҚ-тарға «Қазақстанның ешбір мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдарында шетелдік түрмелерде жатқан азаматтарымыз жайлы нақты статистика жоқ екен» деген ақпарат жария еткенде не сенерімізді, не сенбесімізді білмей таңғалғанымыз бар.



Білуімізше, жазасын Қазақстаннан тыс елдерде өтеп жатқандар жайлы деректерді анықтауға өз үлестерін қосуда «Адвокаттар форумы» әлі де болса белсенді. Біраз уақыт бұрын осы мақсатта Тайландқа да барып қайтыпты. Анық-қанығын білмек болып, «Адвокаттар форумы» қоғамдық ұйымының төрағасы Тайр Назхановпен арнайы жолығысқан едік. Оның айтуына қарағанда, аталған қоғамдық ұйым еліміздің Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Тайланд корольдігіне хат жолдап, сол елде қамауда отырған отандастарымызбен кездесіп қайтпақ болған екен, оларынан түк шықпапты.

– Тайландта төрт азаматымыз «есірткі сатып, таратты» деген айыппен қамауға алынған болатын. Сот алғашында өмір бойға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді, алайда Қазақстанның араласуымен жаза түрі 15 жылға ауыстырылған-ды, – дейді Тайр Назханов.

Хаттарына мардымды жауап болмаған соң, сәлемдемелерін алып, ат арытып Тайландқа барып та қайтқан. Алайда Тайланд жағы біздің елдің қоғамдық ұйым өкілдерінің өтінішін орындаудан бас тартыпты.

Тайр Назханов «көзбе-көз көріп, жағдайларын біліп, іздеушілерінің бар екенін сезіп жүрсе деген едік. Олардың осындай қамқорлыққа қалай зәру екендіктерін білсеңіздер ғой... Біз сияқты заңгерлердің шамасы жетпегенде, олардың туған-туыстары үшін олармен кездесу қаншалықты қиын екендігі айтпаса да түсінікті» дегенде біздің де қабырғамыз қайысып кетті.

Енді елдегі жағдайға қайтып оралайық. 2009 жылдың қараша айында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің бірлесуімен, еліміздің шетелдердің сотымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған және жазасын шетелде өтеп жатқан азаматтары туралы деректер банкі құрылған-ды.

«Деректер банкін құру қажеттілігі бүгінгі күнге дейін Қазақстан мемлекеттік органдары осындай адамдарды мақсатты түрде тіркеу жүргізбегендігінен туындап отыр» деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Халықаралық Ынтымақтастық Департаменті.

Тағы бір айта кетерлігі, аталған департаменттің мәліметіне сенсек, шетелде қылмыс жасап, бас бостандықтарынан айырылған Қазақстан азаматтары, Ата Заңымыздың 11-бабында көрсетілгендей, өз құқықтарын толық пайдалана алмаған. Осы санаттағы адамдар жайында жан-жақты мәлімет жинауға мүдделі деректер банкі мұндай ақпараттарды ҚР Сыртқы Істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті арқылы Қазақстанның шетел мекемелерінен алынған деректері негізінде жүзеге асырылмақ.

Қысқасын айтқанда, деректер банкі жазасын шетелде өтеп жатқан біздің отандастарымыз турасында мәліметтер алып отыруға мүмкіндік берсе, соның нәтижесінде өзге елдің заңымен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар Қазақстан тарапынан құқықтық қорғауға ие болмақ.

Банктің құрылғанына бір жылға жуық уақыт өтті. «Несімен қуанта алар?» екен деген оймен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Халықаралық Ынтымақтастық Департаментімен хабарласқан едік, олар бізді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне хат жолдауымызға кеңес берген-ді. Ал комитет ондай ақпараттан құр алақан екендігін мәлімдеді. Жұбатарлық жауап ала алмай, біз сауалымызбен ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне шықтық. Рас па, өтірік пе, «қазір деректер жинақтаумен айналысып жатырмыз. Бірер айдың ішінде дайын болып қалар» деді ондағылар.



Тақырыпқа тұздық

Осы мәселені қозғаған БАҚ-тар баршылық. Бірі «Шетелдерде қылмысты болып, сотталып жатқандардың туған-туыстары әдетте өз елінің құзырлы саласынан емес, қол ұшын шетелдің адам құқықтарын қорғау орындарынан сұрайды. Бұл нені білдіреді? Демек, Қазақстанда ешкімнен қолдау таппайтындарына көз жеткізген де. Бір ғана мысал, 2007 жылдың қараша айында Мысырда «ал-Азхар» университетінде оқып жатқан бірнеше қазақ студенті қамауға алынады. Олардың туған-туыстары және ақпарат өкілдері Мысырдағы Қазақстан елшілігіне хабарласқан екен, олар көмек көрсетуге асықпаған көрінеді. Алайда 2008 жылдың қаңтар айында Каир полициясы қазақстандық студенттерден ресми түрде кешірім сұрап, олар оқу орындарына қайта қабылданады. Сонда алты қандасымыз себепсізден-себепсіз бірнеше ай түрмеде отырған» деп жазса, бірі «Кейбір дерек көздеріне жүгінсек, Ресейдің түрмелерінде екі мыңға жуық қазақ азаматы айыбын өтеп жатқан көрінеді. Ресейдегі неонацистердің қолынан қаза тапқан қазақтың өрімдей қыз-жігіттерінің арты сұраусыз қалып жатыр» дейді ашына. Ал мына ақпарат тіпті жаныңды түршіктіреді: «Нүкіс қаласындағы (Өзбекстан Республикасы) тергеу изоляторында отырған азаматтарымыздың қылмыстық істері ашық дәлелденбестен сотталып кететін сияқты». «Өзгені аямайтын шетелдің қатал режимінің темір шеңгеліне абайсыз ілінген қазақстандық азаматтар туралы әлем БАҚ-тары жарыса жазып, жанашырлық танытып жатқанда, біздегі ресми биліктердің қай кезде де асықпайтыны өкінішті» деп кейігендер де бар.



Р.S.

«Қылмыс жасаған екен, обалы өзіне» деп қарап отырғанымыз біз сияқты береке-бірлігі жарасқан, татулықты ту еткен елге жараса қоймас. Сөз соңында айтпағымыз, ҚР Сыртқы істер министрлігі жазасын шетелде өтеп жатқан азаматтар туралы деректерді қалай жинастырып бітеді, біз де осы тақырыпқа қайтып ораламыз.


Автор: Ләззат Билан

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

3 қыркүйек 2010, 12:22
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

7 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15