Барлық аралас мектептерді таза қазақ мектептеріне айналдыруға не кедергі?

   0 357



Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы:

– Бұл жерде ең алдымен халықтың талап-тілегі керек. Халқымыз көп нәрсеге немқұрайды қарайды. Мәселен, жергілікті бір топ ата-ана өз аймақтарында орналасқан аралас мектептің орыс мектебіне айналуына қарсылықтарын білдіріп, тиісті орындарға хат жазса немесе мәселе қылып көтерсе, ол ескерілер еді. Қазіргі таңда онсыз да қазақ мектептерінің саны аз екенін көз көріп отыр. Ендеше ата-ана өз баласының қысылып-қымтырылып оқығанына немесе үйінің жанындағы аралас мектептің орыс мектебіне айналғанына неге қарсылығын білдірмейді?! Яғни бізге батыл азаматтық көзқарас, үн қату жетіспей тұр. Егер халық талап етсе, тиісті орындар оны ескерер еді. Сондай-ақ болып жатқан жайттар БАҚ-да кеңінен көрініс тауып, тиісті орындардың құлағына жетуіне күш салу қажет. Аралас мектептердің барлығын қазақ мектебіне ауыстыру жөнінде арнайы бағдарлама қабылдасақ та артық болмайды. Негізі, мұндай бағдарлама бізде 1991 жылдан бастап болуы керек еді. Дәл қазіргі таңда біз ешкімге жалтақтамай, ұлт мүддесі үшін жасалар нәрселерден бас тартпауымыз қажет.





Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты:

– Мен әлі күнге ата-аналардың «баламыз орыс мектебінен сапалы білім алады, орыс тілін білсе жерде қалмайды» деген көзқарастарынан арыла алмай отырғанына қынжыламын. Ата-аналардың осындай сұранысы орыс мектептерінің айын оңынан тудырып тұр. Атап өтер жайт, бүгінгі күні қазақ мектептерінің де білім сапасы жоғары және еліміздің болашағы қазақша білетін азаматтармен тікелей байланысты. Осыны әлі күнге Кеңестік кезеңнің идеологиясымен келе жатқан ата-аналар түсінсе деймін. Осы орайда жергілікті Білім басқармалары ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ 20 жыл бойына қазақ мектептері санының орыс мектептерінен аз болуына және аралас мектептерді біртілді мектепке айналдыруда орыс мектептеріне басымдық берілуі осы саланы басқарып отырған кейбір басшылардың орыстілді болуынан деп ойлаймын.





Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

– Біз аралас мектептердің тағдырын шешетін адамдардың мектептердің орыс мектебіне айналуына мүдделі болып отырғанын байқаймыз. Қазіргі таңда аралас мектептерді жаппай қазақ мектебіне айналдыруға сылтау ретінде әркім әртүрлі нәрсе айтуы мүмкін. Алайда шешілмейтін нәрсе жоқ. Мәселен, Ақтөбе облысының бір елді мекенінде аралас мектептегі балалардың тілінің шұбарлануынан сақтанған басшылар түске дейін қазақ сыныптарын, түстен кейін орыс сыныптарын оқытуға шешім қабылдаған. Яғни балалар үзіліске шыға сала орысша шүлдірлеспейді, тілдік орта бар. Бұл – кішкентай ғана бір ауылдың қазақ тілінің мүддесі үшін жасап отырған әрекеті. Яғни «қалауын тапса, қар жандырып», аралас мектептерді қазақтілді мектепке айналдыруға болады. Тек ынта жетіспей тұр.

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

21 тамыз 2010, 12:42
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15