Солтүстік және батыс өңірлерде педагог мамандардың жетіспеушілік мәселесін қалай шешуге болады?

   0 401


Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, Сенат депутаты:

– Негізі, елімізде педагог мамандар жеткілікті. Алайда олардың көбісі педагогтарға жеткілікті жағдай жасалмағаннан кейін басқа салада жүр. Сондықтан ұстаздарға жоғары дәрежеде жағдай жасасақ, олардың бәрі өз мамандығына қайтып оралар еді. Осы орайда, айта кетер жайт, жас мамандарды ауылға тартуға арналған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қабылдағанмен, оның орындалу барысын қадағалай алмай отырмыз. Кеңес Одағы кезінде осындай жүйенің нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпір ауылдарына шейін ұстаз тапшылығын сезінген жоқ. Біз де «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын сондай дәрежеге көтеруіміз қажет. Ұстаздардың жалақысы жоғары болып, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп отырса, олар қайда болмасын, ұстаздық қызметін жасай берер еді. Айта кетерлік жайт, жоғарыдан жақсы басталған бастаманы жергілікті атқарушы орындар әрі қарай жалғастырып әкете алмады. Жергілікті атқарушы орындардың жауапсыздығынан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ел күткен межеден көріне алмай отыр. Бағдарлама бар, енді тек соны іске асыруға тырысу қажет. Қоғамда ұстаз жетіспеушілігін тудырмауымыз керек.


Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты:

– Бүгінгі жас мамандарды материалдық қолдау арқылы ғана ынталандыра аламыз. Сондықтан ұстаз жетіспеушілігі туындап отырған аймақтарға барғысы келетін жас мамандарға белгілі бір мерзімге дейін жоғары жалақы тағайындауды қарастырған жөн. Жоғары жалақымен қатар, жас маманның пәтер мәселесі де шешілетін болса, алыс ауылдар ұстазсыз қалмайды. Сондай-ақ солтүстік және батыс өңірлердегі жергілікті жоғары оқу орындарының маман даярлауына басымдық берген жөн. Бұл өте тиімді әдіс болар еді. Өйткені Алматының немесе Шымкенттің жас маманының солтүстік өңірге сыйып кетуі қиындау. Одан гөрі жергілікті жерде мамандардың көптеп даярлануына күш салсақ, маман тапшылығы туындамас еді. Дәл қазіргі таңда ұстаз тапшылығын қандай жолмен болсын, болдырмауға еліміздің жағдайы жетеді. Сондықтан бар мүмкіндікті қарастырып, білім беру саласындағы ұстаз тапшылығын тез арада жоюымыз қажет.


Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі:

– «Бір қаріп үйреткен кісіге 40 жыл қызмет қыл» деген хадис бар. Бәріміз де ұстаз алдынан шықтық. Мамандықтардың ішіндегі ең ардақтысы – ұстаздық. Алайда біз соңғы кездері ұстаз деген мамандықтың қадірін тым қашырып алдық. Егер ұстаздықтың мәртебесін көтерер болсақ, барлық нәрсе орнына келер еді. Сондықтан мен, ең алдымен, ұстаз мәртебесін көтеруді ұсынамын.

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

19 тамыз 2010, 11:23
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15