
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлері «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешенінде өткен бейресми кездесуінде жыл соңына дейін Астанада 11 жылдан бері үзіліп қалған ЕҚЫҰ саммитін өткізуге консенсусты негізде шешім қабылдады. Бұл – екі күнге созылған «кіші» саммиттің ең басты олжасы. Қалыптасқан халықаралық тәртіпке сай ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтетін орын ретінде Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Іле Алатауы баурайындағы «Ақбұлақ» курорттық кешенінің таңдап алынуының тегін еместігін өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуынан байқадық. Жүздеген мәртебелі меймандарды көк байрағын желбіреткен қазақтың салт атты сарбаздары, құсбегілер, ұлттық фольклорлық ансамблі, орыс, татар, әзірбайжан, ұйғыр, грек өзге де ұлттық-мәдени орталықтар әдет-ғұрып, ұлттық тағамдар көрмелерін ұсынып, ән-жырдан төгілтіп құшақ жая қарсы алды.
«Хельсинкиден Астанаға дейінгі» дамуға даңғыл жол
ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитінің ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ұйымның 35 жылдық белесінде тарих үшін тым қысқа уақыт ішінде дүние жүзі мүлдем өзгеше сипат алғанын атап өтті. «Біздің ұйымымыз құрылған 1975 жылы, сол тұста әлі әлемнің саяси картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мемлекеттің 35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған шығар. Геосаяси ахуал жаңарып, халықаралық қатынастардың мәні өзгерді, трансұлттық қауіп-қатерлердің жаңа түрлері пайда болды. Бұл ретте біздің Ұйымымыздың заман талабына сай болуы аса маңызды. Осыған байланысты біз артықшылықтарымызды айқындап, жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беретін қарымта жауаптарымызды белгілеуіміз керек.
Біз еуропалық қауіпсіздік ұғымы континенттік аядан әлдеқайда шығып тұратыны туралы тезисті дәйектілікпен және белсенді түрде ілгерілеттік.
Соның нәтижесінде, ЕҚЫҰ қазірдің өзінде еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік ұғымдарын нық пайдалануда» деп ұйымның уақыт талабына сай болуы қажеттігін жеткізді. Қазақ қашанда көрші қақысын ұмытқан емес. Осыдан бес жыл бұрын Ақаевты қуған төңкерістен тұралаған айыр қалпақты ағайынға миллиондаған доллармен қол ұшын берген қазақ биыл саяси дағдарыстан кейін 1 миллиард доллардай қаражатқа зәру бауырлас елге тағы да көмек қолын созбақ. Елбасының айтуынша, Қазақстан Қырғыз еліндегі бұзылған үйлерге құрылыс материалдары, ТЭЦ үшін отын түрінде 10 миллион доллар шұғыл көмек көрсетеді. Ресей мен Өзбекстан да қырғызға қарасып жатқанмен бұл жеткіліксіз. Осындай сын кезеңде Қырғызстан халқы өз елінің перспективалары туралы байыпты ойлануы тиістігін атап өткен Елбасы Қырғыз еліне қаржылай және донорлық көмек көрсету мақсатында шілде-тамыз айларында екі халықаралық конференция өткізу жоспарланғанын еске салып, бейресми саммит меймандарын оған қатысуға шақырды. Сондай-ақ Елбасы ЕҚЫҰ-ның жаңа саммитін шақыру қажеттілігі неден туып отырғанына байланысты өз көзқарасын ортаға салды.
«Бірінші. Тіпті осы жуырға дейін қалыптасқан әлемдік тәртіп тұрақты да берік болып көрінетін. Бірақ та осы заманғы қатерлер мен сынақтар – соғыстар мен қақтығыстар, әлемді шайқаған табиғи, техногендік және экономикалық катаклизмдер қазіргі қауіпсіздік жүйелері мен интеграцияланған әлемдік экономикадағы бар шетін орындарды жалаңаштап, жағдайды шиеленістіріп жіберді. Бірақ та олар жаһандық проблемаларды қазіргі бар бірлестіктер мен ескі көзқарастар аясында ғана шешу жеткіліксіз болатынын көп ретте көрсетіп берді. Тіпті мұны ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұлдағы саммитінен кейін өткен 11 жыл да көрсетті. Халықаралық қатынастар жүйесінің дағдарысы әбден айқын болып отыр. Кез келген дағдарысты ахуал секілді одан шығудың екі жолы бар: бұрынғы тәртіптің түрі сәл өзгерген формасын қалпына келтіру немесе жаңасын саналы түрде қалыптастыру. Бірінші бағытта әрдайым сындарлы бола бермейтін, бірақта тұтастай алғанда мемлекеттердің айтарлықтай белсенді күш-жігері жұмсалуда. Екінші бағытта ешқандай қозғалыс білінбейді» деген өз ойын айтқан Елбасы Н.Назарбаев қазірдің өзінде Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүлдем басқасын әзірлеу мүмкін еместігін мойындау қажеттігін, ұзақ мерзімді жоспарда бұл кеңістіктегі тұрақтылықты трансеуразиялық қауіпсіздік жүйесін құру жолымен нығайтуға болатындығына сенім білдірді. Екіншіден, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысынан кейінгі әлем тәртібінің жаңа моделін ойластыру міндеті саммит өткізуге негіз бола алады. Елбасы бұл тұрғыда әлемдік валютаның ақаулы бұрмалануына, «қампиған» ресурстардың алыпсатарлық арналануына және дамыған елдердің тұтынуын дамушы елдердің несиелеуіне жол бермеуді қамтамасыз ететін қаржы ресурстарын реттеу мен қадағалаудың жаһандық жүйесін және бірыңғай ұлтүстілік валютаны енгізуді ұсынды. Үшіншіден, барлық жерде қордаланып қалған ұлтшылдықты, діни төзбеушілікті, расизмді, ксенофобияны және антисемитизмді тиімді еңсеру үшін ЕҚЫҰ әлеуетін белсене пайдалану қажет. Саммитті ұйымдастыруға төртінші себеп – Ауғанстан проблемасы. Елбасы ұсынғандай, ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясының қажет екендігіне еш күмән жоқ. Қазақстан басшысының пікірінше, ЕҚЫҰ экономикалық-экологиялық өлшемнің дамуына баса назар аударғаны жөн және ЕҚЫҰ-ның Бонн декларациясы мен Маастрихт стратегиясы өзгерген шарттарға бейімделуді қажет етеді. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ бүгінде белсенді дамушы құрылым, қазіргі заманғы жаһандық саясатпен және экономикамен тығыз байланысқан тірі тін болып қала беретінін, ал 2010 жылы ЕҚЫҰ мемлекет басшыларының саммитін өткізу әлемдік қоғамдастыққа ұйымның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» дамуын көрсетуге бірегей мүмкіншілік беретінін атап өтті.
«Ақбұлақ» бейресми саммиті – Корфу үрдісінің жалғасы
Елбасының жаңа идеяларға толы баяндамасынан кейін ЕҚЫҰ төрағасы Қанат Саудабаев бейресми саммиттің күн тәртібін – Корфу процесі шеңберіндегі нәтижелерді пысықтау және одан ары дамыту, ЕҚЫҰ-ның Қырғыз еліндегі ахуалды жіті талдап, ұйымның жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздікке қатысты мәселелерді талқылау, ЕҚЫҰ саммитін биыл Астанада өткізу мен күн тәртібіне байланысты шешім қабылдау мәселелерін ұсынды. Алдағы саммитті биыл қазан айының 29-30-ы күндері Астанада өткізуді ұсынған ЕҚЫҰ төрағасы Қ.Саудабаев сыртқы істер министрлерінің «Ақбұлақ» бейресми саммиті Хельсинки қорытынды актінің принциптеріне негізделген Корфу процесінің заңды жалғасы болып табылатынын атап өтті. Жарты жылдан бергі атқарылған іс-шараларға тоқталған Қ.Саудабаевтың айтуынша, ұйымның мұрындық болуымен оның арнаулы өкілдері, БҰҰ мен ЕО-ның Қырғызстанда мақсатты жедел көмек көрсету үшін іс-жоспардың және ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанға кикілжіңді реттеу және бейбіт процесті қалпына келтіру бойынша консультативтік және жедел көмек көрсету жөніндегі іс топтамасының әзірленіп жатқанынан құлағдар етті. Одан бөлек Қырғыз жағының өтініші бойынша Ош және Жалал-Абад облыстарына полицейлік консультативтік топ жіберуге шешім қабылдануда. ЕҚЫҰ төрағасы тұрақсыздықтың өзге аймақтарға тарап кетпеуі үшін Қырғызстанға ықпал етуде халықаралық күштерді жедел түрде консолидациялау керектігін қадап айтты. Ал ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П.Бришамбо мырза егер ұйымның саммиті туралы шешім қабылданатын болса, ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша қатысушы-мемлекеттер шолу жасайтындай бәрін қамтитын конференция өткізуі тиіс екенін мәлімдеді. Ұйымның басқарушы «үштігінің» мүшесі, ЕҚЫҰ-ның 2011 жылғы төрағасы болатын Литва сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалис қазіргі Қазақстанның тәжірибесінен үлгі ала отырып, болашақта қазіргі Корфу үрдісін жалғастыратынын және даулы шиеленістерді реттеуге, Таулы Қарабақ, Ауғанстан, Молдова, Гүржістан мәселелеріне айрықша назар аударылатынын мәлімдеді. ЕҚЫҰ-ның келешектегі төрағасы ретінде ұйымның жауапкершілігіндегі аумақта дағдарыстардың алдын алу жүйесі үшін орталық құрмақшы.
Назарбаев-Саркози комиссиясы
Айтпақшы, бейресми саммиттің алғашқы күнінде ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Францияның сыртқы істер министрі Бернар Кушнер кездесу барысында Қазақстан-Франция президенттік комиссиясын құру туралы хаттамаға қол қойғаны үлкен жаңалық болды. «Біздің қатынастарымыз президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің белгілі кездесулерінен кейін стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне көтерілгенін атап өттік. Біз қол қойған құжат Назарбаев-Саркози комиссиясы құрылғанын көрсетеді. Бұл комиссияны біздің президенттеріміз басқарады. Ол Қазақстан мен Франция қатынастарының одан әрі перспективаларын белгілейтін болады», – деді Қанат Саудабаев.
Алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының отырысына ТМД, НАТО секілді тоғыз халықаралық ұйым өкілдері қатысқан екі күндік бейресми саммитті қорытындылаған ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев саммитке қатысушылардың ортақ пәтуасы бойынша Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы табысты және позитивті деп мойындалып отырғанын атап өтті. «Бұл – біздің ортақ табысымыз, бұл – әсіресе, Қазақстанның төрағалығының табысы. Біздің барлығымыз бірауыздан келісімге келдік. Енді сол саммиті өткізетін уақыты мен оның субстанционалдық мазмұнын толтыру мен алдағы саммиттің саяси құжатын дайындау ғана қалды», – деп қорытындылаған Қ.Саудабаев саммитті өткізудің нақты мерзімін белгілеу тұрақты кеңестің еншісінде екенін жеткізді.
Меймандар пікірі:
Марк Перрен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәртебесі арқылы, Корфу үдерісі және осы кеңесті шақыру арқылы осы жоспарда белсенділік танытып отыр. Нақты шаралар мен іс-қимылдың қарқынын күшейтетін уақыт жетті. ЕҚЫҰ-ны тірі ортақ мұраға айналдыру, қауіпсіздіктің еуро-атлантикалық, еуразиялық өңірінде бөлінбейтін ортақ кеңістігін құру мүмкіндігі ретінде қарастыруымыз керек. Бұл кездесуді Алматыда ұйымдастыру және осы жылда саммит өткізу ұсынысын үш деңгейде іс-қимыл жасауға берілген мүмкіндік ретінде қарастыру қажет. Біріншіден, өз қызметінде барлық мүше мемлекеттер жетекшілік жасап отырған мөлшерлер мен міндеттерді, мақсаттарды қадағалауда өзінің жеке ісі ретінде ортақ сезінуді бастау керек. Екіншіден, бұл созылған дағдарыс пен қару-жарақты бақылауды қоса алғанда, мемлекеттер алдында әдістемелік деңгейде тұрған мәселелерді әдістеме бойынша қарау жолы болады. Және де соңғысы, бұл мысалға Ауғанстанға қатысты сияқты ортақ шақыртулардың алдын алу бойынша қолданылатын ұжымдық шаралардың іріктелініп алынуы.
Герберт ЗАЛЬБЕР, ЕҚЫҰ хатшылығының жанындағы Дау-жанжалдың алдын алу жөніндегі орталығының директоры:
– Біз 7-8 күн бойы болған келіссөздерді кеше аяқтадық және ЕҚЫҰ полицейлік консультативтік тобы Қырғызстанның оңтүстігінде барынша тезірек орналастырылатын болады деп уағдаластық. Ақырғы шешім 22 шілдеде қабылданады. Біз ЕҚЫҰ осы тобының мақсаттары мен міндеттерін реттейтін жалпы құжат қабылдадық. Ол Қырғызстанның оңтүстігіндегі, әсіресе Жалал-Абад және Ош облыстарындағы қызмет саласын реттейді. Біз алғашқыда топта ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттерінен 52 полицей офицері болады деп шештік. Бұл сан қажеттігіне қарай 102 офицерге дейін көбейтілуі мүмкін. Алғашқы мерзім төрт ай болмақ. Бұның өзі әжептәуір қымбатқа түсіп, бірнеше миллион доллар жұмсалады. Сондай-ақ одан әрі қажеттігіне қарай ұзарту мәселесі шешіледі. Біз осы топтың көмегімен Қырғыз милициясын нығайту бойынша қырғыз әріптестермен ынтымақтаса жұмыс істейміз.
Сергей ЛАВРОВ, Ресей сыртқы істер министрі:
– Қырғыз еліндегі драмалық оқиғаларға қатысты ЕҚЫҰ-ның реакциясы ұйымның дағдарысқа қарсы лайықты, оперативті іс-қимылға қабілеттілігін көрсетті. Біз төрағалықтағы Қазақстанның оперативті іс-әрекеттеріне көз жеткізіп отырмыз. Ұйымға мүше-мемлекеттер еуропалық саясатқа түбегейлі өзгеріс қажеттігін сезіне бастады. Біз саналы түрде бұл өзгерістердің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын байқаймыз.
Автор: Құбаш Сағидоллаұлы
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?
- Саяси бюро: Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
- Ой-көкпар: Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?
- Нарық: Елімізге қиялдағы ұшақтар жеткізілетін болды
- Өркениет: Кітап оқудан қол үзіп барамыз
- Дат!: Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -16...-14 | -22...-20 | |
| Алматы | -12...-10 | -17...-15 | |
| Павлодар | -16...-14 | -17...-15 |






Мақалаға қатысты пікірлер: