Саяси бюро

Танымал тэгтер: , , , , ,

Ұйымның басты миссиясы- қауіпсіздік

   0 914

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын өзінің қырғи-қабақ соғыстан кейінгі тарихында өз атауына сай «қауіпсіздік» мәселесін екінші-үшінші қатарларға ысырып алғаны жасырын емес. Қара күштің заманы өткенін ескерсек, ЕҚЫҰ-ның белсенділігінің артуы арқылы НАТО-ның ұрда-жық ықпалын азайтуға болар. Өйткені қауіпсіздік пен адам құқын қызғыштай қоритын ЕҚЫҰ-ның ұлан-байтақ кеңістігінде де жанжал аймақтары, «тоқтатыла тұрған қақтығыстар», Косово, Абхазия, Оңтүстік Осетия секілді жаңа мемлекеттердің құрылу процестері осының бәрі ұйымның жауапкершілік ауқымындағы аса ыждағаттылықты қажет ететін ауыр жүк.


ЕҚЫҰ-ның тұрақсыздық белдеулері

Ұйымның соңғы екі-үш төрағалары алпауыт емес, орташа деңгейдегі мемлекеттер. Мұның өзі халықаралық ұйымның әлемдік тәртіп орнатушы алпауыт елдерге емес, басым көпшілік орташа елдердің мүддесіне сай жұмыс істеуінің кепілі болса керек. Дәл осы орташа елдер көпшіліктің үдесінен шығуы тиіс. Әлемдік саясат сахнасына атойлап шыққанына аз болған Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде оған жаңаша бағыт-бағдар, соны серпін әкелуі заңдылық. Қалтарыста қалып келген қауіпсіздік мәселесіне ден қоюымыз тегін емес. Өйткені ұйымның іші-сыртындағы жанжалды аймақтар «сөнбеген вулкандар» сияқты оқтын-оқтын от шашып қояды. ЕҚЫҰ белдеуіндегі қауіпті ошақтарды өшіре алмай отырғанда, адам құқықтарын қайтіп түгендемекпіз? Оның үстіне ЕҚЫҰ төрағалығындағы Қазақстан өзгеге қоқан-лоқы жасап, тіс батырып қоятын ұрда-жық емес. Осы орайда күннен-күнге күрделеніп келе жатқан қауіпсіздік, ұлттық кемсітпеушілік және төзімділік қағидаттарының маңызы арта түсті. Қауіпсіздікке нұқсан келтіретін қақтығыстардың түп-төркіні де осындай тепе-теңдік пен үйлесімділіктің бұзылуынан емес пе еді. Ұйымның тұрақсыздық белдеулеріне лайықты жауап қату үшін қауіпсіздікті қаперге алған жөн. Қазақстан ұйым төрағасы ретінде әлемдік қауымдастықты Азиядағы түйткілдерге (Ауғанстан, Қырғызстан) назар аудартты. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің 43-і қалай болғанда да Ауғанстандағы соғыс операцияларына немесе экономикасын қалпына келтіруге қатысып отырғанын атап өтпеу мүмкін емес. Қазақстан жаһандық ауқымға жеткен Ауғанстан мәселесін локальді деңгейде оқшаулап, орнықты дамуын ұсынып отыр. Ауған жеріне мың-мыңдап бітімгершілік күштерін аттандырған НАТО нәтижеге жетті ме? ЕҚЫҰ төрағасы шама-шарқынша осы олқылықтың орнын толтырмақ. Таяу Шығыстағы дүрдараз араб елдері мен Израиль ЕҚЫҰ-ның ауқымынан тыс болып тұрғаны оған араласуға кедергі болып тұрған жайы бар. Соңғы бес жылда екі төңкеріске душар болған Қырғыз елінің қалыпты даму жоспарын әзірлеп, білек сыбана кіріскен Қазақстан кім-кімге де үлгі-өнеге болары даусыз.


ЕҚЫҰ миссияларының міндеттері

Қалай болғанда да, ЕҚЫҰ деген НАТО секілді әскери сипаттағы ұйым емес. Оның қақтығыс немесе шиеленісті жағдайдағы аймақтарда миссиялары жұмыс істейді. Ұйым жанжалдың алдын ала ескерту, превентивті дипломатия, жанжалды шешуде әрекет ету, жанжалдан кейінгі қалпына келтіру секілді әртүрлі фазаларына белсене араласады. Миссиялардың мақсаты аймақ немесе елдегі жанжалды мәселелердің бастан-аяқ ақпарат жинап, лайықты шешімдер шығаруға атсалысу болып саналады. ЕҚЫҰ-ның барлық миссиялары үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтаса отырып, көбінесе әлеуметтік, демократия мәселелерімен, заң күшін қамтамасыз етумен шұғылданады. ЕҚЫҰ-ның тыстағы миссиялары – жанжалдардың алдын алу, дағдарыстарды реттеу, сондай-ақ нақты бағыттар бойынша дамуға көмек көрсету мақсаттарына қызмет етеді. Олардың мандаты орналасқан жерлердегі мүдделі тараптармен байланыстарды жолға қоюды және үнқатысуды дамытуды көздейді.Ұйымның жер-жердегі 20-ға жуық миссиясында қызмет істейтін өкілдердің саны әрқалай, 4-5 адамнан (Орталық Азия) кей жерлерде (Косоводағы миссия) 2000 адамға дейін жетеді. Негізі, 90 жылдардың бірінші жартысынан бастап жұмыс істей бастаған миссиялардың ең алғашқы құрылған жері – Оңтүстік-Шығыс Еуропа. Дәл осы тұрақсыз Балқан аймағына барынша көңіл бөлген ЕҚЫҰ ең үлкен миссияларын шоғырландырып, біршама нәтижелі жұмыс деуге болады. Одан өзге ЕҚЫҰ елдері шеңберіндегі тұрақсыздық аймақтары болып Гүржістан (Тбилиси, Цхинвали), Шешенстанда қосалқы топ, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ жанжалы бойынша Минск тобы, Приднестровье үшін Молдовада, Қырым үшін қырқысқан Украинада, Белорусь елінде консультативті бақылаушы топ, Эстония, Латвияда, Тәжікстанда, Орталық Азияда ұйымның миссиялары, орталықтары, өкілдіктері жұмыс істеп келеді.


Алаш-анықтама

Қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-ның тыстағы 19 миссиясы: Балқанда (Албания, Босния және Герцеговина, Черногория, Хорватия, Сербия, Косово, Македония); Шығыс Еуропа елдерінде (Беларусь, Молдова, Украина);

Кавказда (Әзірбайжан, Армения, Грузия, айтпақшы, ЕҚЫҰ-ның Грузиядағы миссиясының мандаты 2008 жылы 31 желтоқсанда аяқталды, ЕҚЫҰ-ның Минск конференциясының тақырыбы болып табылған жанжал жөніндегі іс басындағы төрағаның жеке өкілінің офисі); Орталық Азияда (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) жұмыс істеуде.



Ой-тұжырым

Сайып келгенде, Қазақстан күн тәртібіндегі қауіпсіздік мәселелерін тиімді шешуі үшін ұйымның керегесін кеңейтуді ұсынады. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер бүгін болатын ұйымды құрылымдық тұрғыдан реформалауға мүдделілік танытса, қара бұлттай төнген қауіп-қатерлердің алдын алар едік.


Автор: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

16 шілде 2010, 11:07
Рейтинг: