
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Ауғанстандағы тұрақсыздық, Қырғызстандағы күрделі саяси ахуалдың шиеленісуі еліміздің алдымен жаһандық һәм аймақтық қауіпсіздік, бейбітшілік мәселесін күн тәртібіне шығаруының заңдылығын, өзектілігін айқындап берді. Кеше ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және аймақтық қауіп-қатерлер» деген тақырыптағы дөңгелек үстел барысында еліміздің мәртебелі ұйымға төрағалығының жартыжылдық қорытындылары, ЕҚЫҰ-ның алда болатын саммитінің мән-маңызы мен аймақтық қауіпсіздік, әсіресе, Қырғыз еліндегі саяси оқиғалар, оның Орталық Азия елдеріне тигізетін ықпалы төңірегіндегі мәселелер талқыланды.
Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығының жартыжылдығының нәтижелерін түйіндеген ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко ұйымның үш өлшемі арасындағы тепе-теңдіктің сақталғанын, соның ішінде әскери-саяси өлшемі аясында ЕҚЫҰ-ның әріптесі Ауғанстандағы жанжалдарды тұрақтандыруға талпыныстар жасалғанын, дер кезінде ұйымның бюджеті қабылданғанын атап өтті. Экономикалық-экологиялық өлшем бойынша, Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытуға, ұйым аумағында көліктік инфрақұрылымдарды жақсартуға күш салынғанын айтты. Сонымен бірге ол дағдарыстан кейінгі кезеңдегі өзара әрекеттестікті дамыту бағытында «Маастрих +» құжатының әзірленгенін, ал адами өлшемдерге байланысты адам құқықтарын қорғау бағытында басымдық ретінде толеранттылық пен ұлттық кемсітпеушілік саласына баса назар аударылып, осы бағытта көптеген іс-шаралар өткізілгенін ауызға алды. Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білгенін, көрші бауырлас елдің одан әрі орнықты дамуына үлес қоса алатынын сөз етті. Қырғыз еліндегі тұрақсыздық сарапшылардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Қырғыз елінде дағдарыс діни лаңкестік топтардың қызметінің белсене түсуіне мүмкіндік берген.
Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың ойынша, есірткі, контрабандалық тауарлардың көпіріне айналған Қырғыз еліндегі ахуал толық тұрақтанды деп арқаны кеңге салуға болмайды. Қырғызстанда ішкі мұсылмандық, ішкі түркілік қақтығыстардың куәгері болып отырмыз. Көрші елдегі алдағы саяси науқандар барысында саяси жағдай ушығатын болса, сыртқы елдердің араласуына тура келеді. ҚР Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімовтің ойынша, көрші елдегі Парламент сайлауынан кейін күрделі мәселелер шешілмесе, қоғамдағы шиеленістің жаңа толқыны туындауы мүмкін. Тіпті 21 шілдеде, Ош пен Жалал-Абадтағы этникалық қақтығыстарда қаза болғандарды 40 күн аза тұту аяқталған кезде Қырғызстандағы жағдайдың қайта шиеленісуі ықтималдығын жасырмаған ол жақында ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығы Ош және Жалал-Абад облыстарындағы қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін Қырғызстанға полицияның оперативті консультациялық тобын аттандыратынын айтты. Отырысты ұйымдастырушылар ұйымның алдағы саммитінде қауіпсіздік жайы, Қырғызстан, Ауғанстанды тұрақтандыру мәселелері күн тәртібіне қойылуы тиіс деп санайды. Жалпы 11 жыл бойы үзіліп қалған саммитке бастамашы болып отырған Қазақстанның ұйымға төрағалығының табысты екенін «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы – қазақстандықтардың көзімен» деген тақырыптағы 3000 респондент қатысқан әлеуметтік сауалнама нәтижелері айғақтайды. ҚСЗИ директорының орынбасары Зарема Шәукенова келтірген зерттеу қорытындысы бойынша, респонденттердің 53,2 пайызы Қазақстанның ұйымға төрағалығының жартыжылдығы табысты өткенін айтса, ал тек 3,8 пайызы нәтижесіз деп бағалапты. Сауалнамаға жауап берушілердің 65 пайызы ұйымға төрағалық ел тарихындағы маңызды оқиға деп санаса, 57,8 пайызы демократияны дамытуға септігін тигізеді деп есептейді. Еліміздің ұйымға төрағалығы өркениеттер, Батыс пен Шығыс арасындағы үйлесімділікке әкеледі деушілер 55,8 пайыз болса, ал 48,8 пайызы Қазақстанның басты артықшылығы ретінде ел лидерінің танымалдығын атаған.
Сарапшылар пікірі:
Болат СҰЛТАНОВ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
– Менің пікірімше, қауіпсіздіктің жаңа жүйесі туралы, атап айтқанда, еуразиялық қауіпсіздік жөнінде толғанатын кез келді. Мені еуропалық әріптестеріміздің біз ұсынған еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік мәселесіне келісушілік білдіріп отырғаны қуантады. Бұл шеңбердегі қауіпсіздік мәселелері таяуда болатын ЕҚЫҰ-ның мүше мемлекеттерінің СІМ министрлерінің бейресми саммитінде назарға алынады деп күтіліп отыр. Өкінішке қарай, ЕҚЫҰ өз атына байланысты көбіне үшінші кәрзеңкеге, яғни адами өлшемдерге ден қойып келді. Батыста сіңіп қалған еуроцентристік түсінік-пайымдардың көбесін сөгу оңай емес. Соған қарамастан Қазақстан қатып қалған сетереотиптерді біртіндеп еңсеріп келеді. Қазақстан өз төрағалығының жартыжылдығында еуропалық құрылымдармен ынтымақтаса отырып, ұйымның екінші тынысын ашты деуге болады.
Марат Башимов, Еуропалық құқық және адам құқығы институтының директоры, заң ғылымының докторы:
– Қазақстан алғашқылардың бірі болып гендерлік теңдік, адам құқықтарын құрметтеу, мұсылмандықты шектемеу, толеранттық және ең бастысы, ЕҚЫҰ-ның өзінде халықаралық құқық, құқықтық субьектілік мәселесін көтеріп, ұйымға айтарлықтай үлес қоса білді. 2001 жылға дейін аз айтылып жүрген мұсылмандық құқ туралы Қазақстан белсенді түрде көтеріп жүр. Қазақстанның осы бағытта өткізген көптеген іс-шараларын басқа төрағалар өткізген емес. Интернетті реттеу мәселесі де адам құқығына келіп тіреледі. Бұл жөнінде үлкен жиындарда айтып, өз пікірімді білдіріп жүрмін. Біздің еліміз тек қана төраға болған жоқ, ұлтаралық келісім, есірткі тасымалы, өзге де көптеген мәселелерді көтеру арқылы ұйым жұмысына сілкініс әкеле білді.
Сайпулла Сапанов, саяси ғылым докторы:
– ЕҚЫҰ саммитін өткізуге АҚШ, Ресей державалар келісімін беріп отыр. Саммит күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отырған ЕҚЫҰ үшін керек. Оны Қазақстан өткізе ала ма, оған жағдай бар ма деген пікірлер айтылады. Оған мүмкіндік те, жағдай да бар және тарихи қажеттілік оны өткізудің өзектілігін көрсетеді. Өйткені Стамбұл саммитінен кейін геосаяси ахуал түбірімен өзгерді, ксенофобия, аз ұлттар құқы сияқты мәселелер лайықты шешімдерді талап етуде. Қырғи-қабақ соғыс, Батыс пен Шығыс арасындағы текетірес тоқтағалы 20 жыл өткенін ескерсек, біз айтып отырған мәселелер қайтадан бірінші кезекке шықты. Осы ретте ұйымның жауап қатуға мүмкіндігі жеткілікті деп ойлаймын.
Автор: Құбаш Сағидоллаұлы
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?
- Саяси бюро: Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
- Ой-көкпар: Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?
- Нарық: Елімізге қиялдағы ұшақтар жеткізілетін болды
- Өркениет: Кітап оқудан қол үзіп барамыз
- Дат!: Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -16...-14 | -22...-20 | |
| Алматы | -12...-10 | -17...-15 | |
| Павлодар | -16...-14 | -17...-15 |






Мақалаға қатысты пікірлер: