
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Өткен аптаның соңында ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева телефон арқылы сөйлесті. Қанат Саудабаев Қырғызстанның экономикалық қалпына келуіне көмек көрсету жұмыс тобын Қазақстанның бірінші-вице-премьері Өмірзақ Шөкеев басқаратынын жеткізді. Тараптар шілденің басында Ақордада өткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Роза Отынбаеваның кездесуінде қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Қырғызстанның экономикалық қайта жаңару бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шараларды талқылады. Қырғыз басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жоғары деңгейдегі жұмыс тобының құрылуы жөніндегі ақпаратты үлкен ризашылықпен қабылдады. Бір қызығы, мұндай жұмыс тобы Қырғызстанның өз ішінде де әлі жоқ. Шөкеевке жүктеліп отырған жұмыс тобының құрамына тиісті министрліктер мен мекемелердің басшылары кіреді.
Бұл әрине, қиын-қыстау кезеңге душар болған Қырғызстанның тауқыметін жеңілдетудегі Қазақстан тарапынан жасаған жалғыз қадам емес. Бүліктің алғашқы толқыны орын алғаннан бастап-ақ бауырлас елдің бейбітшілігі үшін қолдан келгенше қызмет етіп келеді. Қазақстанның бастамасымен АҚШ пен Ресей Президенттерінің белсенді ара ағайындық көрсетуінің арқасында Қырғыз Республикасының уақытша үкіметімен президент Құрманбек Бакиевтің елден алып шығу жөнінде келісім жасалды. Оны іске асыру мәселесін де Қазақстан өз мойнына алған болатын. Бұл шара елдегі жағдайды реттеуде, оның құқықтық кеңістікке қайта оралуына және азаматтық соғыстың алдын алуда маңызды қадам болғаны сөзсіз. Және мұндай шараларға Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі игі қадамы және бауырлас әрі көршілес халықтардың бір-біріне деген шынайы жанашырлығы деп қабылдауға болатын шығар. Өйткені осы уақытқа дейін Қырғызстанға «алыстағы аға» атанғысы келіп, демократиямен жарылқамақ болған бірқатар Батыс елдері қырғыздың берекесі кеткенде «сен тимесең, мен тименің» кебін киіп, бойларын аулақ салды. Құдай сәтін салғанда, ЕҚЫҰ-ның төрағалығынан Қазақстан табылып, халықаралық мінбелерден Қырғызстанға көмек көрсету мәселесі талқыланды. Себебі Қырғызстандағы төңкерістер посткеңестік халықтар үшін үлкен оқиға болып көрінгенімен, әлемдік деңгейдегі БАҚ, әсіресе Батыс елдерінің баспасөздері қырғыздармен қатар орын алған Тайваньдағы бүлікке көбірек назар аударды. Міне, осы жағдайда ЕҚЫҰ төріндегі Қазақстан қырғыз мемлекеттілігін аман алып қалу үшін көп күш салуда. Қырғыз мемлекеттілігі демекші, бір халық елдігінен айырылуға аз қалған тұста шетелдік саясаттанушылар «АҚШ Бакиевтің сойылын соғады, Ресей Отынбаеваны жақтайды, ал Қазақстан кімді қолдар екен?» дегендей жорамал – қауесеттер көбейіп кетіп еді. Қазір қарап отырсақ, Қазақстан Бакиевті де, Отынбаеваны да емес, Қырғызстанның елдігін қолдапты. Расында да, бұған дейін Манас әуебазасы үшін АҚШ пен Ресейдің бәсеке алаңына айналған бұл аймақ тұрақсыздықтар орын алғаннан кейін де ары тарт та, бері тарт көкпарға түскен қозының кебін киді. Ал қырғызды демократиямен ынталандырушы Батыс халықтарының жасаған жақсылығы: ресми мінбелерден бейбітшілікке шақырғаны болмаса, нақты көмек көрсету мәселесін Қазақстан мен Ресейдің еншісіне қалдырып қойды.
Осыдан бірер жыл бұрын Британияның Financial Times газеті «Қырғызстанның бюджеті шетелден қайтарымсыз қайырымдылық қаражат тарту арқылы құралады» дегенді жазып еді. Артынша бұл мысқылды америкалық басылымдар да іліп алып, жарыса жазып жатты. Арада бірер жыл өткеннен кейін, яғни бүгін Қырғызстан мемлекеті тағы да түрлі қайырымдылық көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Алайда Қазақстан Президенті қырғыз да ел қатарлы өмір сүруге қабілетті халық екеніне сенімді. Әрине, ол үшін болашаққа нақты жоспар болу міндетті. Осы тұста Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның экономикалық өрлеу бағдарламасын жасау қажеттігін және Қазақстан оны жасауға көмек көрсетуге әзір екенін айтқан болатын. Бұл көмек Қырғызстанға жасалған көмектердің арасынан ең бір маңыздысы екенін ресейлік саясаттанушылар да мойындайды.
Қысқасы, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де, сондай-ақ көршілес, бауырлас ел ретінде де Қырғызстанға көрсеткен көмегі зор. Қазақстанның бастамасымен ЕҚЫҰ аясында Қырғызстанға көмектің мүмкін боларлық жаңа шаралары сарапталып жатыр. Атап айтқанда, тиісті мониторинг жүргізу мен елдегі тіршіліктің қалыпты жағдайға өтуіне септігін тигізу үшін арнайы полицейлік контингенттің орналастырылуы қарастырылуда. Алдағы уақытта да Қазақстанның бастамасымен Қырғыз еліне жан-жақты көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қырғызстанға инвестициялық портфель құру үшін Халықаралық донорлық конференция ұйымдастыруды жоспарлауда. Осы жұма күні Алматы қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер СІМ кеңесі отырысында да Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы мәселені көтермекші.
Автор: Сәкен Көкенов
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?
- Саяси бюро: Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
- Ой-көкпар: Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?
- Нарық: Елімізге қиялдағы ұшақтар жеткізілетін болды
- Өркениет: Кітап оқудан қол үзіп барамыз
- Дат!: Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -16...-14 | -22...-20 | |
| Алматы | -12...-10 | -17...-15 | |
| Павлодар | -16...-14 | -17...-15 |






Мақалаға қатысты пікірлер: