Саяси бюро

Танымал тэгтер: , , , , ,

Халықаралық терминдерге қазақша балама іздеудің қажеті жоқ

Ерлан СЫДЫҚОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымының докторы, профессор:

   0 443

Біздің басылымда қазақ тілінің болашағына алаңдап, өзінің өткір пікірлерін білдіріп жүрген азаматтардың ұсыныстары апта сайын тұрақты түрде беріліп отыратынын тағы да бір мәрте естеріңізге саламыз! Алдағы уақытта өздеріңізден ұтымды ұсыныстар күтеміз, құрметті Алаш азаматтары!



1. Ұсыныс

Қазақ тілінің мәселесі ар-ұят пен жалқаулықты жеңе алғанда ғана шешіледі. Кез келген қазақтың бойында ары мен ұяты болса, өзінің анасының тілін үйренуге ұмтылатын еді. Тілді үйреніп, қолданыс аясын кеңейтетін де, тілді менсінбей ана тілді құрдымға кетіретін де осы екі фактор. Сондықтан азаматтардың елге, жерге деген құрметін арттыруға күш салу қажет.



Салдары

Патриоттық сезімі жоғары адам өзінің өліара шақты басынан өткеріп отырған тіліне жүрдім-бардым қарамайды. Қоғам жалқаулықты жеңгенде ғана тілді үйренуге деген көзқарас түзеледі деп ойлаймын.



2. Ұсыныс

Нарықтық әрі демократиялық қоғамда ешкімді зорлап тіл үйрете алмаймыз. Тілді дамыту үшін, ең бастысы, қызығушылық пен қажеттілікті арттыруымыз қажет. Сондықтан, ең алдымен, осы екі мәселенің механизмдерін ойлап табуымыз керек. Қазір үлкендерге де, кішкентай балаларға да арналған орыс тілді неше түрлі телебағдарламалар бар. Олар аудиторияны қызығушылық пен қажеттіліктерді арттыру механизмдерінің жүзеге асуының нақты көрінісі.



Салдары:

Қызығушылықты арттыру дегенге бір ғана мысал айтайын. Менің ұлым төрт жасқа келгенде үлкен кітап дүкеніне алып келдім. Ол дүкенде қазақша, орысша кітаптар аралас сатылады. Дүкенге кіргеннен кейін «өзің қызыққан кітаптарды ала ғой» дедім. Хат танымайтын ұлым біраз уақыт өткеннен кейін көтергенінше бірнеше кітапты алып келді. Сонда әлгі кітаптардың арасынан бірде-бір қазақша кітап таппадым. Балам хат танымайды, бұл жерде кітаптардың безендірілуі маңызды рөл атқарып тұр ғой. Осыдан барып, орыстілді кітаптардың тұтынушылары артып, сұраныс көбейе береді.



3. Ұсыныс

Тіл үнемі даму үстінде болады. Қазіргі уақытта шет тілдерінен енген сөздерге балама сөздер іздеп, қазақ тілін күрделендірудің қажеті жоқ. Бүкіл әлем халқы пайдаланып жүрген сөздер мен терминдерді тек қана қазақтар ғана өз тіліне аударып жататын фактілер жиі кездеседі. Бүйректен сирақ шығармай, әлем қолданып жүрген сөзді қазақ тілінің қолданысына да енгізуіміз қажет.



Салдары

Ағылшын тілі неге жылдам дамып кетті? Себебі ағылшын тілі – қолданысқа өте ыңғайлы тіл. Олар үнемі әлемде кең таралған сөздерді қолданысқа енгізіп отырады. Сол сияқты егер біз де әлемге ортақ сөзді сол қалпында қолдансақ, тіліміздің дамуы дәл бүгінгідей шабан болмас еді.

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

26 ақпан 2010, 15:09
Рейтинг: