Саяси бюро

Танымал тэгтер: , , , , ,

Басқа ұлт өкілі қазақша үйренемін десе, ауылда бір-екі ай тұрып, тек қазақтармен сөйлесетін жағдай жасау керек

   0 437

Біздің басылымда қазақ тілінің болашағына алаңдап, өзінің өткір пікірлерін білдіріп жүрген азаматтардың ұсыныстары апта сайын тұрақты түрде беріліп отыратынын тағы да бір мәрте естеріңізге саламыз. Алдағы уақытта өздеріңізден ұтымды ұсыныстар күтеміз, құрметті Алаш азаматтары!



Бірінші Ұсыныс

90-жылдардың басқы кезеңіндегі кейбір шешімдерді қайта қарау керек. Өйткені бүгінгі Қазақстан қоғамы түбегейлі өзгерген. Орыс тілі ұлтаралық тіл деген шешім егемендік алған алғашқы кездегі біздің қоғам ұстанған мәмілегерлік жол еді. Бұл жол өзін-өзі түбегейлі ақтады. Енді сол жолдан табан аудармай жүріп алудың қажеті шамалы. Мемлекетте қазақ саны жағынан басым ұлтқа айналғанын соңғы халық санағы дәлелдеп берді.


Салдары

Кейбір шешімдерді қайта қарау мемлекеттік тілге сұраныс арттыратындай заңдардың қабылдануына септігін тигізеді.


Екінші Ұсыныс

Тілді кодификация жасау. Мемлекеттік қызмет өкілінің белгілі бір сөздік қоры болуы керек, «қызмет саласындағылар осыншама сөз білуі керек» деген заңның қосымшасы болуы қажет. Дүкендерде, банк жүйесінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік тілде сөйлеуді заңдастыру қажет.


Салдары

Бұл тек заң қосымшасы ғана болып қоймай, табандаған талапқа ұласқанда, адамдарда тілге деген сұраныс артады. Себебі істің барлығы қарапайым нәрселерден басталады.


Үшінші Ұсыныс

Ағылшын тілін үйренемін дейтіндер АҚШ-қа барып, америкалық отбасында тұрады ғой, дәл сондай әдістерді біз де қолдануға тиіспіз. Ауылдарда, мәселен, қазақ тілін үйренемін дейтін талапкерлерге арнап неге тіл мектептерін ашпасқа? Қазақша мүлдем білмейтін басқа ұлт өкілі қазақша үйренемін десе, ауылда бір-екі ай тұрып, тек қазақтармен сөйлесетін жағдай жасау керек.


Салдары

Қазақ тілін білмейтіндер үшін бұл таптырмас көмек болар еді.


Төртінші Ұсыныс

Менің ойымша, Алматыда қазақ тілінің біраз мәселесі бар. Оның негізгі себебі, Алматы – урбанизацияға мейлінше мол ұшыраған, жаһандану мәдениеті еркін дамыған халықаралық қалалардың бірі. Сондықтан Алматыда тіл мәселесін шешудің мүлдем басқа формалары жасалуы қажет. Алматыда көптеген сауда орындары бар: «Мега-орталық», «Рамстор» және басқа да осы жаһандану мәдениетінің объектілері, халықтың мәдени кодын бұзатындар да осылар. Осы жерлерде қазақ тілін пайдаланудың аясын кеңейте отырып, ішіне қазақ мәдениетінің элементтерін енгізу керек. Ол үшін алдымен сол орталықтардың қожайындарымен ашық әңгіме болуға тиіс.

 

Салдары

Осындай мәмілелерге қол жеткізсек, халық көптеп баратын орталықтар арқылы да халықтың санасын қазақы тәрбиелей аламыз.


Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

12 наурыз 2010, 11:38
Рейтинг: