
Күллі мұсылмандардың қасиетті мерекесі — Ораза айттың алғашқы күнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ирак, Әзірбайжан, Пәкістан, Қытай, Түркия, Украина елдерінің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Аталмыш шараны дәл осы күнге орайластырудың өзіндік себебі де бар. Елбасы онысын жасырмады: «Бүгінгі сіздердің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі күллі мұсылман үмбеті үшін қадірлі болып саналатын Ораза айттың алғашқы күніне орайластырылып отыр. Мен мұны жақсылықтың нышаны деп білемін», – деді келген қонақтарға қасиетті күні сәттілік тілеп.
Елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтаған Президент: «Сіздердің Қазақстандағы дипломатиялық жұмыстарыңыз еліміздің сыртқы саяси белсенділігінің артып, беделді халықаралық ұйымдарға жемісті қызмет атқара бастаған кезеңге тура келді. Алдымыздағы желтоқсанның 1-2-сі күндері Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізуге қол жеткіздік. Қазақстанның осы ұйымға төрағалығы — тарихи жетістігінің белгісі. Қазақстанның 1992 жылғы бастамасы болып табылатын Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес бүгінде құрлықтың 90 пайызын алып жатқан 22 мемлекеттің басын қосып отыр. Азия кеңесі – құрлықтағы ұйымдық қауіпсіздік жүйесінің бірегей платформасы. Қазақстан биыл ШЫҰ-ға да төрағалық етуде. Бұл ұйым, шын мәнінде, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға оң әсерін тигізетін толыққанды факторға айналып отыр. Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқан Қазақстан қазіргі заманғы әлемдік тәртіптің өзекті мәселелері бойынша көпжақты диалогті қамтамасыз етуге белсене күш салуда. Мәдениетаралық және дінаралық диалог идеясын жүзеге асыру Қазақстанның келесі жылғы Ислам конференциясы ұйымына төрағалығының басты назарында болады», – деп Нұрсұлтан Әбішұлы елшілерді сыртқы саясатымыздағы жетістіктерімізден хабардар етті.
Қазақстан Ирактың қалпына келуіне өзіндік үлес қосты
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз Иракқа бейбітшілік пен тұрақтылықтың түпкілікті орын алуына, тұрмыс-ахуалының қайта қалпына келуіне мүдделіміз. Қазақстан Ирактың қалпына келуіне өзіндік үлес қосты. Біздің әскерилер бұл елде төрт миллионнан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырып, жергілікті мамандарды оқытып, бейбіт тұрғындарға медициналық көмек көрсеткені белгілі.
Раджех Сабер Аббуд әл-Мусауи, Ирактың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Мен Ирак Республикасының Қазақстандағы алғашқы елшісі болғаныма қуаныштымын. Қазақстан мен Ирак арасында әлеуеттің зор екенін білесіздер. Сол әлеуетті екі ел халықтарының игілігі үшін пайдаланамыз деген ниеттеміз. Біз Қазақстанның сыртқы саясатын қолдаймыз. Мен екі ел арасында барлық сала аясында ынтымақтастық орнау үшін барлық күш-жігерімді саламын.
Біздің тарихи тамырларымыз ортақ, дініміз бен тіліміз бір
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әзірбайжан Республикасы – Каспий теңізіндегі маңызды көршіміз. Біздің тарихи тамырларымыз ортақ, дініміз бен тіліміз бір. Өткен қазан айында Бакуға жасаған сапарым кезінде біз ынтымақтастықтың көптеген бағытына, соның ішінде энергетика және көлік инфрақұрылымын бірлесіп пайдалану ісінде маңызды теңгерімдерге қол жеткіздік. Осы және өзге де келісімдерді тиімді іске асыру мәселесінде елшілік елеулі қызмет атқарады деп сенемін.
Закир ГАШИМОВ, Әзірбайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас достық және бауырмалдыққа ұласып кеткені қашан. Бізге тек соны дамыту ғана қажет.
Пәкістан Қазақстанның инвестициясына мұқтаж
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан Оңтүстік Азия өңіріндегі мұсылман әлемінде маңызды орын алатын Пәкістан Ислам Республикасының ынтымақтастығына үлкен мән береді. Біздің елдеріміз өңірлік және халықаралық ұйымдарда өзара ықпалдасуда. Сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту ісінде игерілмеген әлеуеттеріміз жеткілікті. Сіздің елдеріңізде болған сұрапыл су тасқынын оңтайлы еңсеру үшін Қазақстан Үкіметі достас Пәкістанға қаржылай көмек беру жөнінде шешім қабылдайды. Пәкістан үшін тыныштық орнауын біз әрқашан тілейміз.
Мохаммад Ахтар Туфаиль, Пәкістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Пәкістан аймақтық қауіпсіздіктегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды. Екіжақты қарым-қатынас өз әлеуетін әлі сарқи қойған жоқ. Біз әлі де болсын сіздердің тараптарыңыздан болатын инвестицияға мұқтажбыз. Су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек қолын созған Қазақстанға зор алғысымызды айтқымыз келеді.
Қазақ – ержүрек, еңбекқор әрі дана халық
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатында маңызы бар. Біздің қатынастарымыз саяси сенімділіктің жоғары деңгейін айқындайды. Ол – сауда-экономикалық байланыстардың үдемелі өсуіне негізделген, табысты әріптестіктің жарқын үлгісі. Бүгінгі Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігі өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды факторы болып табылады. Бізге экономиканың шикізаттық емес секторларын, әсіресе, технология мен инновацияның трансферт саласындағы ынтымақтастықты арттыру қажет болып тұр.
Чжоу ЛИ, Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Қазақстан – ұлы ел. Қазақ – ержүрек, еңбекқор әрі дана халық. Қытай мен Қазақстанның ғасырлардан бері көрші екенін білесіздер. Қытай Қазақстанды ең сенімді әрі стратегиялық серіктес және ең жақын көрші ретінде қабылдайды. Біз әлі де екіжақты қарым-қатынасты нығайту аясында жұмыс істемекпіз.
Қазақстан мен Түркияның достығы жалғаса береді
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан Түркия Республикасымен алуан салалардағы байланысты дамытуға үлкен мән береді. Екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы қатынастардың маңызы өте зор. Бұған бірлескен жаңа синергия бағдарламасы тың қарқын беруі тиіс деп есептеймін. Қазақстан алдағы уақытта Түркияның Азия кеңесіндегі төрағалық қызметіне қолдау көрсетеді. Біз сондай-ақ жаңа жалпытүріктік құрылымдарды дамыту жолындағы бірлескен күш-жігерімізді жалғастыра беретін боламыз.
Лале УЛЬКЕР, Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Екі ел арасында тарихи ортақ және достық байланыстарға негізделген екіжақты қарым-қатынас барлық салаларда табысты дамып келеді. Түрік құрылысшыларының үлесімен көркейіп тұрған қалада жұмыс істейтініме қуаныштымын. Арадағы қарым-қатынасымыз одан да жоғары дәрежеде болу үшін аянбай қызмет етемін.
«Жол картасы-3» бағдарламасының тиімді іске асуы үшін жұмыс істейміз
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан мен Украина ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. 2007 жылы Украинада Қазақстан жылы, 2008 жылы Қазақстанда Украина жылы табысты өтті. Президент Януковичтің осы жылғы сәуір айында Астанаға жасаған сапары және жақын күндері менің Украинаға болатын ресми сапарым екі елдің қарым-қатынас аясын кеңейтуге жаңа серпін беретіні күмәнсіз. Осы орайда, өнеркәсіптің маңызды салаларында ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін «Жол картасы-3» бағдарламасының тиімді іске асуы үшін жұмыс істейміз.
Олег ДЕМИН, Украинаның Қазақстандағы төтенше
және өкілетті елшісі:
– «Қайта жаңғыру» (перезагрузка) деген сөз бар. Қазақстан-Украина қатынастарының қазіргі жағдайына осы сөз дәл болады. «Қайта жаңғыру» дегенді «жаһандық дағдарыс екі ел арасындағы қарым-қатынасты үзген екен ғой» деп түсінбеңіздер, біздің қарым-қатынастар екі ел қоғамының сұранысына ешбір сәйкес келмеді, сондай-ақ экономикалық мүмкіндіктеріміз де сәйкеспеді. Ал екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынастардың жандануы серіктестікті дамыту уақытының жеткендігін білдіреді.
Автор: Салтан СӘКЕН
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?
- Саяси бюро: Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
- Ой-көкпар: Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?
- Нарық: Елімізге қиялдағы ұшақтар жеткізілетін болды
- Өркениет: Кітап оқудан қол үзіп барамыз
- Дат!: Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -16...-14 | -22...-20 | |
| Алматы | -12...-10 | -17...-15 | |
| Павлодар | -16...-14 | -17...-15 |






Мақалаға қатысты пікірлер: