Американың Флорида штатындағы шіркеулердің бірінің пасторы Терри Джонс 11 қыркүйек датасын «Халықаралық Құран өртеу күні» деп жариялауды ұсынды. Қарашекпенді шіркеу қызметкері барлық христиандарды 11 қыркүйек оқиғасының тоғыз жылдығын Құран кітабын өртеу арқылы атап өтуге шақырды. Оның айтуынша, ислам діні әлемдегі зұлымдықтың белдеуі болып отыр.
Әрине, мұндай қадамға ресми АҚШ әкімшілігі жол бере қоймас. Тіпті кітапты өртеген күннің өзінде одан ақиқатқа келіп-кетер зиян жоқ. Иттің аузы тигенімен, теңіз ластанбайды дейді ғой. Дегенмен осындай мәндегі ұран сөздердің қазіргі қоғам үшін, қала берді адамзаттың біртұтастығы үшін келтіретін кесапаты бар. Мұны тек арандатушылық пиғыл деп қана қабылдауға болатын сияқты. Соңғы кездері батыс халқы осындай арандатушылық пиғылды пікірлерге жиі жол беріп жатқаны өкінішті-ақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Дания баспасөздерінің мұсылман Пайғамбарын әжуалайтын карикатура жариялауы үлкен дау тудырған еді. Даудың артында ашуға булыққан мұсылман жастары наразылық білдіріп, әр тұстан бір бүлік тудырып жатты. Ал оны батыстың кейбір басылымдары «мұсылмандар христиандарға шабуылдап жатыр» деп ары қарай айтақтай жөнелді. Ал Дания басылымдары мұсылмандардың сенімін аяқасты етіп, көңілдеріне келетін карикатураны басқаны үшін кешірім сұраудан бас тартып, керісінше оны қайта көшіріп жариялап жіберді. Бір қызығы, бұл іске Данияның ресми әкімшілігі араласпай қойды. Қой дейтін қожа табылмаған соң, таралымын өсіргісі келген БАҚ не істемейді? Бұл дау енді басылайын дегенде батыстықтар тағы бір арандатушылықтың шетін шығарып қойды. Үнді текті Британия жазушысы Салман Рушдидің Пайғамбарды теріс жағынан суреттейтін кітабы да мұсылман қауымының қабағына қатты әсер етті. Осылай санамалай берсе, соңғы жылдары мұсылмандардың көңіліне кірбең тудыратын оқиғалар жетіп-артылады. Жалпы, жаңа ғасыр басталған 10 жылдың барысында әлемде исламофобиялық құбылыс тым күшейіп кетті. Кейбір сарапшылар мұны адамзат баласына түскен соңғы дінді жеккөрінішті ету үшін мүдделі топтардың қасақана ұйымдастырып жатқан әрекеті деп те бағалайды. Бұл сөздің де жаны бар деуге әбден болады.
Қазіргі кезде әлемде (әсіресе батыс елдерінде) «ислам терроризмі» деген термин жиі қолданылады. Бұлайша сөз саптаудың қателік болатыны танымал ғалымдардың аузымен әлденеше ескертілсе де, бұл сөз белгілі саясаткерлердің, ресми органдардың, БАҚ-тардың сөздік қорынан түсетін емес. Бұл терминді, мысалы, «ислам жамылған терроршылар» деген сөзбен немесе Ресей ұсынғандай, ғаламдық терроризм деп өзгерте салу кімге де болса ауырлық келтірмес еді. Алайда үстірт назар салғанда байқалмайтын, бірақ дінді бет-бейнесінен айыратын осындай әрекеттер саналы түрде іске асырылатын сияқты. Соның себебінен қазір мұсылман дініне қатысты сөздердің біршамасы, филологиялық тұрғыдан қарағанда, «сөз мағынасының тарылуы», яки «сөз мағынасының ауысуы» құбылысын бастан кешіп жатыр. Мәселен, бастапқы кезде діни лауазымды білдірген «шейх», «әмір» атауларын қазір қылмыстық топтардың жетекшілері көтеріп жүрсе, құндылық мағынадағы «жамағат», «шахид», «жихат», «исламшыл» сөздерін қараниеттілер иеленді. Ал енді айырып көріңіз. Мұсылмандыққа бет бұрғысы келген кез келген адам қоғамда жағымсыз кейіпке ие болып кеткен терминдерді пайдалана отырып, ізгілікті қалай үйренеді? Басқаны былай қойғанда, өзіміздің қазақ басылымдары да орыс тілінен тікелей аударып алып, шетелдегі түрлі лаңкестік топтарға «исламшыл топтар» деп айдар тағып жүр. Бұл атауды бір кезде орыстар ағылшын тілінен дәл сол күйінде аударып алған еді.
Қысқасы, батыстың қиямпұрыс қалжыңдарымен, қитұрқы ақпараттарымен арандатуға ұшыраған мұсылман қауымының сөздік қолданыстағы қателіктерімен сусындаған өзге дін өкілдерімен сәлемі бұзылып бара жатыр. Оның үстіне мұсылман елдерінің арасында да саяси ойындардың құрбанына айналып, радикалданып бара жатқаны тағы бар. «Қанға – қан, қастандыққа – кек» принципі Мұхаммед пайғамбарымызды былай қойғанда, Иса пайғамбардың заманында-ақ дінмен терістелген. Дін ғұламасы Имам Ғазали былай дейді: «Інжілден көрдім. Иса пайғамбар былай деген: «Жамандық жасаған адамға жамандық қайтарма. Бір бетіңді ұрған адамға екінші бетіңді тос. Сырт киіміңді алған адамға шалбарыңды шешіп бер». Ендеше, аузымен орақ орған әпендінің әрбіріне әкіреңдеу арқылы исламның сабыр мен төзімділікті насихаттайтынын дәлелдеп, толеранттылығын паш ету мүмкін емес.
Тақырыпқа орай:
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (сғс) бір яхуди көршісі болған екен. Әлгі көршісі үйінен шыққан күл-қоқыстың барлығын жинап әкеліп, дәл Пайғамбардың есігінің алдына үйіп кетеді екен. Бірақ иманжүзді Мұхаммед оған қарсылық жасамай, сөзбен де дауласпай, қоқысты жинап алып, күнделікті өзі барып төгіп келеді. Бұл оқиға күнде осылай жалғаса береді. Бірақ бір күні Пайғамбар үйінен шықса, есік алдында қоқыс жоқ. Көршісі бірнеше күн бойы қоқыс лақтырып кетуін доғарады. Пайғамбар бұған таңданып, ауырып қалмады ма екен деген оймен көршісінің қал-жағдайын сұрауға кіреді. Расында да, ауырып жатқан көршісі сол уақытта ұяттан жерге кіріп кете жаздайды.
Автор: Сәкен КӨКЕНОВ
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?
- Саяси бюро: Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
- Ой-көкпар: Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?
- Нарық: Елімізге қиялдағы ұшақтар жеткізілетін болды
- Өркениет: Кітап оқудан қол үзіп барамыз
- Дат!: Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -16...-14 | -22...-20 | |
| Алматы | -12...-10 | -17...-15 | |
| Павлодар | -16...-14 | -17...-15 |






Мақалаға қатысты пікірлер: