Саяси бюро

Танымал тэгтер: , , , , ,

Ислам конференциясына төрағалық бізге не береді?

   0 823

Кеше Алматыда Мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстан гуманитарлық-саяси коньюктура орталығында «2011 жылғы Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.



Алдағы жылы Қазақстан «Ислам Кон­фе­­ренциясы ұйымына» мүше елдердің Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38-сессиясына төрағалық етеді. Сондықтан Қазақстан үшін аталған ұйыммен және мұ­сыл­ман елдерімен арадағы қарым-қатынастың қай деңгейде болу қажеттігін анықтап алу – маңызды іс. Кешегі жиында мемлекеттік және тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталықтарының сарапшылары, ислам эко­номикасын зерттеуші мамандар, дін­танушы-сарапшылар аталған тақырыпты жан-жақты талқылады.




Рахман АЛШАНОВ, экономика ғылымының докторы:

– Ғаламдық экономикадағы бәсекенің қарқыны қазір қай деңгейде екенін кез келген сарапшы біледі. Сондай қарқынды бәсеке үстінде мұсылман елдері де өз орнын табу үшін барынша әрекеттеніп жатыр. Ал біздің аймақ қазір әлемдегі ең ауқымды инвестицияланып жатқан өңірге жатады. Қазіргі саясатымыз экономика­мыз­ға демеу көрсетушілерді көптеп тарту бол­ғандықтан, кез келген инвестиция орта­лығына бейжай қарай алмаймыз. Оның үстіне, Еуропалық қаржы ағымының қар­қыны бәсеңдей бастаған қазіргі кезеңде елі­міздің экономикасына демеу көр­сететін, оның дамуын қамтамасыз ете­тін ауқымды ресурстарды тарту маңызды. Меніңше, біздің мұсылман елдерімен мүддеміз ор­тақ­тасатын тұстарымыз көп. Шөл дала, мұнай және ислам – бұл біздің геогра­фия­лық тұрғыдан қарағандағы ұқсастық­та­рымыз. Бұдан бөлек кедейлік кешіп отыр­ған мұсылман елдерінің ұқсастықтары тағы бар. Мұсыл­ман елдерінің радикалды бейнесі де осыдан туындап отырған шығар деп ойлаймын. Ал қазір Қазақстанның мұ­сыл­ман елдерімен ақша айналымы шама­мен 8 млрд долларды құрайды, оның 3 мил­лиарды – Орталық Азия елдерімен. Енді салыстырайық, Қазақстанның Ресей­мен ақша айналымы – 20 миллиард, Қы­тай­мен 16 млрд долларды құрайды. Яғни мұсылман әлемі үшінші орында тұр. Және бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келе­ді. Біз қазір мұсылман елдеріне 2 млн тон­на ұн тасымалдаймыз, Сауд Арабиясы, Мы­сыр мен Тунис бізден бидай алады. Одан бөлек мұнай, кен тасымалдайтын бол­дық. Қысқасы, экономикалық интегра­ция қарқынды өсіп жатыр. Сондықтан біз бұл елдердің мәдениетін, тілін, экономи­касын зерттеуге мәжбүрміз. Себебі бізге қа­зір мұсылман әлемі – «құпия аймақ». Біз олар­ды мүлде танымаймыз. Қазақстанның мұ­сылман ұйымына төрағалық етуі тек имидж ғана емес, нақты экономикалық мүмкіндіктер тудырады. Біз үшін өзімізді көр­сететін және өзгелердікін көріп қай­татын үлкен көрме ашылады.




Еркін БАЙДАРОВ, философия ғылымының кандидаты, Философия және саясаттану институтының сарапшысы:

– Таным тұрғысынан келсек те, эконо­ми­калық жүйесін салыстырсақ та, ислам діні қазіргі әлемдегі жаһандану құбы­лы­сы­на ене алмайтынын көрсетті. Дегенмен қар­сы тұруға да мүдделі емес. Ислам көз­қарасына салатын болсақ, жаһандану – заңды әрі қа­жетті құбылыс, бірақ ол кері кеткен «құн­дылықтардың» қосындысы болмауы керек. Бір сөзбен айтқанда, жаһандану құбы­лы­сының қазіргі көрінісін Ислам елдері вес­тернизация деп қабыл­дайды. Сәйкесінше, оған қарсы тұруды өзіне міндет санайды. Ол үшін, әрине, діни дәстүріне негізделген өзін­дік модель құрап шығу керек болды. Сон­дық­тан Ислам конференциясына төра­ға­лық еткелі отырған Қазақстанға батыс әлемі мен мұсылман әлемінің ортақ тұс­та­рын көрсетіп беру оңай іс бола қой­майды.




Анатоли КАСИЧЕНКО, Филососфия және саясаттану институтының Мәдениет және діни философия бөлімінің меңгерушісі, профессор:

Ислам конференциясы ұйымының жарғысы бірнеше рет қайта жазылған. Соңғы рет ауыстырғанда онда Израильдің көзін жою жөніндегі бастамалар болған екен. Қазір ол, әрине, алынып тасталды. Дегенмен әлі де болса ұйымның алға қойған мақсаттарында түсінбеушіліктер жоқ емес. Сондықтан мен бұл құрылымды көбірек зерттеген дұрыс деп кеңес берер едім. Аталған ұйымды біз бір құрылым ретінде қарап отырмыз. Алайда ол біртекті емес. Мұсылман әлемін ортақ ағза ретінде қарауға болмайды. Оның себебін, мүмкін, батыс елдерінің қастандық іс-әрекетінен іздеу керек шығар. Қалай десек те, бұл ұйым ислам елдерінің барлығының мүддесін көтеріп шығады деп ойламаймын. Жалпы, бұл конференцияға мүше мемле­кет­­терді не біріктіріп тұр деген сұраққа мен «дін» деп толық жауап бере алмас едім. Себебі мұнда да алдымен саяси-экно­ми­калық ортақ мүдде тұр. Ендеше, «одан біздің алатын үлесіміз қандай бола­ды?» деген сұраққа ойлану маңызды. Оның үсті­не соңғы кездері жиі айтылып жүрген «ис­лам экономикасы өзінің озат екенін көр­сетті» деген пікір – әншейін аңыз ғана. Ха­лық­аралық сарапшылар бұлай пайым­дауға негіз жоқ екенін әлдеқашан айтқан. Мұндай экономикалық жүйеден адамзат ерте заманда өтіп кеткен. Сондықтан біз өзіміздің ұлттық мүддеміз тұрғысынан ойланып, «бұл ұйым бізге не береді» деген сұрақты әлі қарастыруымыз керек.



Ислам конференциясы ұйымы:

Жер беті тұрғындарының шамамен 23 пайызын Ислам конференциясына мүше мемлекеттердің тұрғындарын құрайды. Соған қарамастан, әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 8 пайызына ғана ие. Ұйымға мүше мемлекеттердің он шақтысы ғана бай мемлекет ретінде танылса, 25-30 пайызы кедейлікті кешуде, қалғандары – орта деңгейлі мемлекеттер.


Автор: Сәкен КӨКЕНОВ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

8 қыркүйек 2010, 12:20
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

7 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15