Саяси бюро

Танымал тэгтер: , , , , ,

Түбі бір түркілікке ұмтылуға не кедергі?

   0 307

Мәжіліс мақұлдаған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісім кеше Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды. «Нахчыван келісімі» деген атауды иеленген заң жобасының негізгі идеясы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Түркі-тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы бастамасын жүзеге асыруға бағытталады.



Мәжілістің осы сессиядағы алғашқы отырысында талқыланған бұл келісім төменгі палатада батасын алған болатын. Әлбетте, заң жобасының Сенат қарауынан да жылдам өте шығатыны, сөйтіп келісімдік күшіне енетіндігіне күмән жоқ. Өйткені біріншіден, құжаттағы басты идеяны ұсынған – Қазақстан Президенті. Екіншіден, бұған дейін түркітілдес мемлекеттердің екеуі (Түркия мен Әзірбайжан) қабылдаған келісімді үшінші мемлекет қабылдаса, ол дереу күшіне енеді. Үшіншіден, 16 қыркүйекте Ыстамбұлда өтетін түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде дәл осы Нахчыван келісіміне басқа да түркітілдес елдерді қосу жайында сөз болмақшы. Сондықтан да Парламент Елбасының бастамасын жүзеге асыратын келісімді іске қоса алады.

Дегенмен түркітілдес елдердің ынтымақтастығын жүзеге асыру оңайға түсе қоймайтын шаруа болып тұр. Өйткені түбі бір түркілікке тартылып, бірлікке ұмтылуға жасқанатындар баршылық екен.



Түрікмен илігіп, өзбек ойланып отыр

Бұл бастамаға «ерекше» ұстанымның бірі Өзбекстанға тиесілі болса, екіншісі – Түрікменстан. Кейінгі кездері Түрікменстанның мұндай ынтымақтастыққа қатысты ұстанымы өзгеріп, беті бері қарай бастағанға ұқсайды. «Әуелгі кезеңде келісімге келуге белсенділік жағынан түрікмен бауырлардың деңгейі төмендеу болатын. Бірақ соңғы кездері түзу ниет танытып келеді. Ыстамбұлда 16 қыркүйекте өтетін саммитке Түрікменстан Президентінің қатысуға ықылас танытуы – соның бір дәлелі», – деді Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев. Ал қашанда көпжақты ынтымақтастықтан қашқақтайтын «ала шапанды» ағайынның ұстанған саясаты мүлдем бөлек-ті.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі көтерген мәселені комитет төрағасы Қуаныш Сұлтанов та қоштап қойды. «Елбасы бастама жасаған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саясатқа да, экономикалық, рухани-мәдени қарым-қатынасқа да ықпал ете алатын мүмкіндігі зор. Өкінішке қарай, біздің өз-ағамыз дәл осы мұраттағы көпшілік басқосудан тартыншақтап тұратыны рас. Тым болмағанда, ашық пікір білдіруден де алшақта қалып отыр. Ал Түрікменстанға келетін болсақ, расында, осы тараптан соңғы уақытта оң қозғалыстар байқалып жүр», – деген сенатор Нахчыван келісімінің түркі жұртының дамуына көп ықпал жасайтынын алға тартады. Ал ондай ықпалдастықтың бірлік болған жерде ғана нәтиже беретіні айқын.



Теңдігі сұралса, кеңестен ешкім қашпайды

Сөз арасында сенатор Өмірбек Байгелді өзбекке қатысты ұстанымын басқаша білдірді.

«Келешегі мығым болуы үшін кез келген одақ бір заңдылыққа сүйенуі шарт. Мәселен, Еуроодақты алып қарайық. Неге осы одақ қарқынды дамып келеді, неге олардың ынтымақтастығы басқадан артық? Өйткені бұл одақ аясында «үлкен-кіші» деген ұғым жоқ, мүшелердің бәрі теңдей. Дауыс бергенде бәрінің құқы ескерілген. Соның нәтижесінде мұндай одақтың келешегіне деген сенім де арта түседі. Бізге ең алдымен тарихтың осындай тәжірибелерін зерделеу керек. Әйтпесе бұдан бұрын күші мығым «Варшава одағы» деген болатын. Оның түбіне бір ғана мемлекеттің жеке-дара билік жүргізуге ұмтылысы жетті. Мүмкіндік туған сәтте оның құрамындағы «кішік» саналған елдер жан-жаққа қашты. Біз осы тұрғыдан алғанда, Өзбекстанды айыптамай тұра тұруымыз керек секілді. Бәлкім, олардың ойы біз ойлағаннан басқада шығар. Өйткені ШЫҰ-ға өзі барып кірген Өзбекстан жалпы одақтасудан қашып отырған жоқ. Шанхай ұйымында қуатты екі мемлекеттің арасалмағы арқасында барлық елдердің пікірі толық сақталады. Ал Түркітілдес мемлекеттер кеңесіне байланысты Өзбекстан оның ертеңін ойлап отырған тәрізді. Сондықтан да өзбекке кінә артуды емес, оның осыған ұмтылуына жағдай жасауға тиіспіз. Яғни кеңес аясында барша мемлекеттің құқығы да, салмағы да бірдей болып, ұстанымдары үшін кемсітілмейтіндей одақ болуы шарт. Міне, сондай алғышарттар арқылы басқа да түркітілдес мемлекеттерді кеңеске тартуға болады. Расында, «аға», «іні» деген мәселе одақта емес, дастарқан басында ғана болады», – деп түйіндеді Өмірбек Байгелді.



P.S:

Расында, түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтасу мәселесі – Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан бері күн тәртібінен түспеген, өзектілігін еш жоймаған мәселе. Мұндай ынтымақтастық ниетін кеңестік бұғаудан жаңа босаған мемлекеттердің тәуелсіздігін іле-шала мойындаған Түркия тарапы білдірсе, кейіннен Қазақстан да түбі бір түркілік бірлікке ұмтылуға біршама әрекеттер жасады. Ал жалпы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру – басқа мемлекеттердің сыртқы саясатына қайшылығы жоқ, керісінше, түркітілдес елдердің дамуына, өзара ынтымақтастықты қалыптастыруға, сол арқылы мемлекеттер арасында саяси, рухани-мәдени байланыстарды дамытуға арналған қадам.


Автор: Қанат Қазы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

8 қыркүйек 2010, 11:48
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

7 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15