Саяси бюро

Танымал тэгтер: , , , , ,

Қазақ тіліне деген оң көзқарас халықта бар, ал шенеуніктерде жоқ

   4 612
Мансұр ХАМИТ (фото)

Мансұр ХАМИТ (фото)

Кеше Астана әкімдігінде Мәдениет министрлігі әзірлеген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасына байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы баяндама жасап, қазіргі қазақ тілінің жағдайына шүкіршілік айтты.



Алайда Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл бұл «тәубешілдікпен» келіспеді. Он жылға жасалған бағдарлама да депутаттың көңілінен шықпапты. «Егер біз тілдің көсегесін көгертеміз десек, тіл туралы тек қана шындықты айтуымыз керек, – деген депутат ащы шындықтың бетін бір тырнады. – Мен өз басым өткен жылдардың ішінде қазақ тілінің көсегесі көгерді, республиканың барлық жерінде мерейі үстем болды дегенге қосылмаймын. Себебі, көріп отырсыздар, қай жерге барсаңыздар да жиналыстардың көбісі, негізінен, орыс тілінде жүреді. Үкімет толық қазақша сөйлеген жоқ, қала әкімдіктерінің бәрі бірдей жиналыстарын қазақ тілінде өткізеді деп ешкім айта алмайды. Жалпы, қазақ тіліне деген оң көзқарас халықта бар, ал шенеуніктерде жоқ».

Қала әкімдіктерінің ішіндегі тіл дегенде емешегі езіліп, бүйрегі бұрып тұратын Астана әкімдігі дегенге де Алдан Смайыл күмәнмен қарады. Бауыржан Омаров «Астана қаласының әкімдігі Алаш қозғалысының 90 жылдығына арнап «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұрасы» атты халықаралық конференция өткізіп, дүниежүзінің 11 елін мекендейтін 30 шақты танымал қазақты шақырып, шаңырағына жинап, сөйтіп туған тілдің рухын бір көтергенін айтқан еді. Астана әкімдігі он шақты басқарманың іс-қағаздарын таза қазақ тіліне көшіріпті. Өзге өңірлер тек қана мемлекеттік қызметкерлерді тегін оқытып, қалғандарына не ақшасын қимай, не басқасын ойланып отырғанда, Астана әкімдігі денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру мекемелерінің және ұлттық мәдени орталық қызметкерлеріне ақысыз тіл үйретуге шешім қабылдаған. «Бұл шешім жемісін беріп те жатыр. Кәріс қазақша хал сұрайтын, орыс қазақша мал сұрайтын жағдайға жетіп қалды», – деген еді комитет төрағасы осы жиында. Алайда Алдан Смайыл: «Астана әкімдігінің аппаратының қанша пайызы қазақ тілінде сөйлейді, қанша пайызы қазақ тілінде іс жүргізеді деген сұраққа жауап бере аласыз ба? Қанша пайыз екенін менің ішім сезеді. 60 пайызға жетті ме, 90 пайызға жетті ме, жоқ әлде бұрынғысынша 10-20 пайыздың айналасында жүр ме? Қай облыстық әкімдік пен қай қалалық әкімдікте шенеунік 100 пайыз қазақ тілінде сөйлейді дегенге сенесіздер? Ондай жоқ бұл елде», – деп, өз пайымын ортаға салды.

Шымбайға батса да шындықты айту керектігін ескертіп: «Мен қазақ тілінің өсіп кетуіне жан-тәніммен тілектес адаммын. Бірақ тілектес болу бір басқа, шындықты айту бір басқа. Егер осының бәрінің басын ашып айтпайтын болсақ, дәл сол кемшіліктерді жоюдың нақты жолын мына бағдарламадан таппайтын болсақ, біз тағы да он жылды бостан-босқа жоғалтамыз», – деді.

Алдан Смайыл «Тіл туралы» Заң оңтайланбай, бағдарламаның жүзеге асуы бекершілік деп есептейді. «Біз «Тіл туралы» Заңды қашан өзгертеміз, қашан толықтырамыз? Бұл бағдарлама заңдарды түзейтін бағдарлама болу керек. Заңсыз ештеңе істей алмайсың. Бағдарлама заң емес. Біз мұны керемет әдемі жасауымыз мүмкін, бірақ бағдарламадағы айтылған нәрселерді жүзеге асыру кезінде оны қолдап, жетілдіріп отыратын заңдар болмаса, ол жайына қалады», – дей келіп, депутат жобада «тілді міндеттеу» дегеннің жоқ екенін де алға тартты. «Тілді міндеттемейтін болсақ, қазақ тілін қолданысқа қалай енгіземіз? Міндеттейтін жерде тілді міндеттеу керек. Атқару билігінде, атқару орындарында отырған басшыларға тілді білуге міндеттейтін уақыт жетті. Мұнда «доктринаны негізге алдық» дейді, доктринада тіл міндеттеледі, ендеше неге бағдарламаның осы жерін доктринаға сәйкес етпедік? Доктринада, керек болатын болса, қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық бермеу жөнінде мәселе бар, ол неге жоқ бағдарламада?» – деп, мәселені төтесінен қойды.



Айтбай Бұлашев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, мәслихат депутаты:

Маған жоба мәтіні орысша дайындалып, қазақ тіліне шорқақ адам аударған тәрізді сезім қалдырды. Ішіндегі кейбір дүниелерді түсінбеймін. Сосын орысша мәтінін тауып алып, орыс тіліндегісін оқығаннан кейін бәрі орнына келді.


Автор: Салтан СӘКЕН

Мақалаға қатысты пікірлер:

Әбдірашит Бәкірұлы (04.09.2010 19:51)
Алдан аға шындықты айтып отыр. Депутаттардың, ең болмағанда, қазақ тілін қорғауға қауқары жетпей жатқаны қынжылтады. Алдан ағаны жауына жалғыз шапқан Кейкі батырға ұқсатқандай күйде отырмыз...
saken (04.09.2010 20:31)
Қазақ тілінде іс жүргізбеген мекемеге айыппұл салу керектігін заңмен бекіту керек.
проф.Совет-Хан Ғаббасұлы (05.09.2010 17:56)
Министрдің айтып жүрген "ТІЛ" бағдарламасы жалпылама және жалтақ әңгіме ?! Себебі, оның ешқандай нақты механизмі де технологиясы да жоқ. Оқып шыққан соң, адамда аса ауыр көңіл-күй қалады.Үкімет басында отырған адамдардың нендей ойлары бар ? Олар не үшін және кім үшін қызымет ететіндері түсініксіз. Әйтпесе, мынау суайттың сөзі тәріздіні бағдарламаға балау ұят қой. Қазіргі он жыл - уақыт динамикасын ескерсек - бір ғасырға пара-пар мезгіл ғой. Мен мынау 4-түрлі ұсынысты қабылдауды талап етемін. І. І. Үкімет қаржыландырып және ұстаздарына айлық беріп отырған барлық (орыс,ұйғыр,өзбек т.б.) мектептер быйыл әзірліктерін жүргізіп, келесі 2011 жылдан Бірінші кластардың негізгі пәндері мемлекеттік тілде оқытылуы керек. Сонда, бүкіл Қазақстан жастары бір тілде сөйлеп, нағыз достық пен Отаншылдыққа тәрбиеленеді. ІІ. Мемлекеттік тілге барлық салада қажеттілік тудыру, қатаң талаппен жүргізу қажет. ІІІ. Қазақтың Отаны - біреу екені, барлық Ұлт өкілдеріне белгілі. Олардың тарихи Отандарында Тілі де Мәдениеті де өркендеуде. Ендеше, олар адамшылық пен азаматтық сипатта Қазақ халқына көмектесулерін, нағыз кісілікке балауға болады. ІУ. Мемлекет сөзбұйдаға салмай, тек Мемлекеттік тіл жайында Европа мен Азиядағы Жетілген елдердегідей "ТІЛ ЗАҢЫН" қабылдағанда ғана шынайы сенімділік туады. Мұндай пікірді басқа "этностар" өкілдері де ашық айтып жүр. Ұлтты ұйыту - - Мемлекеттің міндеті. Мұны түсінбеген мемлекет унитарлы Елдің езушісі және қорлаушысы болмақ...
Даулет. ЕҰУ ЖУРНАЛИСТИКА ф. 1 курс студенті (05.09.2010 23:33)
«Айтпасаң сөздің атасы өледі». Айтпауға амал қайсы?! Алдан Смайыл ағамызға өте қуаныштымын. Мұқағалиша «Шыда жаным, шыдай түс шыда тағы, Бұл өмір шыдамдыны ұнатады» дегеннен басқа не айтайық?!.

Пікірдің қосылуы

4 қыркүйек 2010, 13:14
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

7 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15