Саяси бюро

Танымал тэгтер: , , , , ,

Шпиондар дәуірі туып келе жатыр

   0 438

«Шпион», «тыңшы» деген сөздер кез келген қазақтың құлағына түрпідей тиеді. Халқымыздың осы бір ұғымды сонша жек көруінің негізгі себебі өткен ғасырдағы Кеңестік өкіметтің зиялыларымызды «жапон шпионы», «қытай тыңшысы» деген жасанды жаламен ата бергені екені айтпаса да белгілі. Дегенмен жер бетінде тыңшылық пайда болғалы бұл ұғымның иелері дау-дамайлардың, қауіп-қатерлердің қақ ортасында жүретіндіктен ол қай елдің тұрғындары үшін болса да жағымды ассоциация бермейді.



Бізден сізге не керек?

Кез келген мемлекеттік құрылым өз территориясында жат елдің шпиондары жүргенін қаламайды, ал өз тыңшылары шартараптың толы кезіп жүрсе де құба-құп көрер еді. Сондықтан да арғы-бергі тарихтың қойнауына көз жүгіртсек, шпиондық дау-дамайлар бір саябырлаған емес. Тіпті соңғы үш жыл барысында да бұл мәселе ел мен елдің арасында көптеген дау- дамайлар туғызып, баспасөздерді шулатудан босамай келеді.

Сәтті жасалған тыңшылық жұмыстар мемлекетке миллиондаған қаражат, стратегиялық маңызды жобаларды береді, ал соғыс кезінде мыңдаған адамның өмірін сақтап қала алады. Әрине оны да кез келген құрал секілді зұлымдық үшін де, жақсылық үшін де қатар пайдалануға болады. Қазіргі кезде тыңшылықтың экономикалық түрі ерекше өршіп тұр. Оны мемлекеттік құрылымдар, ірі компаниялар, кейде қалтасы көтеретін байлар да жалдайды. Тыңшылықтың кең тараған бір түрі – заңсыз жолмен шекарадан ақша өткеріп жіберу. Бұл міндет неғұрлым жақсы атқарылса соғұрлым ел экономикасына ізгілік жасалды деп есептеледі. Сондай-ақ көп шпиондар дауына көп қалатын нысана, ол – әскери құрылымдар, қорғаныстық өндіріс орындары. Ал ірі компаниялар болса нарықтық бәсекеде жетістікке жету үшін өздерінің басты қарсыластарын аңдумен болады. Олар үшін қарсылас компаниялардың мекемелік құпияларын әшкерелеу аса маңызды.



Кімде қандай дау болды?

Соңғы бірнеше жыл мемлекеттердің арасында көптеген шпиондық жанжалдарды тудырды. Соның ішінде мұндай дауға ең көп іліккен мемлекет Ресей болып табылады. Ал әшкере болып қалған шпиондарды азаптамай, дипломатиялық жолмен босатудан бас тартқан елдердің қатарына Солтүстік Кореяны, Иранды жатқызады(Батыс елдері).

Үстіміздегі жылдың маусым айынан бері әлемдік баспасөздер АҚШ пен Ресей арасындағы шпиондық дауды үздіксіз жариялап келеді. Бұл оқиға соңғы бес-алты жылдағы ең ірі шпиондық жанжал болып отыр. АҚШ пен Ресей әкімшілігі екі ел қарым-қатынасын жақсарту бағытында біршама жетістіктерге жеткеніне қарамастан, тыңшылардың тым еркінсіп жүруін қаламаған болу керек, тараптар шпиондардан арылу жұмыстарын бастап кетті. АҚШ құқық қорғаушылары Ресейдің бір емес, екі емес, 10 тыңшысының есімін жариялады. Және тұтқындалғандардың барлығы кінәсін мойындап, өз отандарына депортацияланды. Есесіне АҚШ Ресейде тұтқындалып қалған орыс текті төрт тыңшысын қайтарып алды. Дау аты дау демесек, бұл оқиғадан кейін қарым-қатынасы жаңа сатыға өткен қос елдің арасында бәлендей бір салқындық пайда бола қойған жоқ.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында екі бірдей шпиондық жанжал көтерілді. Үнді құқық қорғаушылары Исламабадтағы елшілігінің жоғары шенді қызметкерін «Пәкістанның мүддесі үшін жұмыс жасады» деген айыппен қамауға алып жатса, Оңтүстік Кореяның Арнайы қауіпсіздік қызмет ҚХДР-дің қос шпионын әшкерелеп, ешбір екіжақты келіссөздерсіз еліне қайтарып жіберді. Коммунистік Кореяның қос тыңшысы Оңтүстік Корея территориясына Қытайда жүрген кореялықтардың көші арасында өтіп кеткен екен.

Өткен 2009 жылдың аяғы мен биылғы жылдың басы Ресей мен Украина үшін тыңшылар алмасу кезеңі болды. Өткен 2009 жылдың соңында Украина Қорғаныс министрлігінің Барлау басқармасының қызметкері Руслан Пилипенконың қолына кісен түседі. Ол үш жыл бойы Ресей пайдасына жұмыс істеп, ақпарат тасумен болған. Тергеу барысында Пилипенко өз кінәсін мойындап, елдегі өзге де барлаушылардың есімдерін әшкерелеуге уәде берген еді. Соның нәтижесі болу керек, биыл жылдың алғашқы айында Украина Қауіпсіздік қызметінің бастығы Валентин Наливайченко бес ресейлік шпион әшкереленгенін мәлімдеді. Олардың барлығы елден қуылған, ал негізгі ұйымдастырушы қамауда ұсталуда.

Ал 2008 жылы Румыния мемлекеті Болгария шпионын, АҚШ Израиль шпиондарын әшкереледі. Пентагон қызметкері Бен-Ами Кадиш Израильдің пайдасына шпиондық жасағанын ресми түрде мойындады. Қару-жарақ дайындау орталығында қызмет атқарған Бен-Амин ираиль елшілігіне АҚШ-тың зымырандарға қарсы қорғанысына қатысты ақпаратты жеткізіп отырған екен. Дәл осы тышқан жылында Эстонияда мемлекеттік құпия қызметінің бұрынғы басшысы Херманн Симм және оның әйелі, полиция департаментінің қызметкері тұтқындалды. Симм 1995 жылдан бастап 2008 жылға дейінгі аралықта Эстонияның көптеген маңызды құпияларын Ресейдің Сыртқы барлау қызметіне жеткізіп отырған. Ресей шпиондары Эстониядан ұсталып жатқанда Ресей де қарап жатқан жоқ. Олар АҚШ пайдасына ақпарат жинап жүрген тегі орыс болғанымен қолдарында қосымша АҚШ азаматтығы бар ағайынды Заславскийлерді, Александр мен Ильяны әшкереледі. Олар Ресейдің мұнай және газ саласындағы ахуалын жеткізіп отырған.

Сондай-ақ Қытайдың АҚШ-тағы шпиондары да көп дау жасап үлгерді. Алдымен 72 жастағы қару-жарақ инженері Донгфан Чангаға  «С-17 әскери ұшағы мен Delta-4 зымыранының құрылысына қатысты ақпаратты жасырын Қытайға жіберді» деген айып тағылды. Артынша Пентагонның Қарулану жөніндегі сарапшысы 51 жастағы Грегг өзінің қос көмекшісімен бірге Қытай пайдасы үшін көптеген ақпарат жинаған.



Қазақ та қалыс қалған жоқ

Қазақстан әлемдік қауымдастықта көрнекті орыны бар ел. Сондықтан еліміздің ішкі сырын ұрлауға келетін шпиондар да көп болуы мүмкін. Мәселен, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері соңғы жылдары елімізде астыртын түрде жұмыс істеп жатқан 18 «шпион» ұстапты. Шетелдік арнайы қызметтің тыңшылары еліміздің ішкі жағдайы,ұстанған бағыты мен сыртқы және ішкі саясатына қызығушылық танытқан. Одан тысқары, заңсыз барлау қызметкерлері жер қойнауындағы байлыққа да көз салған көрінеді.

Өткен жылдың қыс мезгілінде Австрия полициясы қазақстандық арнайы қызметтің пайдасына орай жұмыс істеген жергілікті офицерлер ұсталғандығын хабарлаған еді.



Өткен жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Сырбар» сыртқы барлау қызметін құру туралы Қаулыны бекітті. Бұл құрылым тек мемлекет басшысына ғана бағынып, есеп береді.


Автор: Сәкен КӨКЕНОВ

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

4 қыркүйек 2010, 12:33
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

7 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15