
Мансұр ХАМИТ (фото)
Үкіметтің кешегі селекторлық отырысы әдеттегідей басталды. Баяндамашылар алма-кезек ортаға шығып, стратегиялық маңызы зор деген үш құжаттың жобасын таныстырды.
Бір қызығы, Үкіметте тыңдалуы тиіс Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Білім және ғылым министрінің өзі емес, орынбасары Махметқали Сарыбеков таныстырды. Вице-министрдің айтуынша, өткен бесжылдық бағдарлама жаман өтпеген тәрізді. «Біз Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды аяқтап отырмыз. Осы бағдарлама негізінде «Білім туралы» Заң қабылданды. Осы жылдар аралығында мектептердегі орын тапшылығы 129 мыңға азайды. Төртінші ауысымдағы оқу жүйесі біржолата жойылып, үшінші ауысымдағы мектептер саны да 48-ге қысқарған. Үш мыңнан астам мектеп интерактивті кабинеттермен жабдықталды. Сондай-ақ мектептердің 34 пайызы кең жолақты интернет жүйесіне қол жеткізді», – деп атап өтті вице-министр. Бағдарлама екі кезең бойынша жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды, ал екінші кезең 2016-2020 жылдарды қамтиды. Сондай-ақ М.Сарыбеков бағдарламаны жалпыхалықтық талқылау барысында 288 ұсыныс пен ескертулер келіп түскенін, соның 104-і құжатқа енгізілгенін айтты.
«Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың материалдық және рухани әл-ауқатын жақсарту. Экономиканың тұрақты дамуы үшін баршаға арналған сапалы білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету арқылы білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және адами капиталды дамыту секілді тоғыз түрлі бағытты қамтиды», – деп жалаулатып өткенімен, вице-министр Сарыбеков білім беру саласында әлі де түйінін таппай келе жатқан мәселелерге тоқталмай кете алмады. «Бүгінде еліміздегі мектептердің 65 пайызы кең жолақты ғаламтор жүйесіне қол жеткізе алмай отыр. Барлық оқушылардың тек 28 пайызының ғана компьютерге қолы жетеді. Ал интернетке қол жеткізгендері небәрі 16 пайыз ғана. Бұл — дамыған елдермен салыстырғанда 3 есеге аз көрсеткіш. Осылайша, технологиялық дайындық деңгейі жағынан әлем бойынша75-орыннан аса алмай отырмыз», – дейді ол.
Құжат бірауыздан мақұлданды.
Еліміз қоқыс ордасына айналып барады
Өткен жылы еліміздің өзен-суларына шамамен 3 млн тоннадан астам лас, сарқынды сулар төгілген. Ал осы уақыт аралығында еліміздің 43 ірі қаласы атмосфераға 2 млн тоннаға жуық улы заттар бөлген. Бұның 70-80 пайызы Алматы және Шымкент қалаларындағы ағылып жатқан автокөліктерге тиесілі. 2010 жылғы қаңтардағы мәліметтер бойынша, Қазақстан аумағында 43 млрд тоннадан астам қалдық бары анықталған. Бұл еліміздің әрбір тұрғынына орта есеппен 1,5 мың тонна өнеркәсіп және тұрмыстық қалдықтан келеді деген сөз. Ал одан арылу үшін үлкен салалық бағдарлама қажет.
Сол себепті Үкіметке қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасын жасап ала келіпті. «Бұл қалдықтардың 600 млн тоннасы – улы қалдықтар. Ал олардың көлемі жыл сайын шамамен 700 мың тоннаға көбейіп барады. Еліміз хром мен қорғасын, мыс сияқты ластаушы ауыр металдардың астында қалды. Олардың көлемі Еуропа мемлекеттерінде жинақталған қалдықтардан әлдеқайда көп», – дейді Нұрғали Әшімов.
Бағдарлама 2010-2014 жылдарға арналыпты. Ол жасыл экономиканы дамыту, қоршаған орта мен денсаулық компоненттеріне антропогендік әсерді төмендету, табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін дамыту және жетілдіру секілді төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Министрдің жорамалы бойынша, бұл аралықта, яғни 2014 жылы атмосферадағы зиянды заттар көлемі кемінде – 5,9, судағы лас қалдықтар 3,5 пайызға төмендесе, ал оларды қайта өңдеу 22 пайызға артатын секілді. Министр «осы аралықта түз еркесі – киік санын 10 пайызға арттырып, еліміздің жасыл желегін жылына 65 мың гектардай ұлғайтуға болады», деп болжап та жіберді. Тек бұл үшін «аздаған» (шамамен 350 млрд теңге) қаржы керек. Ұрпақ денсаулығы үшін несін аясын, Үкімет мүшелері министрдің сұраған ақшасын береміз деп уағдаласып, бұл құжатты да мақұлдап жіберді.
Оқу жылына дайындық мәселесін инспекторлар тексереді
Отырыста сондай-ақ білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы мәселесі назардан тыс қалмады. Үкімет басшысы білім және ғылым вице-министрінен дайындық мәселесін сұрады. Махметқали Сарыбековтің айтуынша, мектептер жаңа оқу жылына 100 пайызға дайын. «Жыл соңына дейін тағы 113 білім ошағының құрылысы аяқталады. Бала санының жетіспеуіне байланысты биыл шағын құрамдағы 60 мектеп жабылды», – деп атап өткен ол тек апатты жағдайда тұрған мектептердің қинап отырғанын тілге тиек етті. Оның сөзіне қарағанда, әбден ескірген мектептердің саны жылдан-жылға артып отыр. Тек биылдың өзінде ғана 14 мектеп «апатты» деп танылған. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мұнымен тоқталып қалмай, кеңсесіне өңірлердегі орта білім беретін нысандардың жаңа оқу жылындағы дайындығын тексеру үшін бас инспекторларды жіберуді тапсырды. «Бас инспекторлар білім беру нысандарын тексереді. Олар маған нақты жағдай туралы егжей-тегжейлі баяндама әзірлеуі тиіс. Содан кейін кінәлі кадрларды жұмыстан босату туралы шешім қабылдайтын боламыз», – деді К.Мәсімов.
Бахмутова банк капиталына жеке тұлғалардың қатысу үлесін шектемек
Айтпақшы, отырыста банк және банк қызметі туралы заңға енгізілетін түзетулерді түсіндіру үшін мінберге шыққан Қаржылық қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова ханым банктердің акциясына қатысты өз ұсынысын білдірді. Оның ойынша, жеке тұлғалардың банктердің акционерлік капиталындағы қатысын 25 пайыздан асырмау қажет. «Алдымен акционерлердің банктерге ықпалын шектеу ұсынылады, яғни банк холдингі мен ірі қатысушы-жеке тұлғалардан бөлек бірде-бір тұлға тікелей не жанама түрде банктің 25 пайыздан астам акциясына ие бола алмайды», – деді ол. Үкімет басшысының ойынша, бұл ұсыныста негіз жоқ емес. Алайда бұл ретте банк жүйесіне қатысты елімізде жинақталған оң және теріс тәжірибелерді ескеру керек. «Бұл алдымен еліміздің экономикасын, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға үлес қосуы тиіс», – деп атап өтті Премьер-министр.
Автор: Бүркіт Нұрасыл Астана
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Қазыналы аймақ денсаулығына қауіп қайдан келді?
- Саяси бюро: Президенттік кадрлық резерв қалай жасақталуы керек?
- Ой-көкпар: Ақылы ету арқылы автожолдардың сапасын көтере аламыз ба?
- Нарық: Елімізге қиялдағы ұшақтар жеткізілетін болды
- Өркениет: Кітап оқудан қол үзіп барамыз
- Дат!: Қазаққа керегі – қазақтың ішкі бірлігі. Ол үшін заңның керегі жоқ
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -16...-14 | -22...-20 | |
| Алматы | -12...-10 | -17...-15 | |
| Павлодар | -16...-14 | -17...-15 |






Мақалаға қатысты пікірлер: