
Мансұр ХАМИТ (фото)
Бүгінгі таңда еліміз бойынша кезекте тұрған 260 мың баланың біразы балабақша есігін ашпастан мектепке баратын түрі бар. Өйткені кезек күтіп сарылып отырған ширек миллион баланы балабақшамен толық қамтамасыз ету үшін әлі де 10 жыл керек екен. Кеше білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке берген есебінен осылай деп ой түйдік.
Министр Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, қазіргі кезде балабақшалардағы әрбір 100 орынға 111 баладан келеді екен. «Ең үлкен кезек Алматы, Астана және Оңтүстік Қазақстан облысында тіркеліп отыр. Республика бойынша барлығы 260 мың бала өз кезегін күтуде. Қабылданған шараларға қарамастан, балабақша орындарының тапшылығы азаймай отыр. Тек өткен жылдың өзінде балабақшалардың саны 805-ке өсіп, нәтижесінде 22 мың бала қабылданды. Министрлікте отбасылық балабақша мен мектепке дейінгі білім беретін кешендердің қызметін ұйымдастыру ережесі бекітіліп, 2010 жылға «Жол картасы» аясында жөнделетін балабақшалар тізбесі әзірленді. Жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтарды ашу рәсімдері жеңілдетілді. Осыған қарамастан, орындардың тапшылығы азаймай отыр», – деді министр мұң шаққандай болып.
Министрдің бұл мәселені қаржыға әкеліп тіреп отырғанын сезген болуы керек, Кәрім Мәсімов шаруаны шешудің басқа жолын ұсынды. «Бұл үшін мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ететін «Балапан» бағдарламасын тезірек жүзеге асыру керек. Түсінемін, бұл – күрделі әрі қиын шаруа. Алайда бағдарламаны жүзеге асыруда тек бюджет қаражатына сүйенуге болмайды. Тек бюджеттің қаржыландыруына сенсеңдер, бұл мәселе шешімін таппайды. Сондықтан оны орындау үшін мемлекет пен жекеменшік секторының серіктестік механизмін іске қосу қажет. Балабақшалардың құрылысына жеке бизнес өкілдерін тарту қажет. Бағдарламаны ақпанның соңына дейін Үкіметке енгізіңіздер! Бұл сұранысты 2020 жылға дейін 100 пайыз қамтуды көздейтін кешенді бағдарлама болуы керек», – деді Үкімет басшысы.
Министр тоқырау жылдарында басқа ведомстволардың жетегінде кеткен балабақша ғимараттары жайына тоқталды. «Басқа органдарға берілген немесе қажетіне қарай пайдаланылмай келген ғимараттарды қайтару, жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтарды дамыту арқылы біз еліміздегі балабақша жүйесін кеңейтуді жалғастырамыз. Ол үшін бізге мемлекет пен жекеменшік сектордың серіктестігі әлеуетін пайдалану өте тиімді болатыны сөзсіз. Осы шаралар шешімін тапса, тағы мектепке дейінгі білім беретін 1132 мекемені пайдалануға беруге мүмкіндік бар. Бұл сұраныстың 43,3 пайызын өтер еді», – деді Ж.Түймебаев.
Алқа мәжілісіндегі жағымды жаңалықтың бірі – биыл жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бұрынғы жылдармен салыстырғанда 5,9 пайызға дейін төмендепті. Министрдің ойынша, бұл көрсеткіш бүгінде жастар саясаты саласында әлеуметтік маңызы бар жобаларға байланысты. Өткен жылы осындай 76 жоба жүзеге асырылды.
Айтпақшы, алқада Премьер-министр тарапынан қатаң сынға ұшыраған мәселенің бірі мектептерде ата-аналардан ақша жинау жайы болды. «Бұл мәселені доғару керек. Мектеп – сыбайластық жасайтын жер емес. Керісінше, сапалы білім беретін жер. Әр мектептің қоғамдық бақылау мәселесі ерекше болуы тиіс. Әлі де болса мектептерде ақша жиналып жатыр. Осы мәселені қарау керек. Бұған қатысты менің жеке блогыма хаттар көп келіп түседі. Сол жағына көңіл бөлу керек», – деді ол. Үкімет басшысы жалпы орта мектептерде 12 жылдық білім беруді енгізу жұмыстарын ширата түсу керек деп санайды. «Ең алдыңғы қатарлы елдерде 11 жылдық жүйеге 12-сыныпты соңына қоспаған, керісінше алдына қосқан. Яғни біздің мектепке дейінгі дайындық сыныбы секілді. Осы бағытқа қарай жылжу көбірек пайдалы», – деді Кәрім Қажымқанұлы.
Осы күні Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісіне де қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова 2010 жылы да өз жалғасын табатын «Жол картасы» бағдарламасы мен көші-қон саясаты бойынша «Нұрлы көш» бағдарламасы, сондай-ақ мемлекет бюджет қаржысы есебінен шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мәселесін көтерді.
Премьер-министр отандық бизнестің дамуына тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді төмендету және бизнестің шығындарын азайту, сондай-ақ осы бағыттағы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді тапсырды.
Автор: Бүркіт Нұрасыл
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: