Дат!

Танымал тэгтер: , , , , ,

Әлеуметтік педагогтің қызмет аясының кеңдігіне қарамастан, оның рөлі туралы дұрыс көзқарас қалыптаса қоймаған сияқты

   2 4100

Гүлмира Шырынбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, педагогика ғылымының кандидаты:


– Мойындау керек, әлеуметтік педагог пен өзін-өзі тану мұғалім­дерінің қоғамдағы рөлі дұрыс айқын­далмай отыр. Қаншалықты қажет екен­дігін біреу білсе, біреу білмейді. Оның мәртебесінің көтерілмей оты­руының бірден-бір себебі сол шығар, бәлкім?

 – Республикамыздың бірқатар жоғары оқу орындарында, соның ішінде Абай атын­дағы ҚазҰПУ-дің педагогика-пси­хо­логия факультетінде 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік пе­даго­гика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімдерін даярлау жүйесі қазіргі таңда ғылыми жаңа бағыт болып табылады. Сондықтан бұл екі мамандықтың, яғни әлеу­меттік педагог және өзін-өзі тану мұ­ғалімінің қажеттілік рөлі мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесіне сай анықталған тәжірибелерге, бүгінгі қо­ғам­дық әлеуметтік мәні бар өзекті мәсе­лелерді қамтитын мына төмендегі аса ма­ңызды екі факторға сүйеніп айтар едім.

Біріншісі: Иә, қараусыз қалған балаларды көзден таса қылмауға әркез мән беріліп келді. Алайда әртүрлі себептермен ата-ана­сынан айырылған немесе панасыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі мүгедектер т.с.с жасөспірімдер мәселесін еліміз әсіресе Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мықтап қолға алды. Осы мақсатта Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың «Балалар үйінің жарғысы», «Мұқ­таж азаматтарға олардың білім алу ке­зе­ңінде әлеуметтік көмектің мөлшері мен көздері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы, «Бөбек» республикалық қоры, Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы», Қазақстан Республи­касының «Неке және отбасы туралы», ҚР «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Кәме­летке толмағандар арасында құқық­бұ­зушылық профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңдары жарық көріп, түрлі бағдарламалар, тағы да басқа әлеуметтік маңызы бар шаралар жүзеге асып жатыр. Бұл қабылданған заңдардың тиімді жүзеге асырылуы нәтижесінде әлеуметтік педагог, өзін-өзі тану мұғалімдерінің қызметі дұрыс ұйымдастырылуда. Осы тұста айта кетейін, негізі, әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі мамандарының кәсіби іс-әрекет саласына жоғарыда аталған мемлекеттік заңнамалар бағытталған білім беретін ұйымдар, арнайы білім ұйымдары, пени­циатрлық типтегі мекемелер, сауықтыру орталықтарындағы әлеуметтендіруге арналған әлеуметтік-педагогикалық жұмыс­тар жатады. Ал қазіргі дайындалып жатқан болашақ әлеуметтік педагог мамандарының жұмыс істейтін орындарына мемлекеттік құрылымдар, яғни ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті, әлеуметтік бағыттағы мекемелер мен әлеуметтік қамсыздандыру, атап айтсам, жұмыссыздарға, жағдайы жоқтарға, ең­бекке жарамсыздарға, еңбек ету мүмкін­дігі шектеулілерге, қарт-қарияларға қолдау көрсету мен көмектесу органдары, мемле­кеттік және мемлекеттік емес білім беру мекемелері (мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, мектептер, балалар үйі, интер­наттар, арнайы білім беру мекемелері), қоғамдық ортада тәрбиелеу проблема­ла­рымен, айналысатын мекемелер, сонымен қатар қоғамдық ұйымдар, балалар клубы, студиялар, сауықтыру лагерлері сияқты балалардың бос уақыттарын ұйымдасты­румен, қолдаумен, толыққанды әлеумет­тенуімен, дамуымен айналысатын меке­мелер т.б әлеуметтік институттар жатады. Аталған әлеуметтік педагог жұмысының кәсіби іс-әрекет саласы мен жұмыс орны ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындары үшін дайындалған ҚР Мем­лекеттік жалпыға міндетті білім беру стан­дартында көрсетілген. Демек, бұл құжаттар әлеуметтік педагог мамандарын даярлау жүйесінде еліміздегі қажеттілік рөлін айқындайтын жоғарыда аталған маңызды факторлардың негізі болып табылады.

Енді өзін-өзі тану пәні бойынша ма­ман­дардың қажеттілік рөліне келсек, бұл пән адамның рухани мүмкіндіктерін дамыту жа­ғынан жалпыұлттық қазақстандық идеал­дармен сәйкес келетін мәдениет пен әлеу­меттік нормаларды қалыптастыру мақсатын көздейді. Әрбір адам баласы материалдық және рухани өмірдің орта­сында тіршілік етіп отырғандықтан, әлемде болып жатқан өзекті мәселе үшін өзінің әлеуметтік жауап­кершілігін түсінуі қажет. Осыған орай, республикада аталған тәрбие жүйесін құру мақсатында 2001 жылдан бері Сара Алпыс­қызының бастауымен «Өзін-өзі тану адам­гершілік-рухани білім беру» бағ­дарламасы бойынша ашылған экспе­рименттік алаң­дарда, нақтырақ айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мек­тептерде, жетім балаларға арналған мектеп-интернаттарда жұмыстар жүргізіліп, нәти­жесінде 2010 оқу жылында республиканың мектептеріне өзін-өзі тану оқу пәні ретінде енгізілді.

– Әлеуметтік педагог қызметінің даму үдерісі тұрғысындағы көзқара­сыңызды білгіміз келеді...

 – Егерде республикамыздың кейбір ЖОО-ларда осы сала бойынша маман даярлау жүйесі сонау 1992 жылдан бастау алғанын ескерсек, еліміздегі әлеуметтік педагог қызметі іс жүзінде өте баяу, тек тео­риялық тұрғыда ғана дамыды және бертінге дейін осы саласы үлгі елдердің тәжірибелерін жинақтаймыз деп ілдалдап қалдық десем, дұрысы сол. Біздің қоғамда әлеуметтік пе­дагогтың қызмет аясының кеңдігіне қара­мастан, ол жұмыстың мәні, мәртебесі, рөлі туралы халық арасында дұрыс көзқарас қалыптаса қоймаған сияқты. Әлеуметтік педагог жұмысының қаншалықты деңгейде дамып отырғанын шетел тәжірибелеріне салыстырмалы талдау жасау арқылы ғана көруге болады. Атап айтсақ, Ресей, Батыс елдерінде «әлеуметтiк жұмыс» деген атау­мен қабылданған әлеуметтік педагогтер білім беру ұйымдарына әлдеқашан енгізі­ліп, ол өміршеңдігін дәлелдеп қана қоймай, қоғамдық ортада әлеуметтік педагог мәр­тебесі кәсiби деңгейге көтерiлген-ді. 2009 жылы Копенгаген (Дания) қаласында өткен әлеуметтік педагогтердің XVII Халық­аралық конгресс жұмысына әлемнің 42 мемлеке­тінен, соның ішінде Ресей Фе­дерациясының да өкілдері қатысып, 2 қазан  – Әлеуметтік пе­дагогтердің халық­аралық күні деп бел­гіленуі және шешім қабылдануы – осының бір айғағы. Мәселен, Ресейде 20 жыл ішінде әлеуметтік нысан­дарға кадрлер дайын­дайтын тәжірибелік алаңдар жұмыс істеп, онда жинақталған теориялық білімдер прак­тикалық тәжі­рибеге ұласып, әлеуметтік пе­дагог жұмысын дамыту мәселесін шешу нәти­желері нақтыланған. Сол сияқты Поль­шада 1920 жылдан бастап қоғамға ен­гізілген әлеуметтік қызметкерлер жүйесі тиімді әрекет етсе, АҚШ-та «Әлеуметтік жұмыс» бағдарла­малары полицияның және кәмелетке тол­мағандардың ісі бойынша соттардың, соны­мен қатар орта білім меке­мелерінің базалық бағдарламалары бойын­ша құ­рылып, балаларға әлеуметтік-пси­хо­ло­гиялық қол­дау көрсетудің нәтижелі дең­гейде мол тәжірибесі жинақтаған. Швецияда әлеу­меттік педагогтің қызметіне жоғары өкі­леттіктер жүктелгендіктен, қоғам алдында зор жауапкершілікке ие әлеуметтік қыз­меткердің ресми мәртебесі өте жоғары, кәсібі беделді, әлеуметтік қызмет муни­ципальді болғандықтан, полицияға немесе сотқа тәуелсіз болып табылады.

Бұдан түйетін ой мынаған саяды: сөз болып отырған елдерде әлеуметтік педа­гогтер мемлекет тарапынан мықты қолдау табуда, әлеуметтік іс-шаралар дұрыс жолға қойылып, оның дамуына барлық жағдай жасалуда, тіпті мемлекеттің өзі мүдделі болуда. Сол себепті де бұл саланың қо­ғамдағы рөлі сөз болған елдерде айрықша әрі сұраныстағы мамандық иелері қата­рында.

 Әлеуметтiк жұмыстар – қоғамдағы ру­хани құндылықтарды дамытып, адамдар арасындағы ізгі қасиеттерді биік қоюдың маңыздылығын арттыру қажеттiлігінен туындаған және ол сонау ежелгi дүниеден бастау алады, бір сөзбен айтқанда, тарихы тым тереңде. Қайсы мемлекет, ұлт болмасын, оның өркениеттілігі, ең алдымен, ізгілігімен айқындалады. Адами қарым-қатынас бәрінен биік тұруы тиіс. Міне, осы тұрғыда әлеуметтік педогогтің ел ретінде дамып, жетілуі үшін маңызы аса зор. Олай болса, халықтың әлеуметтік те, рухани да, адами да деңгейін көтеруді мақсат тұтқан Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында әлеуметтiк жұмыс алдағы уақыттарда қоғамдық кәсіп түрінде танылатын мүмкіндіктерге ие бо­лады деп ойлаймын. Адам қоғамға тәуелді мына заманда жан-жақты көмек беруге маманданған әлеуметтік педагог­тердің қызметтік рөлі мемлекеттік тұрғыда қолдауға ие болуы тиіс. Ол үшін әлеуметтік педагог мамандардың жұмыс істейтін нысандарын көбейту қажет. Нақтырақ айтсам, жетім балалар үйлерін, мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларды сауық­тыру орта­лық­тарын, қарттар үйлерін т.б. халық­тың қор­ғансыз бөлігіне арналған мекемелерді қажетті мөлшерге дейін ашып, әлеуметтік педагогтің қызмет саласының мүмкіндігін кеңейту мәселесі қарастырылуы керек. Бұл болашақта осы мамандық бойын­ша диплом алғалы отырған ЖОО түлектері үшін жұмысқа орналасу мәселесін шешудің оңтайлы жолы болып табылар еді.

– Мамандар өзін-өзі тану пәні бойынша мұғалімдер тапшы деп жатады...

– Ол рас. Осы мәселе қазір өзекті болып тұр. Білім беру мекемелерінде бұл пән бойынша маман тапшылығы айқын сезі­луде. Себебі пән адамтанудың құрамы ретінде психология, философия, әлеуметтік педагогика ғылымымен байланысты әлеу­меттік мәні бар күрделі мәселелерді қарас­тырып, адамдардың әлеуметтік жауап­кершілік, адами ізгі қасиеттерін қа­лып­­тас­тыруға негізделеді. Сол себепті де пән өз деңгейінде өту үшін ұстаз оқу әдіс­темесін толық меңгерген маман болуы тиіс.

Еліміздің білім саласы үшін әлеуметтік педагогика ғылымын ендіру жалпы қол­данылғанымен, педагогика-психология факультетінің мектепке дейінгі, бастауыш білім беру және педагогика кафедрасында ашылған әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы үшін студенттерді дайындаудың нормалық, стандарттық деңгейде алғаш 2010 оқу жылынан бастап біздің университетте ендіріліп отыр. Аталған мамандықты таңдаған жастар санына келсек, қазақ, орыс тілдерінде оқытудың күндізгі бөлімінде қазір – 58, сырттай бөлімінде жеті студент бар. Ал 2011 оқу жылы күндізгі бөлімге 100 адам, ал сырттай бөлім бойынша сегіз адам түсті, яғни қазір 1-2-курс бойынша жалпы саны – 173. Негізі, бұл алғаш ашылып отырған маман­дық үшін жаман емес, жоғары көрсеткіш десек те болады.

Қазір ЖОО-ларда осы мәселеге ай­рықша мән беріп отыр. Дайындалып жатқан өзін-өзі тану мұғалімдері мен әлеуметтік педагог мамандар әрбір мектеп, отба­сылары, жетім балалар мен қарттар үйлері, сауықтыру және бейімдеу орталықтарында жүргізетін өзін-өзі тану мен әлеуметтік-жұмыс қызметтері арқылы адамгершілік-рухани білім беруге, әлеуметтік орта құруға бағытталған өзара үйлесімді жұмыстарымен аталған қажеттіліктерді толықтай орындай алады деп сенім артып отырмыз. Оған негіз де жоқ емес.

 – Кейбір сарапшылар әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі бойынша маман дайындаудың сапа­сына сын көзбен қарайды. Жалпы, сапаны жақсартудың тетігі қайда деп ойлайсыз?

 – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің тұтас қоғамдық ортасын құруға байланысты 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарындағы басымдықтардың бірі – адами ресурстарды дамытуда ең алдымен оның әлеуметтік капиталының қалыптасуына ықпал ететін әлеуметтік функцияларды жүзеге асыратын факторлар төмендегідей:

• Девиантты және деликвентті бала­лармен жұмысты күшейтуді жоспарлау;

• Отбасы, мектеп, бос уақыттағы орта және тұтас қоғам құру;

• Арнайы және ерекше режимде ұстайтын білім ұйымдарына баса назар аудару;

• Кәмелетке толмағандарды дағдарыс жағдайынан шығуға және өмірін орнық­тыруға, баланы отбасымен қосуға көмек көрсету мен отбасын әрі қарай сүйемел­деу.

Міне, осылардың барлығы әлеуметтік педагогтерге жүктелетін міндеттер. Қазір мемлекеттің әлеуметтік саяси рөлінің күннен-күнге арта бастағанын ескерсек, отандық ЖОО-лардағы әлеуметтік педа­гогика және өзін-өзі тану мамандығы бойын­­ша даярланып жатқан жастар жоғарыда айтылған Елбасы қабылдаған бағдарламаның даму үдерістерін жүзеге асырушы кәсіби мамандар болмақ. Сон­дықтан да жоғары білім ошақтары мем­лекеттің әлеуметтік саяси іс-әрекеттер жүйе­сін ұйымдастырушыларының бірі ретінде қоғамның әлеуметтік басым­дықтарын, яғни экономикадағы осы ма­мандықтарға деген сұранысқа сай оқытудың кредиттік жүйесі негізінде білім беру, тәжірибе жинақтау мамандықты одан әрі ғылыми жетілдіруге бағыттайды. Педа­гогика-психология фа­культетінің әлеу­меттік педагог және өзін-өзі тану мұға­лімі бойынша мамандар даяр­лау жұмыс беру­шілермен сыртқы байла­ныс орнату арқылы жүргізілуі тиіс. Былай­ша айтқанда, түлектердің жұмыс беруші мекемеде тәжірибеден өтуін де алдын ала қарастырып отыруымыз керек. Бұл маман­дарды даярлау сапасын арттыру мақсатында бекітілген оқу жоспарлары Қазақстан Республикасының білім беру аймақтарының бірлігін, әлеуметтік жұмыс сабақтастығын қамта­масыз етеді. Бұл – әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі мамандарын дайын­дау сапасының жүйесі әлемдік тәжі­ри­белерге сай келетін білімдерге не­гізделіп ұйымдастырылады деген сөз. Сондықтан арнайы әзірлеген білім беру бағдарламалары студенттердің қажеттілі­гіне, қоғамның, еңбек нарығының сұранысына сәйкес құ­рыл­маса болмайды. Сол себепті де қазір студенттердің мамандыққа сай жаңа пәндер циклдері бойынша білім алуларын көздеп отырмыз. Мәселен, әлеуметтік педагогика, отбасымен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс, өзін-өзі тану, әлеуметтік-педа­гогикалық жұмыс технологиясы т.б. Тағы бір маңызды мәселе – бұл пәндерді оқыта отырып, студенттің осы мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, машықтандыру мақсатында психологиялық-педагоги­ка­лық, әлеуметтік-педагогикалық, педаго­гика­лық өндірістік тәжірибе түрлерін мей­лінше арттыру. Неге? Өйткені студент­тердің кәсіби дайындығы алған теориялық білімі мен практикалық біліктілігі арқылы анық­талады. Әлеуметтік педагогтің теориялық дайындығының мазмұны оның әлеуметтік жұмысты жүргізуде сүйенетін заңнамалық, құқықтық актілер туралы біліктіліктерінің анықталуынан байқалса, практикалық дайын­дығының мазмұны әлеуметтік жұмыс жоспарларын іске асыру барысында әлеу­меттік-терапевттік даму дәрежесімен ай­қындалады. Бұл әлеуметтік педагог ма­манына нақты берілген теориялық білімді белгілеуде әлеуметтік жұмыс технологиясын жүзеге асыру біліктілігінің бірлігі ретінде кіріктірілген сапалық ерекшеліктерін көр­сетеді. Әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімін кәсіби қалыптастыру бірнеше кезеңнен тұратын үдеріс. Мәселен, әлеу­меттік педагогикалық мамандыққа түскенге дейін кәсіби-педагогикалық дайындық кезінде және әлеуметтік маман ретінде өз бетінше жасаған жұмыс кезеңі деп. Бірақ осы кезеңдердің арасында маманды кәсіби әлеуметтік педагог тұлғасына дейін дамы­татын әлеуметтік кәсіби іс-әрекет, яғни практика арасында өзара педагогикалық сабақтастық болуы шарт. Әлеуметтік педагог, бір жағынан, өмір сүріп отырған кезеңнің қажеттілігіне, әлеуметтік жағдайына, қо­ғамның нақты сұранысына қарай оқыты­лып тәрбиеленсе, екінші жағынан, қайырым­дылық, ізгі іс-әрекет арқылы әлеуметтік маңызды идеяларды, дәстүрлерді қол­дайтын, мәдениет жетістіктерін сақтаушы және оны халыққа жеткізуші маман ретінде қоғамға қызмет ететін болып дайын­да­луының да маңыздылығы зор. Қысқасы, маман дайындаудың сапасын жақсартудың механизмі – теория мен практиканы қатар алып жүру.

– Біздің дәл осы кафедра жұмысына қызығушылық танытуымыз жайдан-жай емес. Естуімізше, педагогика-психология факультетінің мектепке дейінгі, бастауыш білім беру және педагогика кафедрасының студенттері «Мейірім» клубын құрыпты. Клуб жұмысының тиімділігі қазір жақсы бастама ретінде қолдауға ие болып жатыр. Одан біз де хабардармыз. Осы клуб жайында толығырақ айтсаңыз...

 – Иә. Клуб әлеуметтік теориялық білім мен практиканы ұштастыру мақсатында біздің кафедра студенттерінің ерікті бастамасымен құрылды. Клуб мүшелері волонтер ретінде көмекке зәру адамдарға өз еркімен қолдау көрсету сияқты әлеуметтік жұмыстармен айналысуда. Студенттердің әртүрлі мекемелермен қоян-қолтық қарым-қатынастары оларды кәсіби шыңдап, тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, қоғамдық ұйымдарда да іркілмей жұмыс істеулеріне мүмкіндік берері сөзсіз. Мұндай тәжірибе аса қажет, студенттердің волон­терлік жұмыстары бір ғана акциямен шек­телмей, үзіліссіз жалғасын тапса, әлеу­меттік жауапкершілікті талап ететін дәстүрлі мұрат-міндетке айнала ма деймін. Қазір клубтың мүшелері болашақ әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәнінің маман­дары ретінде өзінің кәсіби іс-әрекет теориясына негіз­делген әлеуметтік-педагогикалық білімдерін жетілдіре отырып, әлеуметтік жауапкер­шіліктерін абыроймен жүзеге асыруда. Маман дайындаудың сапасын осы сынды шаралармен де көтеруге болады. Мәселен, «Мейірім» клубы кезінде студенттер оқу мен тәжірибені қатар ала жүріп, білім-біліктілігін жан-жақты ұштады.

«Мейірім клубы» үлкен жұмыстар тын­дырды десем, асыра айтқандық емес. Тәжірибесі бай қоғамдық ұйымдар қолға алып жүрген іс-шараларды дөңгелетіп әкетті. Оның аясы да кең болды: әлеуметтік-педагогикалық, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелік, ұйымдастырушылық-әдістемелік, жарнамалық-насихаттаушылық бағыттарды қатар алып, «Қарт адамдар», «Балаларға көмек», «Мүгедек балалар үшін» сияқты қайырымдылық акцияларын өткізуге мұрындық болды.

 Педагогика-психология факультетінің мектепке дейінгі, бастауыш білім беру және педагогика кафедрасында дайындалып жатқан әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандарының білім-біліктілігін, отандық білім беру саласының әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімдерінің қажеттілік рөлін, оның даму барысын осы сынды шаралармен де белгілеуге болады. Себебі «Мейірім» клубының барлық жұмыс­тары әлеуметтік білім беру шарттарына сәйкес белгіленген стандарт аясында жүзеге асып, студенттердің білім деңгейі мен әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімінің кәсіби іс-әрекет түрлеріне бағытталған барлық әлеуметтік жұмыс кешенін меңгеру негізінде құрылған.

– Әңгімеңізге рақмет!



Тілек

Абай атындағы ҚазҰПУ-де оқып жатқан болашақ мамандар, яғни әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану пәндерінің ертеңгі ұстаздары өз кәсіптеріне жаңа көзқарас, заманауи түсінік қалыптастырып, қиындығына бейімделіп, әлеуметтік жұмыстар атқарып, тәжірибе түрлерін жинақтап жатыр. Олардың қаншалықты деңгейде сапалы білім алып шыққаны туралы біз болашақтың еншісіне қалдырайық, яғни оқуларын бітіріп, өз мамандығы бойынша әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану мұғалімі ретінде жұмысқа тұрып, кәсіби біліктілігін көрсетуге мүмкіндіктер алып жатса, біздің еңбегіміз еш кетпегені.


Автор: Ләззат БИЛАН

Мақалаға қатысты пікірлер:

Багила (25.09.2012 21:10)
мен мектепте алеуметтик педагог маманымын, жогары билимди, бирак бизге биылдан бастап G - 10 арнаулы ортамен айлык куйылып жатыр осы дурыспа занды ма, жауабынызды кутемин
Dulat (13.03.2013 15:53)
Әлеуметтік педагог туралы Білім және Ғылым министірінің заңы жоқ, сондай ақ әлеуметтік педагог тәрбие саласына емес өзінің әлеуметтік саласы бойынша жұмыс жасауы тиіс, ал тәрбие саласына ТІМ-лері айналысуы тиіс...... Әлеуметтік педагогта оңсызда жұмыс жетіп артылады, және бұл сала елімізде нақты жүйеге келтірілмеген.... Педагогикалық стаж емес қамту қызметкері ретінде жұмыс өтілі жүреді... Бұл мамандықтың жүйесін қайтадан жана заман талабына сай жасау қажет....

Пікірдің қосылуы

16 мамыр 2012, 11:08
Рейтинг: