Дат!

Танымал тэгтер: , , , , ,

Сезім арқылы намыс туады

   1 856

Ерлан АРЫН, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры:



– Ерлан Мұхтарұлы, өзіңіз Баянауыл өлкесі деп атайтын Павлодар жұртшылығына барғалы рухани-мәдени бастамаларға мұрындық болып жүрсіз. Облыстық мәдениет үйіне Естай ақынның атын алып беруге ықпал етті деп те естідік. Жақында ақынға ескерткіш те қойдыңыздар. Аймақтағы бастамаларыңыз бен соңғы жаңалықтар туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Азамат ретінде ұлттың мәдени-рухани құндылығына жарар істерді атқаруды асыл парызым деп қабылдаймын. Сарыарқаның жүрегі саналатын Баянауыл өлкесінде рухани игі бастамаларға ұйытқы болуға қолдан келгенше тырысудамыз. Қалалық мәдениет үйіне Алаштың арда ақыны Естайдың атын беруге облыс әкімінің шешімі болды. Жуырда Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесіндегі Бурла ауылында қазақтың хас сұлуы Қорланға тас белгі орнатуға қатыстық. Қорлан Сұлтанқызы жатқан жерге тас белгі қоюға белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханов пен университет ұжымы атсалысты. Сонымен қатар осыдан бір жыл бұрын Қазанғап би Сатыбалдыұлы жатқан жерге де тас белгі орнатқан болатынбыз. Жастардың рухани демалатын университет алаңының алдына «Дос-Мұқасан» ансамбліне скульпторлы экспозиция орнатылды. Бұл экспозиция жастардың студенттік шақтағы бірден-бір символы ғой. Сондықтан болар, облыс жұрты «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналған аллеяны өте қуанышпен қабылдады.

Бірнеше жыл бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің туған жерінде кесене салынды. Енді алдағы уақытта Ақкөл-Жайылмадағы (Екібастұз аумағында) Хазірет Исабек ишан аруағының жатқан жерін реттеуіміз қажет. Сол аймақтан 4-5 шақырымдық жерде Алашқа аты мәшһүр Түйте баба әулиенің зираты бар. Одан кейін тағы 5-6 шақырым жерде Жеміс әулиенің аруағы жатыр. Жалпы, сол бабаларымыздың жатқан жерін реттеу жайында ұсыныстар көп. Бұл істі де Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университет ұжымы белсене қолға алуға құлықты. Әрине, бұған еліміздің танымал зиялылары да атсалыспақ. Сондай-ақ Керекуде Шалдай деген жер бар. Сонда уақ руының беделді бабасы Қабдулуахит Тіленшіұлы өмір сүріпті. Мәшһүр-Жүсіппен түйдей құрдас осы бабамыздың жатқан жеріне бір кесене тұрғызу мәселесін күн тәртібіне қойып отырмыз. Қаламыздан 5-6 шақырым жердегі зиратта әнші Майра Шамсутдинова жатыр. Өкінішке қарай, басында не тасы, не ағашы жоқ. Қазір дарынды әншіні «міне, мынау жерде» деп айтатын ақсақалдар жоқ. Сондықтан да нақты ешкім өнер тарланының сүйегінің жатқан жерін тап басып айта алмай жүр. Бірақ сол зиратта жатқаны анық. Әрине, тарихи деректерге сүйеніп айтып отырмыз. Қазір Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығы аяқталып қалды. Мен оны ерекше эксклюзивті жоба деп санаймын. Жалпы, біздер үшін Мәшекенің мәдени мұрасы толық ашылмаған, бірақ түбінде ашылатын мәселе деп білеміз. Мұрағаттарда, қолда сақталған деректер мен дәйектерді реттеп жатқан жайымыз бар. Ерекшелігі сол – басылып шыққан 20 томның 5-6 томында ел құлағы естімеген жаңалықтармен толыққан. Осы істің басында ғұламаның немересі Жүсіп Қуандық Пазылұлы ұқыпты еңбек етіп жүргенін атап өткім келеді. Сонымен қатар қара шаңырағымызда абыз бабамызға арналған тұлғалық энциклопедия дайындалды. Ендігі кезекте қара шаңырағымыздың 50 жылдық мерейтойына орайластырып, өр ақын Сұлтанмахмұтқа тұлғалық энциклопедия дайындаудамыз.

– Соңғы жылдары іске асқан шараларды, яғни «Тіл арқылы ел тану», «Елім», «Ауыл мектебі» жобаларын жүзеге асырып жатыр деп естідік. Солар туралы толықтырып, жеке-жеке айтып өтсеңіз...

– Ең бірінші, биыл университетімізде «Мемлекеттік тіл» жылы жарияланды. Қазір ісқағаз 100 пайыз қазақ тілінде жүргізілуде. Осы «Мемлекеттік тіл» жылы шеңберінде көптеген шаралар қолға алынуда. Мәселен, «Қазақша кітап оқиық» акциясы жыл аяғына дейін жүзеге аспақ. «Руханият» деп аталатын 50 томдық сериямен рухани тағылымы мол кітаптар шығардық. Одан басқа 50 томдық «Қазақ этнографиясы» деп аталатын қазақтар туралы классикалық еңбектер жарыққа шықты. Ол еңбектерден Левшин, Радлов, Томсен, Абай, Шоқан, Өзбекәлі Жәнібеков және Әлкей Марғұланның және т.б. зиялылардың жазғандарынан сусындауға болады. Былтыр «Қазақ тілі білімінің антологиясы» баспадан шықты. Одан соң 30 томдық «Орысша-қазақша түсіндірме сөздігін» шығардық. Қазір қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сөздік дайындалуда. Бұл – Елбасының Жолдауына сәйкес жасалынып жатқан дүниелер. Бізде ондаған жылдан бері «Ауыл мектебіне қамқорлық» бағдарламасы қолға алынуда. Аудан орталықтарындағы және ауылдық жерлердегі қазақ орта мектептеріне көмегімізді беруге тырысудамыз. Бағдарлама аясында ауыл мектептеріндегі оқушыларға университет ғалымдары дәріс береді. Әрине, әрдайым университет қабырғасында дайындаған құнды кітаптармен мектептің кітапхана қорын байытуға тырысамыз.

– Жарты ғасыр тарихы бар білім ордасының мерейлі мерекесімен біздің ұжымның атынан шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз. Жалпы, ПМУ Ресейдегі жалғыз қазақ мектебіне көмек көрсетіп жатыр дегенді естиміз. Нақты қандай мәселелермен айналысып жатыр?

– Рақмет. Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Бурла деген қазақы ауылында қазақ-орыс мектебі бар. Міне, осы орта білім беретін мектепке қолымыздан келгенше көмегімізді аямаймыз. Қазақ тарихы мен мәдениеті, руханиятынан тәлімді мол ақпарат беретін әдебиеттермен қатар, мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге тырысудамыз. Сонымен бірге университет профессорлары Ресейдегі осы шағын мектепте қазақ тарихынан және еліміздің бүгінгі бағыт-бағдары жөнінде дәрістер беріп тұрады. Бурла ауылының жанындағы зиратта жатқан Қорлан Сұлтанқызының басына тас белгі орнатуға барған кезімізде де осы мектепке арнайы бас сұғып, университет қабырғасынан соңғы шыққан кітаптарды мектеп кітапханасына сыйлаған болатынбыз.

– Ресейдегі Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде «Қазақ тілі мен мәдениеті» атты кафедраның да ашылуына сіздер ықпал етіпсіздер. Бұл мәселе қалай оңай шешілді?

– Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде «Қазақ тілі мен мәдениеті» кафедрасы емес, ғылыми орталық ашылды. Ғылыми орталықтың негізгі мақсаты – Омбыдағы отандастарымызға қазақ тілін үйрету. Бүгінде «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығында 39 тіл үйренемін деушіге (арасында екі орыс, бір әзірбайжан ұлтының өкілдері бар) үш топқа топтастырылып дәріс берудеміз. «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығын оқу-құралдарымен біздің университет қамтамасыз етеді және дәріс беретін де университет ғалымдары мен профессорлар. Орталықтың ресми тұсаукесерін қыркүйек айына жоспарлап отырмыз.

– Университет ғимаратының кіреберісінен Алаш иісі аңқып тұр. Зиялылардың бейнелері тұр екен, олардың ұрпаққа қалдырған өлмес сөздері де жазылған. Өзге ұлт өкілдері басым қалада отырып, осындай игі шараларды атқару барысында қиындықтар, кедергілер болмай ма?

– Еліміздегі кез келген диаспора өкілдері қара шаңырақтың иесі, киесі қазақ екенін мойындайды. Сондықтан өзге ұлт өкілдерінің қас-қабағына қарамай, рухани маңызы бар шараларды жасау керек деп санаймын. Меніңше, университет алаңында орналасқан әрбір рухани бастамалар орысты, мейлі басқа ұлт өкілдерін болсын, жәбірлеп тұрған жоқ қой! Қайта осындай істер қазақтығымызды танытпай ма? Демек, қиындықтар мен кедергілерге қарамай атқаруға тиіспіз.

– Ерлан мырза, осыдан біраз бұрын болған әңгімемізде Павлодар өңіріндегі жер-су аттарының әлі күнге дейін қазақыланбай келе жатқаны жаныңызға бататынын айтып едіңіз. Облыстық мәслихат депутаты ретінде ономастикалық мәселелердің шешілуіне қанша уақыт, қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?

– Қаламыздағы көше атаулары т.б. маңызды ономастикалық мәселелер шешімін табуда. Мәселен, Естай атына қалалық мәдениет үйі берілді, әлемнің ғұлама ғалымы Қ.Сәтбаевқа алып ескерткіш орнатылды. Қала көшелері де өз шешімін табуда. Бірақ баяу іске асып жатқан сияқты.

Керекуде 200-ден аса көше атаулары бар. Соның өзінде 10-нан аса көше аттарын реттедік. Бұл да бір күрмеуі көп, шешілуі «жоқ» пен «иә-нің» арасында тұрған күн тәртібіндегі мәселе. Міне, биыл 4-5 көшені қазақшалады деп отырмыз. Меніңше, тағы бір он шақты жылда мәселе өз шешімін табуы керек. Мойындау керек, ономастика мәселесін шешудің ең ұтымды шарасы – уақыт. Дегенмен жер-су атауларын жөнге келтіруден ешқашан тайынбаймыз, шаршамаймыз. Саналы түрде ойласақ, жер-су атаулары – мемлекеттің іргетасы, көрінісі, болмысы. Жер-су атауларын білмеу – атамекенді білмеу. Мен Керекуге алғаш келгенде маған бір кісі: «Ойбай, Ереке, бізде «Железинка» деген жер бар. Оның бұрыннан қазақша атауы болған жоқ», – деген еді. Содан мен ішімнен: «Бұл қалай болғаны?» – деп ойладым. Жалпы, «Қазақтың ұлан-ғайыр даласы қалай сақталып келді?» – деген сұрақ қойылса, оған: «Қазақта жер-су атауын білу ұстанымы қалыптасқан» деп жауап беруге болады. Егер білмесе, көшпенді ел болып, жерін уысында ұстап тұра алмас еді. Енді кейіннен зерттеп қарасақ, әлгі «Железинканың» ескіше атауы «Мың көл» екен. Тіпті қазіргі Ақтоғай, бұрынғы Краснокутск, яғни оның ескі атауы «Алқа көл» болған. Осындай керемет атауларды қалпына келтіріп реттеу уақыт еншісінде. Ал өзіміздің Павлодардың атауын Сарыарқа деп өзгертсе жөн болар еді. Негізі, Сарыарқа, Жетісу деген атаулар интегративті ұғымдар ғой. «Бетпе-бет» бағдарламасында менен «Павлодарға қандай атау лайық?» – деп сұраған еді. Сонда «Сарыарқа», – дедім. Жүргізуші: «Павлодар Сарыарқаның шеті емес пе?» – дегенде, «Баянауыл – Сарыарқаның төрі, жүрегі», – деп жауап қайтарған болатынмын. Негізі, Сарыарқа – бірлікке шақыратын ұғым. Иә, шекара бойынша, расында, Павлодар – ел шеті. Бірақ мәселе мұнымен тоқталмайды. Егер тарихи картаға қарасақ, ақиқатты айғақтайтын дәйектер шыға келеді.

– Жақында Мәдениет министрлігі әзірлеген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы таныстырылды. Аталған құжаттың алдағы уақытта қабылдануынан, жүзеге асырылуынан не күтесіз?

– Мемлекеттің негізгі рухани қуаты, жүрегі – ана тілінде. Дәл қазіргі уақытта дүниежүзінде 7048 тіл бар екендігі анықталған. Зерттеушілердің пайымдауынша, әрбір екі апта сайын бір тіл жойылып отырады екен. Ал осы мемлекеттік бағдарлама осыған дейін көптеген қабылданған бағдарламалардың қорытындысы деп білемін. Бағдарлама ана тіліміздің бойына қан жүгіруіне қауқарлы болады деп сенемін. Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – мемлекеттік тілді барлығына бірдей батыл қолданысқа енгізу. Ал бұл туралы шілденің 26-сында Үкіметте Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген мәжілістің отырысында ҚР мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлімдегенін бәріміз де білеміз.

Министр Құл-Мұхаммедтің сөзіне қарағанда, Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыруымыз керек. Демек, бағдарламаның бағыты, мақсаты – айқын.

– Әңгімеңізге рақмет.



Алашқа айтар датым...

Қазақтандыру күйбең тіршілікте толассыз жүріп жатыр. Әкем: «Нағыз қазақ бол», – деп құлағыма күнде қайталап құйып отыратын. Жетінші сыныпта оқитын балаға айтқан ақылды елестетіп көріңіз. «Анау солтүстігіңде Баянауыл дейтін киелі жер бар, Абайдың шынары – Шыңғыстауымыз бар, Қарағандыда Қарқаралы, оңтүстікте киелі Түркістан, жайылған Жайық бар», – деп, асықпай, аптықпай күллі қазақ жерінің бүге-шүгесіне дейін айтып беретін. «Нағыз қазақ боламын десең, осы аталған жердің барлығын бес саусақтай білуің керек. Екіншіден, Алматыда тудың, бірақ қазақ жерінің бәрі сенің жүрегіңе ыстық болуы тиіс», – деп қадап айтып отыратын. Сондықтан нағыз қазақ болу үшін сол кіндік қаның тамған туған жерді де, еліміздің басқа жерін де «менің жерім» десең ғана нағыз қазақ бола аласың. Содан кейін сезім арқылы намыс туады. ХХІ ғасырдың толыққанды нағыз азаматы болу керек!


Автор: Жарқын Түсіпбекұлы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Дию-Хань-Тай (08.09.2010 13:21)
Осы Ерлан Арын - мықты азамат! Оны біздің билік неге Түймебаевтың орнына министр етіп қоймайды екен. Көп дүниені өзгертіп ұлттың қамын ойлайтын еді. Тым құрығанда ЕНУ (Гумилев атындағы) - дің ректоры етіп қойса ғой. Біздің арман осы!

Пікірдің қосылуы

7 қыркүйек 2010, 12:41
Рейтинг: