
Хабылсаят ӘБІШЕВ, Көші-қон комитетінің төрағасы, ғалым, заңгер:
– Хабылсаят Әзімбайұлы, бүгінде расын айту керек, Конституция күнін, Конституцияны ерекше насихаттаудамыз. Дүбірлетіп әскери шеруді де дәл осы күні өткізуді қолға алдық. Конституциямызды насихаттау елімізге не береді?
– Құқықтық мәдениет береді. Адамның бойында түрлі мәдениет болады. Эстетикалық, этикалық, діни т.б. Сонымен қоса, құқықтық мәдениет деген де болады. Ең мәдениетті қоғам – заңмен өмір сүретін қоғам. Эмануель Канттың «Мемлекет дегеніміз – құқыққа бағынған адамдардың ұйымы» деген сөзі бар. Яғни бәріміз заңға бағынсақ, құқықпен өмір сүрсек, мемлекетте бақыт орнайды. Ал мемлекетте бақыт орнату дегеніміз – құқықтық мәдениетті көтеру дегенді білдіреді. Құқықтық мәдениетті адамға екі жолмен сіңіреміз. Біріншіден, адамға туғанынан бастап, құқықтық сана қалыптастыру қажет. Мәселен, Германияда бағдаршамның қызылы жанып тұрса, адамдар оған тоқтайды. Мейлі, өтіп жатқан көлік болсын, болмасын. Немесе олар қолындағы қоқысын далаға лақтырмайды, беталды шашпайды. Осыны құқықтық мәдениет дейміз. Екіншіден, адам бойына дінді қалай сіңірсек, құқықты да солай сіңіру керек. Мұны «құқықтық психология» деп атайды. Құқықтық психология адам бойына ұзақ уақыт бойы қалыптасады. Расын айту керек, біздің қоғамның қызық жері: құқықтық психологиямен өмір сүретін адамды өзгелер жек көреді. Былай қарасаңыз, құқықпен өмір сүрген адам діндегі шариғатты бұзбаған адам сияқты ғой. Дінді ұстанып жүрген адамды тақуа дейміз, сол сияқты заңмен өмір сүрген адам да – тақуа. Оған да тақуаға қараған көзқараспен қарауымыз керек. Ал қазақ қоғамында заңмен өмір сүрген адамды «өй, заңқой, заң соққан неме!» деп, жек көреді.
– Неге екен?
– Жалпы, адамзат табиғатынан құқықты бұзуға, дінді бұзуға, күнә жасауға, біреуді алдауға, біреуге өтірік айтуға, шайтанның жолына тез түсуге бейім келеді. Оның үстіне, қоғам таза адамды тура жолдан айыруға құмар келеді. Осы мәселені Лев Толстой өзінің «Сергей әкей» деген шығармасында шебер бере білген. Әлемде неге құқық қорғау органдары өте көп. Өйткені адам құқықты бұзуға құмар. Адам құқықсыз өмір сүргенді жақсы көреді.
Міне, мемлекеттің міндеті – адамдарды құқықпен өмір сүруге тәрбиелеу. Дінге қалай тәрбиелесе, құқыққа да солай үйрету керек. Яғни зина жасасаң, біреудің мүлкін ұрласаң, тозақта күйесің дегендей, заңды бұзсаң, біріншіден, жазаланасың, екіншіден, бұл қылығың мәдениетсіздікке жатады деп оқыту керек. Құқықтық психологияны солай қалыптастыру қажет. Ол бір күннің шаруасы емес. Әр ата-ана баласына кішкентайынан осындай тәрбие берсе, бала өсе келе заңын, Конституциясын, мемлекетін сыйлай бастайды. Сондықтан да қазақ халқын заңмен өмір сүретіндей тәрбиелейміз десек, Конституциямызды кеңінен насихаттауымыз қажет.
– Жасыратыны жоқ, бізде соттан көп нәрсе жоқ. Бұл нені білдіреді? Соттың көбейгені қылмыстың көбейгені ме?
– Бізде соттың көбейіп жатқаны рас. Бұрын Кеңес уақытында бір ғана сот болып, бүкіл мәселені бір ғана адам шешіп отыратын. Бәрін бір ғана коммунистік партия шешетін болды. Сотқа адам құқығын қорғаймын деп шағымданады. Соттардың көбейгені шағымданушылардың көбейгенін білдіреді. Ал ол – өте жақсы тенденция. Сот пен адвокат көбейе бастаса, қоғам құқықпен жұмыс істей бастады деген сөз.
– Біздегі құқық қорғау органдарының «құдірет күші» қаншалықты? Шағымданушылардың үдесінен шығып жүр ме?
– Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанда, тіпті Ресейдің өзінде рэкет деген шыға бастады. Олар неге шықты деп ойлайсыз? Былай қарасаң, олар әкетіп бара жатқан басбұзарлар емес. Ол рэкеттердің шығуына біздің мемлекеттің құқық қорғау құрылымдарының әлсіздігі себеп болды. Біреуден біреу қарыз алса, оны қайтарып бермейді. Ал ол кезде құқық қорғау органдары мықты күш бола алмады. Шағымданушылардың үдесінен шықпады. Сол кезде адамдар қарызын қайтарып алу үшін батыр деген, әмірі жүреді-ау деген жігіттерге барды. Яғни рэкеттерге. Ал олар заңсыз әрекетімен, күш көрсету арқылы жәбірленушінің құқығын қалпына келтіріп беріп отырды. Қазір мемлекет күшейді, құқық қорғау органдары мен сот күшейді. Есесіне, рэкеттер жоғалды. Бар болса, азғантай ғана бұзақылар бар шығар, ал оларды тәртіпке шақыруға мемлекеттің шамасы жетеді. Осы бір құбылыс алғашқы жылдардағы Конституциямыздың әлсіздігін, құқық қорғау құрылымдарының қауқарсыздығын көрсетті. Ал қазір осы мәселелердің реттелуі Конституциямыздың, құқық қорғау құрылымдарымыздың күшейгендігін білдіреді, реттегіш функциясының артқандығын айғақтайды. Десек те, қатып қалған дүние жоқ. Қоғамдық қатынастар күрделеніп келеді. Оларды реттейтін жаңадан шаралар пайда болып жатыр. Сол себептен Конституцияға өзгерістер де енгізіліп тұрады. Ол – әлемде бар нәрсе.
– Конституцияның америкалық үлгісі, француздық, ресейлік үлгісі деп жатамыз. Біздікі қай үлгіге жатады?
– Өткенде біреу «біздің Конституция қазақы үлгіге жатады» деп жазыпты. Ондай үлгі жоқ. Конституцияны кім бірінші ойлап тапса, кім үздігін шығарса, қалғаны соны үлгі етеді. Конституцияны алғаш дүниеге әкелген – гректер. Гректерден кейін Конституция Еуропаға ауысты. Англияда конституциялық заңдар қабылданды. Кейін француздар қабылдады. Одан соң орыстар Еуропадан көшіріп, өздеріне қабылдады. Біз де Еуропадан, әлемнің ең үздік Конституциясынан үлгі алдық. Яғни біздің Конституция Еуропанікіне негізделді.
– Біздің құқықтық сала қаншалық қазақ дәстүріне, қазақ менталитетіне негізделген. Жалпы, заңда «қазақы иіс» дейтін бола ма?
– Заңда «қазақы иіс» дейтін болмайды. Конституция қазақтың да, орыстың да, кәрістің де құқығын реттейді. Бәріне – ортақ. «Құқық» деген – мемлекеттің қолданатын реттеу құралы. Ал мемлекет қазақ ұлтынікі болғанымен, мұнда түрлі ұлттар тұрады. Заңда «қазақы иіс» дейтін болса, былай болар еді: қазақта «жиенге сот жоқ» деген сөз бар. Жиен ойына келгенін істесе де, нағашы көтере білу керек. Жиен келіп нағашысының үйін тартып алса да, мүлкін ұрлап алса, оған сот болмау керек. Бірақ кім қазір бұған жол береді? Оларға сот жоқ болса, жиендеріміз келіп, қырып салмай ма бізді?
«Қазақы иіс» деген – әдебиеттегі адамдардың айтып жүргені. Құқықта «қазақы иіс», «еуропалық иіс» деген болмайды.
– Ал құқық менталитетке негізделуі керек пе?
– Құқық менталитетке негізделуі мүмкін. Бірақ менталитет қатып қалған нәрсе емес қой. Ол өзгеріп отырады. Осы күні Президентіміз қазақтың менталитетін жиырма жылдың ішінде 90 пайызға өзгертіп жіберді. Маған академик Салық Зиманов бір күні: «Мына қазақ баяғы біздің кезіміздегі қазақтан бөлек боп кетті», – деген еді. Біз Тәуелсіздік алған жылдары 30-жылдардағы қазақты өзгерту үшін жұмыс істедік. Өйткені қазақты нарыққа бейімдеу керек болды. Біз қазаққа: «Мемлекетке сеніп отыратын кез өтті, өз күніңді өзің көр, өз жолыңмен байы», – дедік. Қазір бізде заңға, нарыққа, құқыққа бағынған қоғам қалыптасты. Мұны да Конституцияның жетістігі, жемісі деп айта алар едім.
Абай да қазақты өзгертем деді емес пе? Абайдың тұсында тобықты жұрты керей-тымақ дейтін аласа тымақ киген. Казір ондай тымақты көбіне Моңғолиядан келген ағайындардан көріп жүрміз. Абай мен Шәкәрім сол тобықтыға қаракесектің төрт сайлы биік тымағын кигіземіз деп, тобықтының «имиджін» өзгертіп жіберген. Абай өзінің өлеңінде «мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді ғой. Сол арқылы жұртты біршама өзгертті. Абай қазақты ескілік дәстүрден ада қылып, жаңа дәстүрге баулыған, үгіттеген. Президент те қазақты өзгертті. Қазір нарыққа бейімделген, білімге құштарланған, жеке тұлға ретінде дамып келе жатқан басқа қазақ пайда болды. Сол сияқты менталитет те өзгеріп отырады. Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегені, «заман өзгерді, адам сен де өзгер» деген мағынаны береді. Абайша айтсақ, «Адамды заман билемек, заманға адам күйлемек». Сондықтан да құқықты көбіне менталитетке негіздей бермейді.
– Біздің Ата Заңымыз қаншама сарапшының жоғарғы бағасын алып жатқанын естіп жатамыз. Біздің Конституциямызды үлгі қылып, өз Конституцияларына өзгерістер енгізген мемлекеттер кездесті ме?
– «Қазақтан көшіріп алдық» деп қай мемлекет мойындайды дейсің. Былай байқап отырсаң, Ресей де бізден көп нәрсе алып жатады. Өткенде біздің бір заңгер: «Ресейде осындай-осындай нормалар бізден кейін қабылданыпты», – деп жазыпты. Қырғыздардың да Конституциясында бізден алған нормалар кездеседі. Қай ел болмасын, намысына тиетін болған соң, «біз қазақтан көшірдік» деп айта алмайды. Олардан біздің Конституцияның нормаларын, принциптерін, қағидаттарын көргенде, оның үстіне, біздің Конституциядан кейін қабылданғанын білгенде, олардан біздің де Ата Заңымызды қарағанын, үлгі қылғанын сезесің.
– Қазір қоғамда сотқа байланысты «– Қайдан келесің? – Соттан келемін! – Соттан емес-ау. Оттан келемін...» дегендей пікір қалыптасты. Жұрттың Конституциямызды негізге алған сот жүйесіне көңілі қалған. «Заң мен соттың алдында бәрі тең» деген баптың бос сөз екенін айтып, қатты налып жататынына куә болып жүрміз. Бұл – ненің айғағы? Бұған қандай уәж айтар едіңіз?
– Сот деген – адам. Ол адамның құқықтық санасы төмен болуы, құқықтық психологиясы бұзылған болуы мүмкін. Осыдан оң шақты жыл бұрын сот болып жұмыс істеген бір жігітті пара алып жатқан жерінде ұстады. Сол адамнан «неге сот бола тұра пара аласың» деп сұрағанда, «мен пара алмасам, не үшін қалтамнан ақша шығарып, сот болып отырмын» депті. Оның сотқа келудегі мақсаты «адал еңбек етем» емес, «пара алам» болған екен ғой. Сот жүйесіне кір келтіретін – сондай адамдар. Сондықтан да сотқа адам алғанда өте қатты сұрыптауымыз керек. Ал бізде сұрыптау жетіспей тұр. Алты-жеті жыл оқып, он-он бес жыл бойы сот саласында істемеген адамда құқықтық сана қалыптасады дегенге сенбеймін. Бір-екі жыл ғана жұмыс істеп, сот болып жатқан адамдарды талай көріп жүрміз. Міне, қылмыс осындайлардан шығады, сот саласына осылар кір келтіреді. Әділетсіз шешім шығарады, ақша бергенге жығып береді дегендей. Жұрт осындайлармен кездескен соң, соттан түңіледі. Оның үстіне «соттағы бюрократия» деген бар. Біз демократиялық, дамыған ел деп бір ғана жағдайда таныламыз, егер де біздің соттарымыз тәуелсіз, адал болса. Бізде әлі күнге дейін басшылардың соттарға ықпалы жүріп тұратынын кездестіреміз. «Соттың тазалығы» деген – дамыған мемлекеттің ең ақырғы көрсеткіші. Мәселен, Германияның, Американың соттары басшыларға бағынбайды, тек қана заңға, Конституцияға бағынады.
Біздің судьяларымыз қоғамдағы заңды ең әділ қолданатын таза, сыйлы адам болу керек. Бұл – Конституциямыздың талабы. Конституция дұрыс жазылған, бірақ адамды түзей алмаймыз ғой. Сот – адам, осалдығы болады. Соттарымыз дара құбылысқа айналуы керек. Тобырлық санадан құтылуымыз керек. Сонда ғана заңдылыққа жетеміз. Сот әділеттілікті қалпына келтірмейді, заңдылықты ғана қалпына келтіреді.
–Ата Заңымыздың әлеуетін толық пайдалана алып жүрміз бе? Конституциямыз іс жүзінде қалай қолданылуда?
– Жоқ. Ата Заңның әлеуетін толық пайдалану деген мүмкін емес нәрсе. Біз әлі әр бабын толық жүзеге асыра алған жоқпыз. Конституцияда «заң алдында бәрі тең» деген бап бар ғой, бірақ біз әлі тең емеспіз. Бізде басшыларға әлі күнге дейін қарапайым адамдар кіре алмайды. Бастық болып сайланған біздің кейбір шенеуніктер өзін Құдайдың жердегі өкілі ретінде сезініп кетті. Адам құқығы да түгел сақталып отырған жоқ. Тіліміз орнына келген жоқ. Конституцияның әр бабын толық жүзеге асыру үшін мыңдаған заңдар, мыңдаған баптар, құқықтық сана, ынта керек.
Алашқа айтар датым...
«Қасымның қасқа жолын», «Есімнің ескі жолын», «Тәукенің Жеті жарғысын» жұрт бабамыздан қалған Конституция деп жатады. Бұл – қате пікір. Өйткені бұлар мемлекеттің басқару тетігін реттеген жоқ. Яғни ханның, уәзірдің, халықтың, адамның құқығын жергілікті басқару органдарының міндетін реттей алған жоқ. Ол тек қана қылмыс жасалғанда қылмыскерді қалай жазалау керектігін, құдалықты бұзғанда қандай жаза беру керектігін, қарызды қалай қайтару қажеттігін ғана жазды. Яғни құқықтың бір саласын ғана қамтыды. Сондықтан кейбіреулердің «Қасымның, Есімнің, Тәукенің заңдары Ата Заң болды» деп жүргені – өте қате пікір. Өйткені оларда Конституция қозғайтын, Конституция қамтитын мәселелер болған жоқ. Тура осындай орта ғасырларда Еуропада «Каролина» дейтін феодалдардың құқықтарын, меншігін реттейтін, солардың жасаған қылмысы үшін жазалайтын заң болды. Яғни корольдің қабылдаған заңы. Сол «Каролина» заңын еуропалықтар «Конституция» деп атамайды. Сол сияқты, біз де хандарымыздың заңын «Конституция» дей алмаймыз.
Автор: Салтан СӘКЕН, Астана
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: