
Мақсұт НӘРІКБАЕВ, «Әділет» партиясының төрағасы:
– Мақсұт аға, мемлекеттілігіміздің негізін қалаған Конституциямыздың қабылданғанына да 15 жыл уақыт өтіпті. Жалпы, Тәуелсіздігімізге төрт жыл толмай жатып екінші Конституцияны қабылдауға қандай жағдайлар себеп болды?
– Тарих шындығына жүгінетін болсақ, 1993 жылғы Конституциямызды өте жаман болды деп айта алмаймыз. Өйткені ол Ата Заңымыз соның алдындағы, яғни 1991 жылдың 24 сәуірінде, 25 қазанында және 16 желтоқсанында қабылданған «Президент лауазымын бекіту туралы», «Қазақ КСР-інің егемендігі туралы» және «Қазақ КСР-інің Тәуелсіздігі туралы» заңдарда көрсетілген мемлекет іргетасын қалауға ең қажетті құқықтық механизмдерді бекітті. Сөйтіп, сол кездегі Одақ басшыларының, әсіресе М.С.Горбачевтың тікелей қарсы болған әрекеттеріне қарамай, тіпті Кеңес Одағы тарап кетсе де, «Тәуелсіздік туралы» Заң негізінде дүниежүзілік аренаға егемен мемлекет екенімізді заңдастырып алдық. Сол Ата Заңымыздың негізінде алғаш рет мемлекеттік басқару үш биліктен «Заң шығарушылық билік», «атқарушылық билік», «сот билігі» болып, демократиялық қоғамның негізі болып табылатын құрылымдарды заңдастырдық. Ал Президент осы үш биліктің төбе биі, яғни арбитрі есебіне белгіленді. Бірақ осы қабылданған құжаттардың өзі сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттарының негізі кешегі бір партиялық, авторитарлық жүйе тәрбиесінен әлі шыға қоймаған азаматтарымыз болғандықтан, нағыз құқықтық-демократиялық, нарықтық мемлекетке көшу жолына қажетті құқықтық механизмдерге Ата Заңнан орын табылмады. Қысқартып айтқанда, ол Конституция келісім заңы тұрғысында өмірге келді.
– Өзіңіз сол жылдары билікте болдыңыз ғой, жаңа Конституциямыз қоғамның динамикасына түрткі болатындай қандай жаңалықтар әкелді? Отаршылдықтың бұғауынан шыққан сәтте кейбір мемлекеттер ұлт санасын сілкіндіру үшін өздерінің тарихын қазбалап, жаңа Конституциясына ата-бабаларының жүріп-тұру ережелерін де кіргізіп жатады? Бізде осы жағы ескерілді ме?
– Ол кезең, кешегімізге үңілсек, мемлекетіміздің егемендік тарихымыздағы ең қиын кезең еді. Ұлы держава атанған Кеңес Одағы күйреп, экономикамыз қираған арбаның қалдықтарындай шашырап жатты. Зауыттар мен фабрикалар тоқтап, колхоздар мен совхоздарымызда өндірілген ауылшаруашылық өнімдеріміздің ешкімге қажеті болмай қалды. Екі миллионнан астам азаматтар тарихи отандарын іздеп, елден кетті. Жаппай жұмыссыздық бет алып, халықтың күн көрісінің өзі қиынға соқты. Ұстаздарымыз бен дәрігерлеріміз, инженерлеріміз бен ғалымдарымыз жұмыстарын тастап, кәсіпкерлікпен айналысуға кірісті. Осындай аласапыран кезеңде, өзің айтқандай, тарихымызды қазбалап, ата-бабаларымыздың жүріп-тұру ережелеріне Ата Заңымыздан орын беру мәселесімен шұғылданған болсақ, бүгінгі Қазақстан болар ма еді, болмас па еді – оны бір Құдайдың өзі біледі. Ондай алдамшы қадамға бармай, дүниежүзілік қоғамдастықты мойындата алатын демократиялық, құқықтық үрдістерді іздестіріп, нарықтық экономикаға есікті айқара ашатын құжаттардың құлпын ашуға тура келді. Шынын айту керек, өзің айтқан мәселелер төңірегінен шыға алмаған депутаттар мен қоғамдық бірлестіктер де табылмай қалған жоқ. Бірақ Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі мен даналығы, іскерлігі мен қажетті жерде қолданатын үстемдігі ондай арандатушылыққа жібермей, халықаралық сарапшылардың дұрыс бағасына лайықты бола алатын Ата Заңымыздың болашағына жол ашты.
– Әдетте, конституциялық өзгерістердің барлығы да қоғамның дамуымен түсіндіріледі. Алдағы уақытта бір орнымызда тұрып қалмай, дами түсетініміз анық. Осыған қарап, «алдағы уақытта да Конституцияның өзгеруі мүмкін» деген ой қалыптастыру дұрыс па? Ата Заңымыз өзгертіліп, толықтырылып жатса, нақты қандай баптары өзгеруі керек деп ойлайсыз?
– Біз Конституциямыздың бірінші бабында өзімізді құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекетпіз деп жариялағанымыздан, тура сондай мемлекет бола қалдық деп айта аламыз ба? Әрине, айта алмаймыз. Өйткені біз жаңағы айтылған мақсаттар бір жылда, он жылда, тіпті жиырма, отыз жылда бола қалатын жағдай емес. Біздер сондай мемлекетті құруды қолға алып, іске кірісіп кеткен елміз. Кешегі 70 жылдық тарихымызда қалыптасқан тоталитарлық жүйеден, адам еркіндігіне жол беретін нарықтық экономиканы жүгендейтін жүйеге жету жолын еңселеп келе жатқан елміз. Тіпті демократиясына 250 жыл болған Американың өзінде де бүгіндері проблема жоқ деп айта аламыз ба? Әрине, айта алмаймыз. Оны өздері де мойындап жүр. Бір жүйеден мүлде басқа жүйеге көшу үстіндегі трансформациялық кезеңде басқа заңдар ғана емес, Конституцияның да қажеттілікке байланысты өзгерістер мен толықтыруларға ұшырап тұруы өмір талабынан туындайды және өте орынды деп есептеймін. Бір ғана мысал келтірейін. Жақында ғана Елбасымыздың құқық қорғау және сот жүйесінің реформалау мәселесі жөнінде Жарлығы жарыққа шықты. Сол Жарлықтың 1 және 2-баптарында сот жүйесіндегі әкімшілік комитетін жою туралы шешім қабылданған. Бұл шешім кейбір заңгерлер арасында «қаншалықты дұрыс» деген сұрақ туғызып жүр. Өйткені аталған әкімшілік «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі» туралы Конституциялық заңмен бекітілген. Конституциялық заңның мәртебесі Конституциядан кейінгі екінші орында тұр. Яғни Конституциялық заңға өзгеріс енгізілмей тұрып, Президент жарлығымен жаңағыдай шешімді қабылдауға бола ма? Бұл сұраққа не Конституцияда, не заң шығару механизмін дәріптейтін арнайы жауап табу қиын. Қажеттілік тұрғысынан қарағанда, Елбасының бұл шешімге барғаны өте дұрыс. Осындай сұрақтар туындамас үшін не жасау керек? Әрине, заңдастыру жолын қарастыру қажет. Шынын айту керек, Ата Заңымыздың ауқымы әлі тарылған жоқ. Әлі талай-талай жылдарға жететін күш-қуаты бар. Сонда да болса, қазіргі болып жатқан ғалам деңгейіндегі саяси тұрғыдағы, экономикалық бағыттағы көзқарастардың өзгеру барысындағы іс-шаралардың егемен мемлекетіміздің өсу, өркендеу, даму мақсатында алға қойған межелерге жету әрекеттерімен қосыла келе, Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттілігіне әкелуі, мүлде ғажап емес деп ойлаймын. Мысалы, біздің «Әділет» партиясының бағдарламасында мемлекетіміздегі заң шығарушылық, атқарушылық және сот жүйелерінде күрделі реформа қажеттілігі қарастырылған. Атап айтқанда, Үкіметтің құзырын Президент институтына беру; Сенат депутаттарының жартысын мажоритарлық негізде, ал облыс, аудан, ауыл әкімдерін бүкілхалықтық сайлау арқылы лауазымға әкелу; аудандық судьяларды да сайлау арқылы мәртебесін бекіту. Елімізде бес округтық соттарды құрып, Жоғарғы сотты сан және сапа жағынан қысқартып, оған Конституциялық кеңестің құзырын беру көрсетілген. Бұл ұсыныстарымыз тек Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы ғана өмірге келе алады.
– Заң саласының жілігін шаққан кәнігі мамандардан бастап, қарапайым азаматтарға дейін Ата Заңымыздың құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құруға жағдай жасағанын жақсы біледі. Алайда негізгі заңымыздың қабылданғанына аттай 15 жыл өтсе де, азаматтық қоғам толықтай қалыптаса алған жоқ. Қоғамдық, саяси ұйымдардың рөлі әлі де болса әлсіз. Бұл ненің белгісі? Әлде азаматтардың құлықсыздығы мен немқұрайдылығы ма?
– Егер де қоғамдық, саяси ұйымдар қатарына тек саяси партиялар мен саясатты негізгі бағыты есебінде бағдарлаған бірлестіктер туралы ғана айтып отырсаңыз, сізбен келісуге болар еді. Бірақ егемен елімізде бірнеше мың қоғамдық бірлестіктердің емін-еркін жұмыс жасап, қоғамға, мемлекетке, жеке азаматтар құқығының іс жүзіне асуының өлшемсіз көмегі тиіп жатқанын елдің бәрі біле бермейді. Олар да азаматтық қоғам институттарына жатады. Бірақ жұмыстары қоғамдық пікірдің талқысына сирек түсіп жататындықтан, олардан көпшілік бейхабар. Солай десек те, азаматтық қоғамның мәртебесін көтеретін негізі екі институт күш алмай, бұл салаға сіз берген бағаның оң жаққа бұрылуы оңайға соқпайды. Шынын айтсақ, бүгінгі таңдағы саяси партиялардың ішінен халықтың үміт күтетіні де, сенетіні де – «Нұр Отан» партиясы. Оның себебі – басшысының Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты дүниежүзілік тұрғыдағы танымал мемлекеттік, саяси қайраткердің болуында. Басқа партиялар маған өкпелемей-ақ қойсын, әлі тұрақтанудың бастапқы кезеңіндегідей деңгейдеміз. Оның себептері көп. Бірақ «бір партиялық қоғамның болашағы зор болады» деп қателеспеу керек. Басқа пікір, тосын көзқарас айтылмаған парламентке, бір ғана партия мүшелерінен тұратын үкімет пен жергілікті атқарушы билікке сүйенген мемлекеттің өсу-өркендеу жолында «тайғанақтау» процестеріне тап болуы — тарихи дәлелденген шындық. Ал демократиялық қоғамның ең негізгі іргетасы болып саналатын жергілікті өзін-өзі басқару институты, бізде мүлде жоқ деп айтсақ, артық болмайды. Формальды тұрғыда заңдастырып қойғанмен, ол институт атқарушылық биліктің тікелей қарамағында. Бұл екі мәселені толықтай шешпей, Ата Заңымызда бекіткен демократиялық, құқықтық қоғам құру мақсатымыздың іс жүзіне асуы алыстай береді. 2007 жылы Конституциямызға енгізілген кейбір өзгерістер партиялық жүйенің өсуіне аз да болса жол ашып тұр. Енді соны іс жүзіне асыру барысында енгізілген жаңалықтардың негізгі мақсатын орындаушылар дұрыс түсінсе, іс алға жылжып кетер еді.
– Білікті заңгер ретінде Қазақстан Конституциясының өзге елдердің негізгі заңдарынан айырмашылықтары мен артықшылықтарын айтып берсеңіз...
– «Әркім өз баласын құлыным дейді» демекші, «Біздің Конституциямыз анаған, мынаған қарағанда әлдеқайда артық» деу күпіршілік болар. Қандай да болсын мемлекеттің Ата Заңы олардың сол кезеңдегі тарихи жағдайдағы алға қойған мақсаттарына байланысты қабылданады. Сөйтіп, сол мемлекеттің, сол қоғамның сол кездегі планетарлық проблемасын шешуге негіз болғандықтан, олардың өзіне дүниежүзіндегі ең жақсы Конституция болып көрінеді. Бүгіндері 15 жылдығын атап өтейін деп отырған Ата Заңымыз біздердің бүкіл ғалам мойындап отырған жетістіктерімізге бірден-бір негіз болғандықтан, біздің Конституциямыз басқа мемлекеттердің ата заңынан мықтырақ көрінетіні де өтірік емес. Ләйім солай болғай.
– Қазір дүниежүзіндегі мемлекеттік басқару үлгісінде әлемге ортақ құндылықтар қалыптасқан. Сондықтан да ма, тәуелсіз мемлекеттердің конституциялары бір-біріне ұқсас болып келеді. Бірақ әр мемлекеттің құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құру жолындағы даму қарқыны мен үрдісі әрқилы.
– Конституция бар жерде заңдар бар. Заңдар бар жерде сол заңдарды орындау бар. Конституция да, сол Конституция негізінде жазылған заңдар да жақсы болуы мүмкін. Бірақ соларды іс жүзіне асыру орынсыз болса, заңның жақсы болғанынан не пайда? Қандай да болсын мемлекеттің құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам құру жолындағы даму қарқыны мен үрдісінің әрқилы болуы да заңды орындау тазалығына байланысты деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Кез келген өркениетті мемлекеттегідей біздің елде де Конституция, өзге де заңдар салтанат құруы тиіс. Ата Заңымыздың әлеуетін толық пайдаланғанда ғана шынайы демократиялық, құқықтық мемлекет құра аламыз. Бізде түрлі деңгейде бастықтарға табыну үрдісі бар. Сондықтан шенеуніксымақ бастықтарға табынбай, Ата Заңға бағына білсек, басымыздан бақ кетпес деп ойлаймын. Барша қазақстандықтарға мереке құтты болсын дегім келеді!
Автор: Жарқын Түсіпбекұлы
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: