
Жексенбек ӘДІЛОВ, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры:
– Қазақстанды дамудың жаңа бір белесіне көтеретін Үдемелі индустриалды-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруды техникалық жоғары оқу орнының қатысуынсыз елестету мүмкін емес секілді. Өйткені өндірістің инновациялық серпініне ықпал ететін ғылыми жобалар, ең алдымен, ғылыми зертханаларда дүниеге келеді. Жалпы, инновациялық жобаларды тудыратын сіздерде қандай ғылыми орталықтар бар?
– Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «2011-2020 жылдардағы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму стратегиясын» құраушы басты бөлігі фундаменталды және қолданбалы тұрғыда көлемді ғылыми-зерттеулерді ұйымдастыру мен оны жүзеге асыру болып табылады. Бұл бағытта Елбасы ғылыми ізденістің екі кезеңін бөліп көрсетіп берді, біріншіден: 2011-2015 жылдары еліміздің ғылыми және жоғары оқу құрылымдарында тәжірибелі зертханалық үлгілерді, өнеркәсіптің барлық саласы үшін бәсекеге қабілетті инновациялық технологияларды жасауды, халықаралық деңгейдегі фундаментальды зерттеулерді, ҒЗТКЖ-ның (Ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың) дайын нәтижелерін технопарктер мен бизнес-инкубаторлар арқылы өндіріске кіріктіру тұрғысында жаңа технологияларды қарқынды жетілдіру және оны соңына дейін жеткізу міндеті тұр. Сонымен қатар бұл кезеңде инвестициялық институттар арқылы шетел технологиясын тарту және оны зерттеу де жоспарда бар. Бұл арада үздіксіз білім беру мен ғылым арқылы оқыту қағидасы бойынша халықаралық деңгейдегі жаңа ғылыми кадрларды дайындауға аса мән беріліп отыр. Екіншіден, 2015-2020 жылдар тауар өндірісі мен халықаралық сапа қызметі мақсатын орындауда өндіріс пен бизнес құрылымдарға бірінші кезеңде қол жеткізген нәтижелерді үдемелі енгізу кезеңі болып анықталады.
Инновациялық қызмет үшін университетте барлық жағдай жасалған. Сол үшін университет жанынан техникалық парк пен бизнес инкубаторлар ашылған. Мәселен, техникалық парктегі халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу үшін университет ғалымдарын ынталандыру мақсатында Қазақстандағы Еуропалық одақтың ғылым мен технологияны ғылыми-техникалық дамыту жөніндегі жетінші бағдарламасының Ұлттық үйлестіруші орталығы ашылған. Бұл орталықта 2009 жылы наурызда инновациялық жобалар үшін Еуропалық одақ тарапынан қаржы тарту жүйесі туралы университет ғалымдарының біліктілігін арттыруда семинар өткізілді. Оның мақсаты – гуманитарлық, техникалық және нақты ғылым бойынша инновациялық жобаларға атсалысу. Бүгіндері 94 инновациялық жоба техникалық паркте жүзеге асырылу үшін әзірленуде. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен жоғары оқу орындары жанынан 15 ғылыми зертхана ашылды. Өз кезегінде біздің университет те оған атсалысып отыр. «Ақпараттық және ғарыштық технологияны ұжымдық пайдалану мақсатындағы Ұлттық ғылыми зертханасын (суперкомпьютер)» ұйымдастыру бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен ашық бәйгеде жеңімпаз атандық.
«Қазақстан-Корей ақпараттық-коммуникациялық технология білім беру орталығымен» үдемелі жобаны ұйымдастыру және оны жүзеге асыру ісі толықтай қолға алынды. Бұл жобаны дайындау мен оны жүзеге асыруға Корей политехникалық университетінің сарапшылары қатысуда. Жалпы, аталған жобаның құны 6 миллион АҚШ доллары тұрады. Бұл орталықта ақпараттық-коммуникациялық технология саласындағы ең соны үлгідегі құрал-жабдықтар, сонымен қатар Қазақстандағы жалғыз суперкомпьютер орналастырылған.
– Суперкомпьютер инновация үшін таптырмас дүние екендігі белгілі. Оның мүмкіндігін толықтай ашып көрсететін мысал келтіре кетсеңіз...
– Ел экономикасын көтеру үшін кәсіп- орын өндірісін жаңа сапа деңгейіне шығаруда суперкомпьютерлер өте қажет. Әлемнің дамыған елдері ХХ ғасырда өзінің ұлттық экономикасын инновациялық жол арқылы дамытуға көшті. Мысалы, өткен ғасырдың өзінде АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің өсуіндегі ғылыми-техникалық прогресс факторының үлесі 50-60 пайыздан асқан. Тіпті бұрынғы КСРО-да аталған осы фактор ұлттық табыс өсімін шамамен 40 пайызбен қамтамасыз еткен. Бүгіндері өндірістік дамыған елдерде ЖІӨ-нің 80-95 пайызы технологиядағы, құрал-жабдықтардағы және өнеркәсіпті ұйымдастырудағы жаңа білім үлесіне тиесілі. Сондықтан суперкомпьютер технологиясын Қазақстанға енгізбейінше, бәсекеге қабілетті мемлекет болу және еліміздің Үдемелі индустриалды-инновациялық даму міндетін орындау қиынға соғады.
Ал суперкомпьютердің мүмкіндігі шектеусіз. Ол қолданылмайтын адам тіршілігінің бірде-бір саласы жоқ. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ғылымның, білімнің және экономиканың аса маңызды міндеттерін шешуде, ұзақ мерзімге белгіленген болжамдар жасауда, соның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында метеорология және экология саласында суперкомпьютердің барлық мүмкіндігін пайдаланып, оны жетілдіріп отырады.
Суперкомпьютердің дәстүрлі қолданыстағы саласы әрқашан ғылыми-зерттеу болып табылады: мысалы, молекулярлы және атом физикасы, плазма физикасы және статистикалық механика, конденсатталған орта физикасы, элементарлы бөлшектер физикасы.
Химияда – түрлі есептеуіш химия саласы: жаңа материалдарды құрастыру мақсатында электронды құрылымды есептеуді қосқандағы квантты химия, молекулярлы динамика, химиялық кинетика, дәрі-дәрмекті құрылымдау. Әрине, кейде сәйкес ғылымдарды қоса қолданатын жағдай болады. Мысалы, химия мен биология, ол техникалық қосымша арқылы жабылып отырады. Ал метеорология, атмосфера құбылысын зерттеу, ең алдымен, ауа райын ұзақ мерзімге болжау міндеті жоғарыда аталған физика мәселелерін шешумен байланысты келеді.
Шешіміне суперкомпьютер қолданылатын техникалық мәселелерге әуеғарышы және автокөлік өндірісін, ядролық энергетиканы, пайдалы қазба байлықтары кенішін анықтау мен болжауды, мұнай мен газ өндірісі өнеркәсібін (соның ішінде кен орнын тиімді пайдалану мәселесі, әсіресе оны зерттеудің үш өлшемдік міндеті), соңында жаңа микропроцессорлар мен компьютерлерді, ең алдымен, суперкомпьютердің өзін құрастыруды жатқызуға болады.
Өнеркәсіпте қуатты есептегіш құралды пайдаланудың басты идеясы – қазба байлықты игерудегі шығынды қысқарту. Сондықтан қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында олар тіршілік ету құралы бола алады. Оны қолданатын тағы бір болашағы бар сала – нанотехнология. Ертең нанотехнология негізінде жаңа материалдар мен өнім шығарып, оны пайдалану үшін бүгін оны барлық жағынан өлшеп, есептеу керек. Оған, әрине, суперкомпьютер секілді қуатты есептеу ресурсы қажет.
Суперкомпьютерлерді пайдаланудағы болашағы зор жаңа сала – дәрі-дәрмек жасап шығару. Жоғары өнімді есептеуіш ем жасауға қабілетті химиялық қосындылардың қажетті молекулалық заттарын мақсатты түрде модельдеуде, оның кезекті жаңа емге жарамды немесе жарамсыз екендігін тексеретін құралдың орнын оп-оңай алмастыра алады. Жаңа дәрі-дәрмекті жасап шығаруда суперкомпьютерлерді қолдану арқылы өнімді жасаудың кезеңін сегіз жылдан екі жылға дейін қысқартады, аталған процесті 10-нан 100 есеге дейін арзандатады.
– Қазір суперкомпьютер қызметіне деген сұраныс қандай? Бұл ретте қандай да бір келісімшарттар жасалды ма?
– Иә, еліміздегі дистанциялық барлау саласының көшбасшысы «ҚазГеоҒарыш» АҚ-пен ғылыми-өндірістік және оқу орталығын құру туралы келісімшарт жасалды. Басқа да жекелеген компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр.
– Ал мүмкіндігі зор бұл құрал-жабдық қызметінің тарифі қандай?
– Бұл мәселе әзірге шешілген жоқ. Нақтырақ айтқанда, тарифті енді жасап жатырмыз. Өйткені бұған дейін бізде мұндай қызмет түрі болған емес. Жаңағы жасалу үстінде деген келісімшарттар бойынша жұмыс та осы мәселеге байланысты баяулап тұр. Бірақ бәрі реттеліп, есеп жасалған соң, тарифке қатысты мәселе туындамайтын болады деп ойлаймын.
– Суперкомпьютерді пайдаланудағы университеттің ғылыми жұмысының бағыттары қандай?
– Суперкомпьютерді қолдануда мынадай бағыттар айқындалды: ғарыш, энергетика, мұнай мен газ өнеркәсібі, экология және медицина. Бұл арада ғылыми қауымдастықтың, өнеркәсіп пен бизнес құрылымның, өз жобасын жүзеге асыруды тез арада шешуге мүдделілердің барлығына аталған зертхананың есігі әрқашан ашық екенін айтқым келеді. Зертхана қай ведомствоға қарайтындығына, қандай меншіктегі ғылыми ұйымға жататындығына қарамастан, отандық және шетелдік ғалымдарға ғылыми -зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Өзара зерттеу жүргізуге қатысатын шетел ғалымдары мен еліміздің ғылыми ұйымдарының және жоғары оқу орындарының ғалымдары мен мамандарына зертхана материалдық жағдайды келісімшарт негізінде ұсынады.
Қазір өзара ғылыми және қолданбалы жұмыстар жүргізуде ірі кәсіпорындармен келісімшарт жасастық. Біз суперкомпьютердің мүмкіндігін толық пайдалана аламыз деп ойлаймын. Өзара біріккен жұмыс жасауға барлық мүдделі ғылыми және шаруашылық құрылымдарды шақырамыз. Өйткені бастапқы кезден-ақ аталған зертхана ұжымдық пайдалану үшін құрылған болатын.
– Биыл Алматы қаласы инновациялық саммиттердің ордасы болды деп айтсақ та болады. Осы саммиттердің бірінде Елбасы шетелдік компанияларды еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Инновация бойынша сіздер қандай компаниялармен әріптестікте жұмыс істеп жатырсыздар? Олар қандай нәтиже беруде?
– Соңғы үш жылда университетіміз халықаралық әріптестікті және сыртқы байланыстарды дамыта отырып, соның нәтижесінде шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми білім беру орталықтарымен, халықаралық ұйымдармен, әртүрлі қорлармен және компаниялармен оқу процесін жетілдіру мен лабораториялық кешенімізді жақсартуда 11 миллион доллар қаржы тартып, оны игеруде біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Тек шетелдік компаниялармен ғана емес, халықаралық әріптестікті жүргізуде біздің университет АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Швейцария, Голландия, Корея, Ресей, ҚХР, Түркия, Польша секілді мемлекеттердің аймақтық және ғаламдық деңгейдегі жоғары оқу орындарымен, ғылыми білім беру орталықтарымен, халықаралық ұйымдарымен, түрлі қорларымен, трансұлттық және өзге де компаниялармен 100-ге тарта түрлі келісімшарт жасасқан. Мәселен, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті АҚШ пен Еуропаның 80-нен аса жоғары оқу орны мүшесі болып табылатын Америкалық білім беру консорциумы құрамына енген. Осы консорциумның шеңберінде биыл екінші жыл қатарынан біріккен жобаны жүзеге асырудамыз. Оған сәйкес, ҚазҰТУ студенттерді іріктеп қабылдайды, бакалавриат біріккен бағдарламасы бойынша олар осында бастапқы екі жылында ағылшынша, қазақша немесе орысша білім алады. Бұл студенттер оқудың соңғы жылын Америкалық білім беру консорциумына мүше жоғары оқу орындарында – Ұлыбританияда, Чехияда және Кипрде тамамдайды. Олар екі диплом алып шығады: Қазақстанның және оқуын аяқтау кезеңін өткерген жердің жоғары оқу орнының. Сондай-ақ 2007 жылы АҚШ-тың Колорадо тау-кен мектебімен PhD докторларын даярлау және оқу бағдарламасын халықаралық аккредитациялау бойынша біріккен бағдарлама құру туралы келісімшарт жасасқан едік. Сол жылдың қаңтары мен қазан айларында жоғары оқу орнының және жоғары оқу орнынан кейін білім беру бағдарламасын Еуропалық комиссиямен, Үндістанмен біріге отырып, өзара жүзеге асыру мәселелерін әзірледік.
Жалпы айтқанда, біздің университет шетелдік жоғары оқу орындарымен 48 біріккен білім беру бағдарламасына қатысады. Алыс шетелдермен магистрлық және докторлық алты өзара бағдарламамыз бар – Вандербилт университеті (АҚШ), Дельфтск технологиялық университеті (Голландия), Корольдік техникалық университеті (Швеция), Нанси–1 институты (Франция), Магдебург университеті (ГФР), Пекиннің геологиялық институты (ҚХР).
Мысалы, Францияда биыл екі аспирантымыз оқуын тамамдап жатыр. Нансиден биыл мамандар келіп, бакалаврды аяқтаған жеті студентімізді іріктеп алып кетті. Олар жыл сайын келіп тұрады.
Біздің университет ТМД-ның техникалық университеттері қауымдастығының мүшесі болып табылады. Бұл қауымдастық 2009 жылы экология, нанотехнология, ІТ технология бағыттары бойынша ШЫҰ-ның университеттер желісінің кешеніне айналды.
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ – «Шеврон» компаниясы демеушілік танытатын әлемнің алдыңғы қатарлы 16 жоғары оқу орны енетін Университеттер ынтымақтастығы бағдарламасына кірген посткеңестік кеңістіктегі жалғыз білім ордасы. Бұл арада екіжақты білім беру алмасып отыратынын айтқан ләзім. Мәселен, біздікілер шетелден тәжірибе жинақтаса, олардың студенттері біздің өндірістерге келеді.
– Өз кезегінде мұндағы ғылыми жобаларды қаржыландыруға мемлекет те атсалысатын болар?
– Әрине, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына сәйкес, университетімізбен ғылыми-зерттеу қызметінің нақты бағыттары жасалған. Егер 2005-2008 жылдары жалпы көлемі 546,3 миллион теңгені құрайтын 150 ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асырылса, 2008 жылғымен салыстырғанда 2009 жылы бұл реттегі қаржыландыру екі жарым есеге артты. Мұндағы қаржыландыру көзі Білім және ғылым министрлігі, бұрынғы Индустрия және сауда министрлігі, Энергетика және минералды ресурстар министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі және Премьер-министрдің канцеляриясы болып табылады. Мұнымен қоса, ғылыми зерттеулер Еуропалық одақтың, «Шеврон» компаниясының гранттары, сондай-ақ Алматы қаласы әкімшілігінің гранты бойынша жүзеге асырылады.
«Сименс», «Шнайдерэлектрик» секілді автоматтандыру және басқару саласының алдыңғы қатарлы халықаралық фирмалары ҚазҰТУ кафедрасы шеңберінде соңғы технологиядағы құрал-жабдықпен жабдықталған өз қаржысына арнайы зертхана ашып алған. ЮСА жобасы аясында геолог-мұнайшылар америкалық қауымдастығының студенттер бөлімінің ресурсты орталығы ашылды. «Интергаз-Орталық Азия» және «Ембімұнайгаз» компаниялары студенттерді оқыту үшін көлемді гранттар бөліп тұрады. Студенттерді мақсатты түрде дайындауды «Шел» мұнай компаниясы жүзеге асырады. «ҚазФронай» жобасы шеңберінде жас ғалымдар, мұғалімдер, магистранттар және PhD докторанттары жыл сайын Францияға, Германияға, АҚШ-қа тәжірибелік сынақтан өтуге барады.
– Есеп комитетінің төрағасы Ө.Өксікбаев бір сөзінде: «Қытайдан велосипед саймандарын алып келіп, оны осында құрастыру инновациялық жобаға жатқызылған» деп сын айтып, өзінің оған «қарны» ашқанын білдіріп еді. Шындығында, біздің ғалымдар бұл тасымал құралының сайманын өздері жасай алмайтын болғаны ма?
– Жоқ. Біздің ғалымдардың мықты идеясы, жақсы жобалары бар. Оларды жүзеге асыруға келгенде қаржы жағынан қиындықтар туындап жатады. Дегенмен бұл – біздің ғалымдардың ғылыми туындысы осындай инновациялық жобаларға ілікпей жатыр деген сөз емес. Олардың арасында біздің ғалымдардың да еңбегі бар. Қалай дегенмен де ғалымдардың жобасын нақты істе жүзеге асыру үшін біздегі техникалық парктің потенциалы жеткіліксіз дер едім. Сондықтан бізге ғылыми-зерттеудің конструкторлық дайындығына арналған шағын зауыттар керек. Бірақ оған әзірге қол жеткізе алмай отырмыз.
– Білім жүйесін халықаралық стандарттарға кіріктіру ісі ойдағыдай жүзеге асырылды деп санайсыз ба?
– Болон декларациясының ұсыныстарына сәйкес, университетімізге кредиттік жүйеде оқуға негізделген жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім берудің үш деңгейлі жүйесі нәтижелі кіріктірілді. Бұл өз кезегінде біздің білім беру бағдарламасының халықаралық стандартқа бейімделуіне мүмкіндік беруде. Кез келген шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтарымен байланысымызға мемлекеттің өзі атсалысып отырады.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «ұлттық технологиялық кешенді, қолданбалы және фундаменталды ғылымды қажетті деңгейде дамытқанда, өзімізді жоғары білікті ғалымдармен, инженерлермен қамтамасыз ете алғанда ғана біз халықаралық өркениеттер құбылысындағы өзімізге лайық орынды белгілей аламыз» дегенді әр сөзінде қайталап айтып отырады. Қазір әлемде экономикадағы бәсекелестіктің басты факторы білім екендігіне ешкім қарсы дау айтпайды. Сондықтан Елбасы бізді білім жүйесін халықаралық деңгейге көтеруге, оның халықаралық білім кеңістігіне кіруіне мақсатты түрде жұмыс істеуге жұмылдырады. Осы орайда айта кететін жетістігіміз, ол – университетіміздегі 11 мамандық шетел агенттіктерінде аккредитациядан өткен, оның ішінде 5 – ASIIN (Германияда), 1 – АBET (АҚШ-да) және 5 – AIOR (Ресейде).
– Дегенмен зиялы қауым арасында кредиттік технологияның кері жақтарын сынаушылар жиі кездеседі...
– Кредиттік жүйені пайдаланып келе жатқанымызға 10 жыл болды. Ол, әрине, жақсы нәрсе. Бұл арада мынадай жағдайға назар аудартқым келеді: мәселен, Болон декларациясының Даму бағдарламасында нақты төрт пункт көрсетілген. Соның бірі – студенттер мен профессорлардың академиялық еркіндігі. Осы арасын біз дұрыс кіріктірмегенбіз. Ал, шындығында, кредиттік жүйенің артықшылықтарының бірі осында. Біз соны тиімді, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Ол дегеніңіз – білімнің, ғылымның, студенттер біліктілігінің артуына серпін беретін бірден-бір механизм болып табылады. Біздің студенттер мен ұстаздарымыз, профессорларымыз оқу жылы басталғаннан оны аяқталғанға дейін дәлізде ілініп тұрған оқу жоспары бойынша қалтқысыз жұмыс істейді. Яғни олардың оқу жылы аяқталғанша бос уақыттары болмайды. Демек, бұл – біздің ғалымдарымыздың оқулықтар, монография, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазуға мүлде уақыты жоқ деген сөз. Ал студенттер мен мұғалімдердің академиялық еркіндігі деген – осы олқылықты жоятын бірден-бір тәсіл. Мысалы, оқу жылы барысында бір пәнді 24 күн оқыту керек болса, соның басты бір бөлігін мұғалім университет қабырғасында өткізуі мүмкін, ал қалғанын оқу ордасынан тыс жерден қадағалай алады. Яғни мұғалім интернет арқылы студентке тапсырма беріп, оның жауабын сол жолмен алады. Оны бағалап, өзінің қорытындысын интернеттегі арнайы блогке жариялайды. Студенттер өзінің жұмысының нәтижесімен сол арадан танысады. Ал студенттердің түсінбей жатқан жері болса, профессор оларды үйіне не болмаса жұмыс орнына шақырып, оны түсіндіріп береді. Есесіне сол уақытта ғалым өз кабинетінде отырып, ғылыми жұмыспен де айналыса береді. Сондықтан біз осы пунктті оқу жүйесіне енгізуді қазір қарастырып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Автор: Кәмшат Сатиева
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: