Дат!

Танымал тэгтер: , , , , ,

Рухани құндылыққа деген көзқарас түзелетініне, қисайған көшіміздің қалпына келетініне көзім анық жетеді

   0 600

Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:



– Соңғы уақытта сіздің жетекшілігіңіздегі ТҮРКСОЙ ұйымы бірқатар ірі тарихи-мәдени жобаларды жүзеге асыра бастады. Солардың ішінде түркі әлеміне ортақ «Көроғлы» операсының сахналануын үлкен олжа деуге болады. Бұл жобаны іске асыруға не түрткі болды?

– Мәдениет саласында жүргеніме біраз жылдың жүзі болыпты. Республиканың әртүрлі деңгейде осы саласын басқарып жүргендегі байқағаным – төрт ғасырлық тарихы бар Еуропа операсының қасында біздің түркі халықтарының кәсіби театрдағы жасаған қадамы балаң. Бұл театрлар репертуарының басым бөлігі Еуропа, орыс классиктерінің және ұлттық шығармаларды құрайды. Алайда ұлттық опералар бізде де, басқа республика театрларында да азшылық. Уақыт талабы мен сұранысынан туындаған шығармалар болмаса, қазір композиторларымыздың театрлармен бірлікте жаппай құлшына істейтін басты объектісіне айнала алмай келеді.

«Қазір қазақ операсына көрермен бармайды, оны тыңдайтын адам жоқ» деген кереғар пікір белең алып кетті. Бірақ 50-60-жылдары зал толы көрермендер де, билет таба алмағандардың театр маңын торауылдаған кезі де болғанын ұмытуға болмас. К.Байсейітова, Қ.Жандарбеков сынды таланттар шоғыры тудырған өнердің ізбасарлары бар, оларды бағалай білетін көрермендерді де кездестіреміз. Жоғары рухани құндылыққа деген көзқарас түзелетініне, қисайған көшіміздің қалпына келетініне көзім анық жетеді.

Дәл осындай жай басқа да туыстас халықтар өнерінде көрініс берді. Осы жайларды Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы ретінде ойлана келіп, «біздің рухани қарым-қатынасқа қозғау салатын опера бағытында елеулі қадам жасау керек» деген ойға келдім. Сол кездері маған бұрынғы Әзірбайжан азаматы, түркиялық режиссер Э.Нейматзаде кездесті. Ол өзінің осыған үндес идеясымен әр алуан мекемелерге барып, бірақ жүзеге асырудың ретін келтіре алмай жүр екен. Сөйтіп, ойға алған бұл шараны ойланып-толғанып, бағыт-бағдарымызды айқындап, үлкен шаруаны бірге бастап жібердік. Жобаға әзірбайжан халқының классик композиторы У.Гаджибековтің 1937 жылы жазылған «Көроғлы» операсын түрік тілінде қоюды таңдап алдық.

– Сахна өнері әлеміндегі құбылыс деп танылған «Көроғлы» операсы өз көрерменін тапты десе де болады. Жалпы, бұл жоба бізге не берді?

– Бұл жобаның бізге не бергеніне келсек, біріншіден, алғашқы қойылған «Көроғлы» операсымен жұмыс барысында қаншама өнер ұжымдары мен туысқан халықтардың өнерпаздары танысып білісті. Бізге әртүрлі жағдайлармен бөлшектеліп кеткен түбі бір туыстардың түгенделіп, жақындасып, бір қазанға түсіп қайнауы жетпей келе жатқан. Сол процесс жоба арқылы іске асты. Операның әр партиясына әр елдің бес-бестен әншілері тағайындалып, бәрі өнердің арқасында өзара танысып, аралас-құралас болды. Операдағы Нигар сұлу, Көроғлы, Гасан хан т.б. басты партияларын қазақ, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан, түрік, татар бауырлардың бүгінгі таңда бетке ұстар мықты деген әншілері орындады.

Опера – көптеген жанрдың қосындысынан құралған синтетикалық өнер. Мұнда музыканттар, әншілер, бишілер, дирижер, режиссер, хореограф – бәрі-бәрі өз бойындағы атқарушылық, ұйымдастырушылық қырларын көрсетеді. Сонымен бірге қай өнер саласында болсын, сөзсіз, бәсекелестік көрініс береді. Бұл жоба бір сахнада, бір шығармада әртүрлі әртістер құрамы өздерінің әншілік, актерлік, орындаушылық мектептерімен бірге бәсекеге түскен кезі болды. Өздерінің жоғары жетістіктерімен танылғандары қаншама. Бауырлас халықтар өнерпаздары арасында қазақ орындаушылық өнерінің де жұлдызы осы операны қою барысында жарқырай жанды.

Маған Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы ретінде әртүрлі мемлекеттердің БАҚ-ына сұхбаттар беруге тура келеді. Әр журналист өз елінің мүддесін көздейтіні, көңілінен шығатындай жауап алғысы келетіні белгілі. Сондай кездесуде бір журналист түрік ағайындардың тілін назарға ала отырып, «Біз, бауырлас халықтар, қашан бір тілде сөйлейтін боламыз?» деген сұрақ қойды. Бұған мен: «Жеке басымның пікірінше, біз бір тілде ешқашан сөйлемейміз. Бұған әр мемлекеттің бүгінгі қалыптасқан географиялық орналасуы, әр халықтың қалыптасқан ұлттық тілі, дәстүрі, өзіндік ерекшеліктері, өз ұлтына деген отансүйгіштігі бой бермейді», – деп жауап бердім. Мен саяси емес, қоғамдық ұйымды басқарғандықтан, қоғамдық көзқарасты білдіре отырып: «Бір тілде сөйлеуіміз керек, ал қай тілде екенін болжап айту қиын. Бірақ анық білетінім, бір айдан кейін алты елдің өнерпаздары жиналып, ортақ операда түрік тілінде өнер көрсетеді», –дедім. Алғашында істің мән-жайын түсініңкіремей қалған журналист ТҮРКСОЙ-дың осы жобасы жайлы естігенде, ризашылығын білдіріп жатты.

Бұдан шығатын қорытынды біздің негізгі мақсатымыз бен міндетімізді де айқындай түседі. Бауырлас халықтарды өзара жақындастыру жолында олардың тілі мен мәдениетін, туыстық байланыстарын нығайту үшін әлі көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Біздің жасаған бұл жобамыз – сол жақындастыру, елдестіру жолының бір ғана соқпағы.

– Өткен жылғы және биылғы қойылымдар арасында қандай ерекшеліктер бар?

– Көрсетілген бір спектакль, оны қойған бір режиссер десек те, біраз өзгешеліктер бар. Өткен жылы көрсетілген «Көроғлы» опера спектаклінің дайындық базасы болып Қырғызстанның Ұлттық опера және балет театры таңдап алынып, сол ұжымның оркестрі, хоры, бишілері, әншілері толығымен қатыстырылған. Бұл опера Бішкек опера театрының негізінде жасалып, репертуарына толығымен енді. Ал биылғы Ыстамбұл сапарына байланысты қойылым дайындау барысында біз жаңа құраммен жұмыс жасадық. Негізгі дайындық алаңы етіп Астана қаласындағы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры таңдап алынып, дайындықтар сонда жүргізілді. Осы операдағы күрделі халық-хор сахналарын орындауға Астана театрының хоры қатыстырылды. Сондықтан Астана қаласының театры да өзінің репертуарына бұл опера спектаклін оркестр, балет және әншілердің дайындығынан кейін кіргізе алатын мүмкіндігі бар.

«Көроғлы» операсының өткен жылғы төрт мемлекеттің астанасында көрсеткен гастрольдік сапары күні бүгінге дейін жаңғырып келеді. Өткен жылы біз бұл операны Анкара қаласында көрсетіп, көрермендердің ризашылығына бөленген болатынбыз. Оның заңды жалғасы – бүгінгі осы Ыстамбұл қаласындағы көрсетілім.

2010 жылы Ыстамбұл қаласы Еуропаның мәдени орталығы статусын иемденді. Осы шараға орай алғаш рет өткізіліп жатқан І Халықаралық Ыстамбұл опера фестивалінің ұйымдастырушылары, Түркия Республикасының мәдениет және туризм министрі Ертугрул Гүнәй мырзаның жеке тілегі бойынша мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәдени шараны осы «Көроғлы» операсымен қорытындылау туралы шешімі – біз үшін үлкен құрмет. Еуропаның мәдени астанасында тұңғыш рет шетел театрлары мен өнерпаздарының қатысуымен өтіп жатқан айтулы өнер мерекесінің соңғы аккордын қою бауырлас халықтар өнерпаздарының орындауындағы операға жүктелгені көңілімізді марқайтады.

«Көроғлы» операсының мысалындай, жан-жақтан шақырылған орындаушылармен өтетін спектакльдер бұрын да болған ғой, бұл қойылымның олардан несі артық?» дейтін бағыттағы сұрақтардың болуы да заңды. Иә болған, бірақ олар әнші-орындаушылар, режиссер, дирижерлермен ғана шектелетін. Ал біздің жобадағыдай көп санды құрамда, әр республикадан келген: опера хоры (Астана қ.), симфониялық оркестр және дирижері (Баку қ.), бишілер тобы (Ыстамбұл қ.) әншілер құрамы аталмыш және өзге республикалардан келген (саны 250 адам) өнерпаздар басын қосып, толыққанды спектакль дайындау көптеген басқару, жоспарлау, ұйымдастыру шараларын дәлдікпен өткізуді қажет етеді.

– Осыншама мемлекеттердің өнерпаздары қатысатын құрамдағы ірі операны ұйымдастыру ісі оңайға түспеген шығар?

– Менің консерваторияда ректор болып тұрған кезімде фестивальдер, гастрольдік сапарлар, жаңа «Интероркестр» құрамын жасақтап, олармен гастрольде болу секілді жұмыс тәжірибем бар болатын. Тіпті бір қызметкер «Біз опера жобасымен айналысатын агенттік емеспіз ғой!» деген кейісін білдіргенде: «Осындай салмақты шаруаны біз қолға алмасақ, кім алады? Жекелеген театрлардың бірде-біреуінде бұл халықаралық жобаны атқара алардай тиісті әкімшілік ресурсы немесе басқару тетігі жоқ. Бұл олар көтерер жүк емес», – деп басу айтуға тура келді. Жұмыс барысында жобаға қатысушы елдердің мәдениет, сыртқы істер министрлерінің қолдауы міндетті түрде болды. Егер де бұл министрліктердің басшылары біздің іс-шарамыздан сырт қалар болса, біз қара жаяу қалар едік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан Республикасының мәдениет министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед мырзаға және Астана қаласының Опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев мырзаларға зор алғысымды білдіремін. Министрдің қазақстандықтардың жобаға қатысуына оң қабақ танытып, қаржылай қолдау көрсетуі, директордың операның Астана театрында дайындық жұмыстарының өтуіне жасалған қолайлы жағдайлары, жалпы, бәрімізге ортақ үлкен іске қатысы бар министрден қатардағы костюмерге дейінгі әрбір адамның хал-ахуалды дұрыс бағалап, орынды қолғабыс бергенін көрсетеді. Өзгелер де осылай, Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Абулфайз Гараев мырза спектакльге қатысушы симфониялық оркестр құрамын толығымен қаржылай көтеріп алды. Ал мерекені ұйымдастырушы Түрік Республикасының мәдениет және туризм министрі Ертугрул Гүнәй мырза Ыстамбұл опера театрының демалысқа шығып кеткен балет труппасын ұйымдастыруға  3700 адамдық қаланың ең үлкен мерекелік сарайы – Халич Конгресс орталығының сахнасын бірнеше күнге жалға алу секілді т.б. ұйымдастыру шаруаларымен жағдай жасамаса, осындай қызықты да күрделі халықаралық жоба іске асар ма еді? Тек өзара түсіністік, жақындасуға деген шынайы тілек қана өнер мерекесін өткізіп, театр арқылы арасы әртүрлі себептермен алшақтап кеткен ағайындарды жақындастырды. Осындай орындалуы, ұйымдастырылуы, жүзеге асуы жағынан біз үшін қанша күрделі, ауыр болса да, іске асуы, біздің қандас бауырларымызды бір-бірімен жақындастыра түсудің ең бір тиімді жолы осындай болар деп білемін. Біздің халықтардың, тіпті көрші қонған мемлекеттердің арасында әлі өзара шешімін таппаған көптеген мәселе бар. Өткен жылы, араға екі-үш күн салып, бір республикадан екіншісіне барып спектакль қояр кезіндегі көшіп-қонуда кедендік кедергілерді көрдік. Қазақта «Туыс алыс болады барыспаса...» деген сөз бар. Барыс-келісіміз көп болса, біздің де аратуыстығымыз беки түсер еді. Сондықтан біз мемлекетаралық қоғамдық-мәдени ұйым ретінде осы халықаралық ұйым құзыреті төңірегінде берген мүмкіндіктермен туысқан халықтар арасын жақындастыратын елшіміз. Иә, иә, елшіміз. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден» деген қанатты сөзін біздің ұйымның қазіргі таңдағы ұстанған миссиясы ретінде қабылдауға болады.

– Бұл жобаның бауырлас халықтар театрларының, өнерпаздар шығармашылығының дамуына ықпал-әсері қандай болды?

– Өткен жылғы төрт елдің бас қалаларында көрсетілген спектакльден кейін бауырлас елдер опера театрларының директорларын жинап, алқалы жиын өткізу жайлы уағдаластық болған. Сол шара биылғы жылдың қаңтарында іске асып, алғашқы отырысын Түркі халықтар музыкалық театрларының директорлар кеңесін құрумен аяқталды. Бұл құрылымға келген театрдың басшылары өздерінің театр репертуарындағы спектакльдерімен келіп, бір-бірімен танысып, пікір алысып, ортақ репертуарлық саясат, бағыт-бағдар желілерін айқындады. Бұған дейін үлкен театрлар директорлары өзара араласпақ түгіл, кімнің кім екенін білмейтін. Енді жүзі таныс болғасын, телефонмен хабарласып, біздің ұйымның көмегінсіз-ақ қызу қарым-қатынас орнатып, түсіністікпен жұмыс жасауда. Енді бізге оларды қадағалау, қолдарынан жетелеудің қажеті жоқ. Шығармашылық мәселелерді өз деңгейінде мүмкіндіктерін пайдаланып шеше алғаны – біздің де ортақ қуанышымыз. Жалпы, түркілік құрамның кәсіби орындаушылық деңгейі италиялықтардан кем болған жоқ деп зор мақтанышпен айта аламын. Түрік театрларының бас директоры Ренгин Гокман маған хабарласып, фестиваль репертуарындағы күрделі «Аида» операсына осы құрамдағы әншілер мен дирижерді сұрауынан-ақ біздің ұйымның өз айналасына үздік өнерпаз топты жинағанын, олардың шығармашылығын әлемге таныта алғанын көрдік. Ал енді келер жылы Аспендес қаласында өтетін театр фестивалінің ашылуына да осы «Көроғлы» операсын әкелуді сұрап отыр. Бірақ біздің мақсатымыз – тек қана осы операмен айналысу емес. Онымен арнайы театр саласының мамандары айналысу керек. Біздің алға қойған мақсатымыз осы салаға серпіліс беру керек болатын, жақсы серпіліс болды. Қазір бұл бағытта сірескен сең сөгіліп, қазақстандық композитор Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы Әзірбайжанның Ұлттық опера театрының сахнасына қоюға қалап алынды. Бұл жоба жүзеге асса, алты құрлыққа Алпамыстың айбарын танытуға мүмкіндік туады. Бұған қоса түрік композиторы Керімнің «Однана саймуна» операсы Қазақ опера театрының сахнасында қойылмақ. Қырғыз Қ.Молдабасановтың Ш.Айтматов шығармасы негізінде жазылған «Ана – Жер-ана» оратория-балеті түрік театры репертуарына енбек. Әзірбайжан операсы қырғыз бен қазақ опера театрларының сахнасында бар деуге әбден болады.

Бір ғана жобаның осыншама жаңғырығы әлі де жалғасатынына сенімім мол. Ал театрлар болса өздеріне ұнаған талантты орындаушылармен келісімшарт жасасуға асығуда.

– Өткен сұхбаттарыңызда біздің шығармаларымыздың өзге театрлар сахналарында қойылуы жайлы сөз болған еді. Сол мәселеге қатысты қандай мәлімет бере аласыз?

–  Әзірге қазақ операларының ішінен «Алпамыс» операсы жайлы келісім жасалды. Ал егер басқа да ұсыныстар түсіп жатса, біз тек қуана қолдаймыз. Барлық билік пен орындаушылық күш қазір театрлардың көркемдік кеңесі мен директорларының қолында. Біз оларға ой салатындай ұсыныстар жасадық. Осы бастамалар баянды болып, бауырлас республикалар театрларында өзара барыс-келіс жалғасын тауып жатса, жобамыз уақыттың, өмірдің сұранысынан туындағанын дәлелдеп, жолымыздың болғаны.

– ТҮРКСОЙ-дың жастар өнерін қолдаған және бір жобасы жайлы естіп жатырмыз...

– Таяуда Анкара қаласында Түрксой-ға қатысатын жеті елдің консерваторияларының студенттерінен құралған ТҮРКСОЙ камералық студенттер оркестрінің алғашқы дайындығы жүргізілді. Оның музыкалық жетекшісі – алматылық музыкант Ә.Акбаров. Оркестр тамыз айының басында Анкара, Ыстамбұл қалаларындағы концерттерінен кейін Германияда Студенттік жастар оркестрінің фестиваліне қатысып, екі концерт береді. Кейін бұл жастарымыз Еуропа студент жастарының құрама оркестрімен қосылып, ұзақ гастрольдік турға қатысады. Бұл оркестр де түркі халықтарының музыкалық мұраларын, кәсіби композиторларының камералық оркестрге арнап жазылған шығармаларын насихаттайды. Мен студенттік ортадан, консерваторияның жетекшілігінен әлдеқашан кеткеніммен, ойымда, болмысымда ұлттық музыкаға деген қызығушылығым бір сәтке де қалған емес. Консерваториядағы тәжірибем күні бүгінге дейінгі менің болмысыммен бірге қабаттасып, қазір де көптеген шараларды ұйымдастыруда көмегін тигізіп отыр. 1989 жылы өз аймағымыздағы алты консерваториядан, кейін Кеңес Одағындағы 15 консерватория студенттерінен құралған оркестр шығармашылық жұмысы кезінде еліміздің өміріндегі елеулі мәдени құбылыстардың бірі болған. Жақында дүниеден озған жерлесіміз, қазақ музыкасының үлкен жанашыры һәм насихаттаушысы, тамаша музыкант, дирижер Фуат Шәкірұлы Мансұровтың жетекшілігінде болған концерттік сапарлар күні кешегідей есімде. Осы жолы камералық оркестрдің Анкара қаласында өтетін алғашқы тұсаукесер концерттік бағдарлама кешін осы тамаша суреткер ағамыздың аруағына бағыштауды жөн көріп отырмыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, өткенді ұмытпай, бүгінге насихаттау – келешекке апарар анық жол деп білемін.

– Дүйсен Қорабайұлы! Сұхбатыңызға рақмет. Туысқан халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы үшін атқарып жатқан іргелі істеріңіз және жаңа бастамаларыңыз оңынан болсын! Сізге және үлкен істерді атқарып жатқан шағын ұжымыңызға толағай табыс тілейміз!

Автор: Аманкелді Мұқан, театртанушы, Алматы– Ыстамбұл– Алматы

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

19 тамыз 2010, 12:04
Рейтинг: