
Толғанай Үмбеталиева, Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты:
– Орталық Азиялық демократияны дамыту қоры немен айналысады, қандай жобалармен жұмыс істейсіздер?
– Бұл қордың Қазақстанда жұмыс жасап жатқанына 5 жыл болды. Біз Қазақстанның және аймақтағы өзге де елдердің жан-жақты келбетін айқындайтын әлеуметтік және саяси зерттеулер жүргіземіз. Осы уақытқа дейін Орталық Азия жөнінде батыс ғалымдары көптеген зерттеулер жүргізіп, монографиялық еңбектер қалдырған. Шетелдіктер біздің аймақпен көбіне осы еңбектер арқылы таныс. Алайда оларға аймақтың ішкі көзқарасы беймәлім болып келеді. Біздің негізгі мақсатымыз – аймақты қазақстандық сарапшылардың көзқарасымен салмақтау.
– Соңғы бір-екі жобаңызды мысал ретінде келтіресіз бе?
– Әрине, үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап қайта құрылымдау кезеңін қарастыратын үшжылдық жобаны бастап отырмыз. Оған сырттан Моңғолия, Германия, Қырғызстан сынды елдердің сарапшылары атсалысатын болады. Оның қорытындысы ретінде ағылшын тілінде ғылыми-зерттеулер жинағын басып шығармақпыз. Ал дәл қазір біз энергетикалық сектордың Қазақстан мен Әзірбайжан елдерінің саяси бейнесіне ықпалын қарастыратын жобаны аяқтап жатырмыз. Алдағы жылы Орталық Азияның су-энергетикалық проблемаларын шешу механизмдеріне қатысты жобаны бастамақпыз. Бұл жобаға да аймақ елдерінің барлығынан сарапшылар қатысады.
– Сіз басқаратын қордың атауында «демократияның дамуы» деген тіркес бар ғой. Ендеше, өзіңіз осы демократия ұғымын қалай түсінетініңізді тарқатып бересіз бе? Қазіргі кезеңдегі демократия түсінігі мен классикалық үлгідегі демократияның айырмашылығы қаншалықты?
– Демократия ұғымы өте ертеде пайда болған. Алдымен, атап өткім келетіні, демократия – көп қырлы құбылыс. Ол – басқарудың формасы, ол – мемлекет құрылымының үлгісі, ол – халықтың саясатқа араласуының формасы. Дегенмен оның басты құндылығы, ең алдымен, мемлекет атты құрылымның емес, жеке адамның мүддесін, ар-намысын, адамдардың құқығы мен бостандықтарының сақталуы. Бұл негізгі мәселе ретінде қарастырылады. Әрине, демократия қамқор болу қызметін кез келген жағдайда атқарып тұр дей алмаймыз, дегенмен У.Черчилль айтпақшы, адамзат одан жақсы ештеңе ойлап тапқан жоқ.
Ал демократия ұғымына қазіргі заманауи көзқарасты айтатын болсақ, ол классикалық негіздегі бейнеден айтарлықтай алшақтап кетпеген. Қазіргі саясат ғылымында оның алуан түрлілігін көрсететін көптеген теориялар бар: «плебисцитарлы демократия», «вертикалды демократия», «қоғамдық демократия», «басқармалы демократия», «тәуелсіз демократия» және т.б.
Бұл теориялық концепцияларда, негізінен, демократияның түпкі мәніне қайшы келтірмей, оны жетілдірудің тиімді механизмдері қарастырылады. Дегенмен әлемнің бірқатар ғалымдары, оның ішінде бірқатар батыс өкілдері де «бұрынғы демократия ескіріп қалды» деген мәлімдеме жасап та үлгерді. Олардың ойынша, қазіргі ғаламдық өзгерістер, терроризм, БАҚ-тың дамуы, адамдардың ауқымды қоныс аударулары, мәдениеттердің, діндердің сұхбаты демократия ұғымын қайта қарауға мәжбүрлейді. Келесі бір ғалымдардың айтуынша, демократия үрдісі әлемдік қауымдастық өкілдерінің барлығының бірдей көңілінен шығып отырған жоқ. Болашақта мемлекеттердің одан мүлде бас тарту құбылысы көрініс беруі мүмкін. Өкінішке қарай, бұған себеп боларлықтай түрлі жағдайлар бар. Заман тәжірибесі көрсеткендей, идея ретіндегі демократия – бір бөлек нәрсе де, іс жүзіне келгендегі демократия бір бөлек құбылыс болып шықты. Яғни оның шарттарын нақты саяси өмірге мүлтіксіз күйде әкеліп енгізу оңай іс емес екен.
– Иә, осы сұрақтың өзі көп күмән тудырады. Батыс дамыған, батыс мемлекеттерінің билігі халықтың қолында деп айтуға бола ма?
– Айналып келгенде, мемлекетті қайтадан элитаның шағын тобы ғана басқарып отырады. Бұдан бөлек, конституция мен заңдарда азаматтардың тең құқығы мен бостандығы бекітілгеніне қарамастан, оны іске асыру өте қиын. Себебі елдегі түрлі топтардың қолындағы күш пен ресурстар әртүрлі деңгейде. Ал сайлаулардың барлығында дерлік қаржылай ресурсқа иелік ететіндер жеңіске жетіп отырады. Сонымен қатар сөз бостандығы, баспасөз бостандығы мәселесі кез келген демократиялық мемлекетте басқарушы элитаның қойып белгілеп берген шекараның ішінде ғана өрбиді. Оның үстіне, пікірдің тым алуан түрлі болуы мемлекет, ұлт қалыптастыруға үлкен кедергі келтіретіні анықталып жатыр. Себебі ұлттың қалыптасуына, күш алуына белгілі бір құндылықтардың, идеялардың жүйесі керек. Ал «сенім бостандығы» принципі діни және мәдени біртұтастыққа нұқсан келтіреді. Сондықтан өзіңіз көріп отырғандай, демократия дегеніміз – өте күрделі, даулы мәселе болып шығады. Оны басыбүтін күйінде көшіріп алу да немесе одан толықтай теріс айналып кету де дұрыс емес, мұндайды осалдықтың белгісі ретінде бағалау керек.
– Батыс елдерінің ортақ бір мақсаты бар, яғни демократияны әлемге экспорттау. Осы жерден бір сұрақ туындайды: батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың, осы саясатының астарында риясыздық, шынайылық туындап жатыр ма?
– «Демократияны экспортау» мәселесі қашанда болса саясаттанушылардың арасында жиі талқыланып келе жатыр. Демократия – үлкен саясаттағы аймақтарға ықпал етудің, әлемдегі қоғамдық өмірдің стандарттарын қалыптастыру жолындағы аса тиімді құрал болып отыр. Осы бағыттағы әлемдегі бәсеке өте үлкен. Жалпы батыс қашанда болса мессиандыққа көп көңіл бөлетін аймақ қой. Ал демократияны тарату дегеніміздің өзі, айналып келгенде, мессиандық мақсатқа жатады. Осылайша, демократия ұғымы барша әлемге идеологиялық экспансия жасаушы елдер шоғырының ортақ брендіне айналды. Әрине, әлемдегі табиғи ресурстарға бақылау орнатуды көздейтін АҚШ-тың сыртқы саясаты демократия ұғымының беделіне нұқсан келтіріп жатыр. Кейде осы мемлекеттің ресми билігі демократия мен бостандық идеяларының таралуына қызығушылық білдіретінін жариялай отырып, өздері соған сай келмей, бірқатар диктаторлық режимдермен қатар көрінетініне куә боламыз. Сондықтан демократияны насихаттаушының барлығы риясыз емес.
«Демократия экспорты» көп жағдайда аймақтарда хаос туғызып, түбі шешілмейтін даулар тудырып, теріс салдарын көрсетіп жатады.
Сондықтан әлемдегі ірі державалардың риясыздығына шын сену қателік болуы мүмкін, ол – өткен күннің көзқарасы. Прагматизм жайлаған заманда, әр мемлекет тек өзінің ғана мемлекеттік мүддесі тұрғысынан қарайтын уақытта өзгелерден риясыздық пен шынайылық күту – бекер тірлік. Дегенмен «битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» дегендей, осындай саяси жағымсыз көріністерге бола демократиядан бас тартуға тағы болмайды. Бұл әсіресе жедел модернизацияны қажет етіп тұрған посткеңестік кеңістіктегі елдерге қатысты деп ойлаймын. Демократияға деген өзіндік көзқарас, өзіндік қарым-қатынас қалыптастыру керек. Қоғамның өзі шешім қабылдай алатындай, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретіндей деңгейге жетуі жолында өзге стандарттарды көшіріп жатпастан-ақ еңбектенуге болады.
– Осы уақытқа дейін батыс елдері әлемге «тек біздегі демократиямыз ғана, біздегі зайырлы қоғам ғана экономикалық өрлеу тудыра алады» деген көзқарасты жалпыға таңып келді. Алайда бұл формуланы қазір Қытайдың даму қарқыны фальсификациялап, яғни жоққа шығарып жатыр. Сіздіңше, бізге қай модель тиімді?
– Әрине, қазіргі кезде демократияны негізге алған ашық қоғам өзінің көріктілігін жоғалтып жатыр. Ол өзінің ашықтығына байланысты қауіп-қатерге, тәуекелге тым көп ұшырайды. Дегенмен оны іске алғысыз етіп сызып тастауға да әлі ерте. «Ресми» түрде айтылып жүргендей, қоғамның ашық моделі мен жабық моделінің арасындағы бәсеке КСРО-ның құлауынан кейін алғашқысының пайдасына шешілді. Оның үстіне, ашықтық моделді, негізінен, жабық қоғаммен емес, «мемлекет экономикалық процестерге араласпауы керек» ұранмен, әлемдік экономиканы кең жайлаған қасаң қағидамен «күресіп» жүр деуге толық негіз бар. Бір кезде бұл ережені Дж.Сорос «нарықтық фундаментализм» деп атап еді.
Әлемдік қауымдастықтың саяси ұйымының ықпал ету аясы экономика мәселесіне келгенде қауқарсыз, яғни экономикалық әлемдік қаржы нарығында бақылау жоқ. Себебі бұл дағдарыс, негізінен, әлемдік экономиканың дамуынан пайда болып, әлемдік қаржы капиталының бақылаусыз қалуынан туындады ғой. Сондықтан экономистер тұжырымдағандай, қаржы нарығына бақылау орнамайынша, әлемнің саяси құрылымының дамуы әлемнің экономикалық дамуына ілеспейінше дағдарыстар бола береді. Оның үстіне дағдарыс құндылықтарды қайта салмақтауға, тиімсіз принциптерді қайта қарауға мәжбүрлеп, түзетулер енгізуді талап етеді.
– Қырғыз Республикасын парламенттік басқару жүйеде елестету қиындау. Мұндай модель Орталық Азиялық мемлекеттерге енуі мүмкін бе, сай келе ме? Қырғызстанның бұл ұмтылысы аймақ елдеріне қалай әсер етуі мүмкін.
– Тұрақсыздық сүйегіне дейін сіңіп қалған елде, қоғамдық наразылық өршіп тұрған уақытта, құқықтық вакуум орнаған мезетте Қырғызстанда парламенттік басқару жүйесінің орнауын елестету, әрине, қиын. Посткеңестік кеңістікте парламенттік жүйе орнатуға ұмтылыс жасағандар бар, бірақ тәжірибе көрсеткендей, сәтсіздікке ұрынған. Меніңше, Қырғызстанда парламенттік жүйе заң жүзінде, яғни де-юре орнауы мүмкін, бірақ іс жүзіне келгенде көп уақыт бойы президенттік басқарудың үйреншікті әдетіне, «заңдары мен ережелері бойынша» өмір сүреді деп ойлаймын. Мысалы, қазірдің өзінде Қырғыз елі сайлауға дайындалып жатыр, бірақ оның ережелері әлі белгісіз. Меніңше, бұл сайлауда да баяғы президенттік сайлаудың тәртіп, ережелері сақталып қалады...
– Енді өз Отанымызға оралсақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі біздің аймақта, Қазақстанда, қандай да бір өзгерістер әкелді ме? Еліміздің еуропалық ұйымның төрағасы ретінде жеткен жетістіктерін айтып бере аласыз ба?
– Жетістіктер мәселесін төрағалықты табыстап жатқанда айтармыз. Әзірге Ақ Орданың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына әлі де уақыт бар. Қазір тек сөз жүзінде ғана емес, нақты жұмыстардың жасалғанын байқауға болады. Мысал ретінде ЕҚЫҰ-ның Қырғызстан дағдарысын шешуге қатысты шараларын айтатын болсақ, бұл, ең алдымен, Қазақстанның әсер етуінен болды. Бұл елдегі жағдайға әлі де әсер етуге Қазақстанның мүмкіндігі зор.
Бұған дейін Қазақстан посткеңестік елдердің барлығына тән мінез «қос стандарттылықпен» күресуге, қазақстандық заңнаманы біржолата еуропалық нормалармен жетілдіруге ұмтылумен болды. Алайда қазіргі жай басқадай тәрізді. Жалпы, батыстікін қаз-қалпында көшіру қажет пе, әлде жоқ па дегендей екі ойлы күйде тұрған сияқты.
– Орталық Азияның интеграциясы мәселесін Қазақстан жиі көтереді. Алайда жетістіктер көрініп тұрған жоқ. Сіздіңше, Орталық Азиялық одақ құру жөніндегі идеяның жүзеге асуына не кедергі болып жатыр?
– Аймақтық интеграцияға кедергі болып отырған төрт негізгі себепті атар едім: мемлекет басшыларының осы бастамаға саяси еркінің болмауы – элиталар ел суверенитетінің бір бөлшегін ұлтаралық, халықаралық институттардың еншісіне бергісі келмейді; аймақ интеграциясын қамтамасыз ететіндей ортақ жоба жоқ; одақ пайда болған жағдайдағы республикалардың статустық позициялары айқындалмаған; интеграцияны қамтамасыз ете алатындай қомақты ресурстар жоқ.
Дегенмен кейбір саяси сарапшылар бұл аймақ сырттан жоспарланған жобаларға біріге алады деген ойда жүр. Мысал ретінде «Үлкен Орталық Азия» жобасы (АҚШ) немесе аймақтық экономикалық кооперация (ЕО) айтылады. Алайда, меніңше, бұл қысқамерзімді жобалардың тиімділігі төмен. Себебі Орталық Азия елдерінің сыртқы саясаты айқындалмаған, яғни бірде ресейлік бағытты, бірде америкалық ұстанымды қолдайды. Дәл осындай саяси күмәнді қарым-қатынас аймақ елдерінің бір-біріне деген ұстанымында да байқалады.
– Саясаттанушы маман ретінде Қазақстанның сарапшылар қауымдастығына баға бере аласыз ба? Қандай артықшылықтар мен кемшіліктерін атар едіңіз?
– Қазақстанның сараптамалық нарығы әлі даму кезеңінде. Ол әлі құрылымданып үлгермеді және тұрақтылыққа ие болған жоқ. Сәйкесінше, белгілі бір сарапшылардың мектептері жөнінде пікір айтуға әлі ерте. Бұған мүмкін эксперттердің арасындағы идеялық дүрдараздықтың орын алмауы себеп болып отырған шығар.
Кемшілігі – қазір Қазақстанда саясат ғылымына еш қатысы жоқ көптеген адамдар саясаттанушы атанып жүр. Мұндай құбылысқа жол бермеу үшін өткен жылы сараптамалық ұйымдардың Альянсы құрылып, оған жеті ғылыми-зерттеу орталығы енді. Оның құрамында біздің мекеме, яғни Орталық Азияны демократияландыру қоры да бар. Альянстың бір мақсаты – сарапшылардың зерттеу жұмыстарының сапасын барынша арттыру болатын.
– Қазақтілді саясаттанушылар мен орыстілді сарапшылардың өнімінде айырмашылықтар байқала ма?
– Айтарлықтай үлкен айырмашылық байқалады деп айта алмаймын. Дегенмен қазақтілді сарапшылардың, негізінен, көтеретін тақырыптарында, кейде көзқарастарында айырмашылық болып жатады. Дегенмен орыстілді және қазақтілді саясаттанушылардың екеуінің де соқтығып жатқан проблемалары ұқсас.
Алашқа айтар Датым!
Демократия – үлкен саясаттағы аймақтарға ықпал етудің, әлемдегі қоғамдық өмірдің стандарттарын қалыптастыру жолындағы аса тиімді құрал болып отыр... «Демократия экспорты» көп жағдайда, аймақтарда хаос пайда болдырып, түбі шешілмейтін даулар тудырып, теріс салдарын көрсетіп жатады. Сондықтан әлемдегі ірі державалардың риясыздығына шын сену қателік болуы мүмкін, ол – өткен күннің көзқарасы. Дегенмен «битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» дегендей, осындай саяси жағымсыз көріністерге бола демократиядан бас тартуға тағы болмайды. Бұл әсіресе жедел модернизацияны қажет етіп тұрған посткеңестік кеңістіктегі елдерге қатысты деп ойлаймын. Демократияға деген өзіндік көзқарас, өзіндік қарым-қатынас қалыптастыру керек. Қоғамның өзі шешім қабылдай алатындай, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретіндей деңгейге жету жолында, өзге стандарттарды көшіріп жатпастан-ақ еңбектенуге болады.
Автор: Сәкен КӨКЕНОВ
- Блогқа енгізу
- Басып шығару
- Хат жазу
Іздеу
Мұрағат
- Негізгі: Ұлттық батырларымызға шекеден қарауды қашан қоямыз?
- Саяси бюро: Күзге дейін қайта тіркелмеген діни бірлестіктің ел аумағындағы қызметі тоқтатылады
- Ой-көкпар: Отандық телеарналардың шетелдік бағдарламаларды ретрансляция жасауына шектеу қою мүмкін бе?
- Нарық: Коммуналдық қызмет сапасы арта ма?
- Қоғам: Кешегі министрдің бүгінге көзқарасы
- Дат!: Біз кешегіге өкпе артқанмен, бүгінгіге тәубә деп, ертеңгіге үміт артатын ұлтпыз
Бағамдар
| USD/KZT | 0 | 0% |
| EUR/KZT | 0 | 0% |
| RUB/KZT | 0 | 0% |
Ауа райы
Ұсынылды Gismeteo.Ru
| Күндіз | Түнде | ||
|---|---|---|---|
| Астана | -21...-19 | -25...-23 | |
| Алматы | -13...-11 | -15...-13 | |
| Павлодар | -21...-19 | -32...-30 |






Мақалаға қатысты пікірлер: