Ой-көкпар

Танымал тэгтер: , , , , ,

Қолданыстағы әскери шендерді ұлттық архаикалық шендермен алмастыратын уақыт жеткен жоқ па?

   0 760

Әр мемлекеттің өзінің әскери күштері бар. Онда сарбаздарға берілетін бұйрықтар да, әскери атақ-лауазымдар да, тіпті жауынгерлердің батырлығы үшін берілетін жоғары наградалы орден-медальдар да сол елдің ұлттық нышандарымен байланыстырылған. Бұл ретте басқа мемлекетті айтпай-ақ қояйық, мына тұрған көрші Моңғолияның өзінің қарулы күштерінде әскербасыларының жұлдыздарынан бастап, әскери таңба, әскери шендердің барлығы ұлттық нақышта өзгертілген. Осы тұста, құдайға шүкір дейік, Қазақстанның Қарулы Күштері де Орта Азиядағы ең жоғары қаржыландырылатын әскер екендігі белгілі. Тіпті Қарулы Күштеріміздің сарбаздарына көп жағдайда қазақша бұйрықтар да беріліп жатыр. Әскерде жүрген жауынгерлер қазақша марш пен өлеңдер айтуда. Енді әскери тәртіптің барлығы қазақшаланып жатқанда, «әскер шендерін де бұрынғы ата-бабадан келе жатқан атаулармен алмастыратын уақыт жеткен жоқ па?» деген сауалды мамандар талқысына салған едік.



Бақытбек СМАҒҰЛОВ, Ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары:


Иә

– Қазақстан Тәуелсіз ел болғаннан кейін, ондағы әскери шендердің барлығы да қазақы болуға тиіс. Сондықтан «әскери шендерді ұлттық архаикалық шендермен алмастыратын уақыт жеткен жоқ па?» дегенге мен «уақыт жетпек түгіл, асып кетті» деп жауап берер едім. Бірақ біздің жоғарғы қолбасшылардың көпшілігі әскери жоғары оқу орындарын Мәскеуде бітіргеннен кейін бұған немқұрайдылық танытатыны сөзсіз. Десек те, олар қазақ, кеуделерінде қазақ деген намысы болғаннан кейін, олар да әскери саланы түбегейлі қазақыландыруға атсалысады деген ойдамын. 


Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Өз тіліміз, өз дініміз, өз дәстүріміз бар. Сондықтан біздегі Қарулы Күштер саласындағы жүргізілетін бұйрықтар да, ісқағаздары да мемлекеттік тілде жүргізілуі – міндет. Бұл тіпті ұлттық сананы оятады. Кезінде бізге кеңес үкіметі орыс тілін қалай тықпалады? Кез келген ауыл баласы әскерге барса, міндетті түрде орыс тілін меңгеріп шығатын. Міне, осындай идеология жүрді. Енді біз неге осыны жүйелі түрде жүргізе алмаймыз? Егер осыны қолға алсақ, бұл еліміздегі кейбір тіл білмейтіндерді қазақ тіліне үйретуге таптырмас құрал болар еді. Неге? Себебі елімізде орыс, өзбек мектептері көп. Тіпті қазақ мектебін бітірген түлектердің арасында да өз ана тілін жетік білмейтіндер бар. Сондықтан оларды 18 жастан асып, әскерге жібергенде, әрбір әскери орындарда қазақ тілін насихаттау идеологиясы жақсы жүрсе, қазақ тілін білмейтін балалардың барлығы бір-екі жылда-ақ ана тіліне сусындап, тілді жақсы меңгеріп шығар еді. Сондықтан бұл – қазақ тілінің болашағы үшін өте қажет дүние. Әскерге барған жастарымыздың барлығы тек шендерге ғана емес, онда қазақ тілін үйрету мәселесі ерекше қолға алынса, болашақта елімізде қазақ тілі үстемдік алар еді. Бір өкініштісі – бізде алғаш рет ант қабылдағанда қазақ және орыс тілінде қатар жүргізетін болдық. Егер өз ана тілін білмеген адам ертең Отанын қорғайды дегенге сенуге бола ма? Мұндай екі тілде ант қабылдауға рұқсат беру ешқандай мемлекеттің тәжірибесінде жоқ. Сондықтан ант қабылдауды тек қана бір тілде жүргізуіміз қажет. Сонымен қатар «Товарищ полковник», «лейтенант», «сержант» дегенді қою керек. Оның барлығы – кеңес үкіметінің сарқыншағы. Мәселен, қазақта, бұрынғы түркілерде «взвод», «батальон» дегендер болмаған, есесіне, қазақтың әскери-әкімшілік шендері — «онбасы», «жүзбасы», «мыңбасы», «қолбасшы», «әскербасы» деп аталған. Тіпті Кенесары кезіндегі мемлекеттік әскери атаулар қатарына «мергенбасы» деген атау да енгізілген. «Мергенбасы» деп – құралайды көзге атқан ерекше отряд бастығын айтқан. Алайда кеңес кезінде осындай тілімізге қолайлы әрі ұғынықты атаулардан айырылып қалдық. Енді осының барлығын қайтадан қолға алу қажет. Тәуелсіз елдің өзінің ұлттық менталитетіне сай шендері болғаны дұрыс. Шендерді «онбасы», «жүзбасы», «мыңбасы» деп өзгерткеннен ешқандай қиындық жоқ. Тек құлық болса болғаны... Мен мұны әскерге қатысқан Қазақстанның азаматы ретінде және әскердің жай-жапсарын бір кісідей білетін байырғы жауынгер ретінде айтып отырмын. Өйткені мен көп мемлекеттерге бардым. Бұрынғы туысқан елдердің көпшілігі әскери таңба, әскери бұйрық, әскери шендердің барлығын өздерінің ұлттық нақыштарына сай өзгерткен. Ал біз әлі жүрміз. Сондықтан кеңес үкіметінен қалған сарқыншақтардан арылып, өзіміздің ұлттық символымызды, Тәуелсіз мемлекет екендігімізді айғақтайтын ұлттық архаикалық шендермен алмастыру қажет.



Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері, тарих ғылымының кандидаты, доцент:


Жоқ

– Бұл сұрақ өте күрделі мәселені қамтып отыр. Өйткені Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл болса да, бірнеше ғасыр бойы жоғалтқан дүниелерімізді айналдырған 20 жылдың ішінде қалпына келтіремін деу уақыт жағынан әлі ертерек секілді. Тіпті қазірдің өзінде Конституциямызда «қазақ тілі — мемлекеттік тіл» деп жазылғанымен, оның жанына «орыс тілі қатар қолданылады» деп бадырайтып қойдық. Осы тұрғыдан келгенде, әлі тілімізді толық пайдалана алмай, орыс тілінен қағажу көріп отырғанда, әскери шендерге байланысты атауларды өзгерту, қазақыландыру, менің ойымша, әлі ертелеу секілді. 


Оның үстіне, лейтенант, сержант, майор, полковник, генерал, маршал дегендер – орыстардан емес, Еуропада пайда болған терминдер. Қазір мұндай әскери атақтар мен лауазымдарды дүниежүзінің 90 пайызға жуық мемлекеті қолданады. Енді біз Тәуелсіздік алдық деп, бұдан біржолата бас тарту, меніңше, көп жағдайда түсініксіздік туғызатын секілді. Онымен қоса, орта ғасыр мен қазіргі жағдайды мүлдем салыстыруға келмейді. Ол кезде заман басқа, заң басқа болды. Орта ғасырдағы әскери терминдердің көпшілігі Шыңғыс ханның тактикасымен жүзеге асқан болатын. Ал қазір кәсіби әскер құрылды. Қазіргі таңдағы қорғаныс жүйесі – дүниежүзілік ұйымға мүше болған халықаралық деңгейде әрекет ететін үлкен құрылым. Сондықтан бұған ескі терминдерді қосу дұрыс емес деп ойлаймын. Қазір біз бүкіл дүниежүзіне танымал мемлекет болғаннан кейін, барлық елдермен байланысты нығайту үшін халықаралық терминдермен жүргеніміз орынды.

Онымен қоса, жасыратыны жоқ, әлі күнге дейін біздің әскерлерде орысша немесе еуропалық терминдер қатар қолданылады. Тіпті бұйрықтардың берілуі де орысша жүргізіледі. Сонымен қатар біздің әскери саладағы жоғарғы қолбасшылардың, полковниктен бастап, генералдарымызға дейін, барлығы әскери жоғары оқу орындарын Мәскеуде бітірген. Олардың көпшілігі орыстілді тактикаларды жетік меңгерген. Сондықтан әскери шендерді қазақыландырамыз деп, түрлі түсінбестіктерге ұрынып қалуымыз мүмкін. Меніңше, бұл жерде халықаралық терминдерден қашудың керегі жоқ секілді.


Бейтарап пікір


Ким СЕРІКБАЕВ,

әскер ғылымының профессоры, запастағы полковник:

– Әрине, шендерді ұлттық нақышқа сай өзгерткеніміз дұрыс. Жастардың рухын көтеру үшін ата-баба дәстүрлеріндегі рух беретін, күш беретін символикалық нышандардың болғаны жақсы-ақ. Бірақ бұған өте мұқият қарап, терең зерттеуіміз керек. Қазір бірден шендерді өзгертіп тастайтын болсақ, көпшіліктің арасында түсінбеушілік пайда болады. Сондықтан мұны ақылмен шешіп, бірте-бірте енгізгеннен ұтарымыз көп болатыны сөзсіз.

 

Автор: Серік Жұмабаев

Мақалаға қатысты пікірлер:

Пікірдің қосылуы

29 шілде 2010, 06:48
Рейтинг:  

Іздеу

Мұрағат

8 ақпан 2012
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
  1234567891011121314151617181920212223242526272829    

Бағамдар

Валюта бағамы 01.01.1970
USD/KZT 0 0%
EUR/KZT 0 0%
RUB/KZT 0 0%

Ауа райы

Болжам 08.02.2012
Ұсынылды Gismeteo.Ru
  Күндіз Түнде  
Астана -16...-14 -22...-20
Алматы -12...-10 -17...-15
Павлодар -16...-14 -17...-15